• USD 383.43
  • EUR 429.83
  • RUB 5.96
  • CNY 55.39

17 Мамыр, 2019 Айтты-ей, бауырың!

Нәзір Төреқұлұлы: Біздің қазақтың шала оқығаны "-ов"-қа жерік

Осы күнге шешілмеген бір мәселе –  қазақ аты-жөнінің орысшаланып жазылуы.

Осы күнге шешілмеген бір мәселе –  қазақ аты-жөнінің орысшаланып жазылуы деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Бұл мәселе жөнінде "Темірқазық" журналын шығарушы Нәзір Төреқұлұлы: "Біздің қазақ хат жазып, қол қойса, кісі атын жазса орысшалап кетеді: "Жаманбай Аманбайов" деп жазады. Жаманбай хат жазып, қол қойса, өзіде "Аманбаев" деп қол қояды. "-ов", "-ев" деп жазып отырған жігіттердің өздері сөйлегенде Жаманбайдың өзін ғана айтады. Біздің түркі тілінің салты, заңы осы: бұрынғы атақты билер бізге белгілі өздерінің ғана аттарымен Төле би, Қаз дауысты Қазыбек, Едіге, Мамай, Ноғай, Жәнібек, Әйтеке... бұлардың кімнің баласы екенін өз елі ғана біледі. Бұрынғы батырлар да өз аттарымен аталған – не пәленнің ұлы деп аталған: шора батыр, Алпамыс батыр, Орақ батыр, Қарақыпшақ Қобыланды, Ақ балтыр ұлы Уақ, Мәжнүн ұлы Шуақ, Кеңес ұлы Кенжебай,Бізбен жақын түрік- Стамбұлдағы. Тарих бұларды біздің қаңлы дейді. Қазақ ішінде қаңлы руының көбі Жетісуда. Түріктің тіл салты дәл біздікі сияқты: бұлардың атақты азаматтары өз аттарымен ғана аталады...Біздің қазақтың шала оқығаны "-ов"-қа жерік. "-ов"-пен атын жазса, білгіш бола қалады. Төрелік білгіштік "-ов"-та ғана емес екенін мещанин қайдан білсін?! Газет, журнал, жаңа кітап жазған көсем азаматтар, кеңселер қазақ тілінің салтына , заңына түссе, "ов"-ты ақы иесіне қайтарып, Тіленші ұлы Алтынбай, Өскенбай ұлы Құнанбай, Құнанбай ұлы Абай деген жолға түссе, жұртымызбен ойласуға оң болады", - деп жазған екен.

Азаматтардың тегін, атын және әкесінің атын жазу Қазақстан Республикасының Конституциясымен, 27.12.1994 жылғы Азаматтық Кодекспен, "Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 02 сәуірдегі №2923 Жарлығы, 26.12.2011 жылғы "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы" Заңымен реттелген.

Бұл заңдар бойынша қазаққа тегін(фамилиясын) ұлттық дәстүрге сай алуға болады делінген. Қазіргі таңның өзінде тегі "-ов" пен "-ев"-қа аяқталатын қазақтардың саны жетерлік. Бұл халықтың санасына сіңіп, үйреншікті болып кеткен секілді. Олар тіпті тегінің орысшаланып тұрғанына мән де бермейді.

Осы "тек" туралы сөз болғанда Бауыржан Момышұлның ерлігіне, намысшылдығына қайран қаласың.

"Кеңес заманында Коммунистік партияның көсемдерінің бірі Анантас Микоян қазақ халқының қаһарманы Бауыржан Момышұлын қабылдайды. Әңгіме барысында Микоян Бауыржан Момышұлына сұрақ қойыпты: "Осы сенің фамилияң неге "Момышев" емес? "Момышұлын" қайдан тапқансың?" Бауыржан атамыз тайсалмастан: "Сіздің фамилияңыз неге "Микоев" емес? Сондықтан менің фамилиям "Момышұлы",-деп жауап қайтарыпты. Ұлттық намысы үшін осындай қадамға барған Бауыржан атамыздың батылдығын сонау заманда "Темірқазық" жанын сала айтқан екен. 

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

0 пікір