• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 01:35:22
+35°

16 Мамыр, 2019 Әдебиет

Кішкентай ханзада: Экзюпери туралы біз білмейтін құпия

Мен өзімнен кейін керемет естеліктер қалғанын және сендердің менің бар болмысымды ұмытпай сақтағандарыңды қалаймын...

Кішкентай бүлдіршіндердің барлығы күнделікті өмірді ертегідей қабылдайды. Алайда, есейгеннен кейін бұл қасиеттің жоғалатыны өкінішті. Кішкентай Антуанға (де Сент-Экзюпери) да ертегі әлеміне қанат сермеу үшін, ескі велосипед пен бірнеше жамылғы болса жеткілікті еді. Ол арада ондаған жылдар өтіп есейсе де өзінің қиялындағы әлемді жасады. Тіршіліктің шырмауына кірген адамдардың арасынан ондай адамды табу қиын, бірақ оны анықтаудың жолы бар: оларға қалпақтың суретін көрсетіңіз. Егер олар суреттен тек қана қалпақты емес, пілді жұтқан жыланды байқаса, құттықтаймыз: сіздің алдыңызда өзінің бұрын бала болғанын ұмытпаған ересек адам тұр.

кішкентай ханзадаКішкентай ханзада

Бұл өмірде мені бір нәрсе ғана алаңдатады – біз есеюге мәжбүрміз

Антуан де Сент-Экзюпери 1900 жылы 29 маусымда Францияның Лион қаласында дүниеге келген. Ол сақтандыру инспекторы Жан-Марк пен Мари Марктың бес баласының бірі. Кішкентай кезінде әкесі ерте дүние салса да, ол үшін балалық шағы тәтті естеліктерге толы еді. Ол арманның жетегінде жүрген балалық шағын мәңгі жүрегінде сақтады. Экзюпери Кішкентай ханзаданың образын жасаған кезде сол сәттерді есіне алды.

Тонионың өмірі (үйдегілер оны солай атайтын) 12 жасында өзгерді. Кішкентай балақай сол кезде алғаш рет ұшақпен ұшқан еді. Ол өзіне үнсіз баурайтын аспан әлеміне шексіз ғашық болып, есейгенде ұшқыш болам деп армандады. Ол ұшуды әскерде жүріп үйренді. Ұшудан ләззат алып, шабыттың шалқарында жүрген Антуан жазуды да бастады. Өзінің алғашқы «Оңтүстік пошта» атты романын ұшқыш болып, Африканың солтүстік жағалауына пошта тасыған кезде жазған. Авиация мен әдебиет – Антуанның мәңгілік махаббаты еді.

«Кішкентай ханзадада» ертегісіндегі Раушан кім?

Кішкентай ханзада

1930 жылы Антуан де Сент-Экзюпери өзінің болашақ жары – Консуэломен танысты. Сүйікті жары «Кішкентай ханзада» ертегісіндегі Раушанның прототипі болған.

 Олардың сезімі өзгеше еді. Жазушының жақын досы: «Араларында ерекше құштарлық, нәзіктік, адам нанғысыз махаббат болды. Бірақ, бір-бірін ерекше жақсы көретін адамдардың отбасылық өмірде бақытсыз болғанын мен ешқашан көрген емеспін», - деп таңданысын жасырмаған. Экзюперидің өмірбаянын оқып отырсақ, ол адал жар ретінде сипатталады. Ал әйелі өте ерке, барлығына жеңіл қарайтын адам ретінде қарастырылған. Консуэло болса «Раушанның естеліктері» атты мемуарында өзін күйеуінің әрбір қателігін кешіретін, шынайы сүйетін және әрдайым күтуге дайын болғанын жазады. Алайда отбасылық өмірінің шынайы жағдайын ол өз кейіпкерлері арқылы керемет суреттеген еді. Ол танымал ертегісінде: «Кішкентай  Ханзадаға Раушанның кейбір қылықтары ұнамаса да, одан сүйікті және қымбат гүл жарық әлемде болған емес», - деп бір сөзбен суреттейді.

«Кішкентай ханзада» ертегісіне арқау болған оқиға

Ол ұшақпен Парижден Вьетнамға дейін ұшып баруды армандап өткен. Алайда жеткілікті ақша жинап, жолға шыққан кезде бұл арманы оның өмірін қия жаздады. Жарты жолда, шөл даланың ортасында ұшағы апатқа ұшырады. Жазушы ғажайыптың арқасында аман қалды.  Оны сол жердің жергілікті көшпенді халық тауып алған болатын.

Бұл оқиғадан «Кішкентай ханзада» ертегісінің желісін бірден байқауға болады. Сахараға қонуға мәжбүр болған ұшқышқа беймәлім бала келіп, былай  деп сұрайды: «Өтінемін... Маған қозының суретін салып берші!». Және бұл кездесу екеуіне де керек еді.

«Кішкентай ханзада» қай кезде жазылды?

Экзюпери өзінің танымал шығармасы «Кішкентай ханзаданы» 1940 жылы нацистермен соғыс кезінде жазған. Достарының «соғысқа қатыспа» деп үгіттеуіне қарамастан, «барамын» деп қасарысып тұрып алған.

Экзюперидің балалық шағы соғыс зардаптарын еңсеруге көмектесті, әлем тас-талқан болған кезде, адамдарға: «Көздер соқыр болып келеді. Тек жүрекпен іздеу керек», - деп ескертті.

Соғыста Франция жеңіліс тапқаннан кейін жазушы АҚШ-қа кетті. Сол жерде жүріп «Кішкентай ханзаданы» аяқтады. Алайда ол өзге елде өмір сүре алмады. Аспанға деген құштарлық пен Отанға деген маххабат оны баурап тұрды. 1943 жылы ол қайтадан әскери бөлімшеге алынды.

Соғысқа оралмас бұрын, журналист досы - Сильвиа Гамильтон Рейнхардтпен жолығып, «Кішкентай ханзаданың» қолжазбасын табыстап кетті де: «Мен өзімнен кейін керемет естеліктер қалғанын және сендердің менің бар болмысымды ұмытпай сақтағандарыңды қалаймын», - деген екен. Жазушының шығармасын зерттеушілер ертегідегі Түлкінің прототипі Сильвиа болған деседі.

1944 жылы Антуан де Сент-Экзюпери ұшақпен барлау сапарына аттанып, содан қайтып оралмады.

Кішкентай ханзада

Ересектерге арналған ертегі

Ұзақ уақыт бойы оның өлімі жайлы ешбір дерек болған емес. Ол Кішкентай ханзада сияқты өз мекеніне – өзінің арманындағы әлеміне оралды. 1988 жылы жергілікті балықшы Марселяға жақын маңдағы теңізден француз жазушысы мен оның әйелі Консуэлоның есімдері жазылған білезікті тауып алады.

«Кішкентай ханзада» ертегісінде автордың арманшыл әлемі суреттелді. Шығармада Экзюпери өзіне қымбат жандар мен неге көбірек сенетінінің барлығын баяндады. Боямасыз шындық айтылған ертегіні бүгінде үлкендер оқиды. Өйткені ол ертегі болғанмен, үлкендерге арналып жазылған еді. Әрбір үлкен адамға өзінің бала болғанын ескертетін шығарма болатын.

Ұшқыш, әрі жазушы Антуан де Сент-Экзюпери өзінің балалық шақтағы естеліктерін ұмытқан емес. Сол себепті де ол бүгінде миллиондар сүйіп оқитын ертегіні өмірге алып келді. Автордың өмір жолымен танысқаннан кейін, әлемдік әдебиеттің жауһары «Кішкентай ханзада» ертегісін жазу тек Антуан де Сент-Экзюперидің ғана қолынан келетініне көз жеткіземіз.

Ал сіз бұл ертегіні алғаш қай жасыңызда оқып едіңіз? Сол кезде өзіңізге не түйдіңіз және «Кішкентай ханзада» ертегісі туралы қазір не ойлайсыз?

Дайындаған: Маржан Сәбет

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір