• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 09:06:29
Алматы
+35°

17 Мамыр, 2019 Саясат

Ринат Заитов кімге қапалы?

Ақын желідегі жазбасында өзінің дәл осындай саяси немесе әншілер туралы айтқан сөздері ғана жиі тарайтынына өкініш білдірген.

Жуырда айтыскер ақын Ринат Заитовтың "Бір елде бір мырза бар" деп басталатын өлеңі желіде қызу талқыға түскен болатын. Айтыста билікке қаратып айтқан шымыр шумақтарымен қалың бұқараның ықыласына бөленген ақын өзінің Instagram желісіндегі парақшасы арқылы осы өлеңіне байланысты пікір білдірді деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Алдымен ақынның қызу талқыға түскен өлеңін ұсынайық:

"Бір елде бір "Мырза" бар уайымы жоқ,
Сөзінің шындығы аз, ойыны көп.
Көзінің дүниеге тойымы жоқ,
Өзінің қауымына қайыры жоқ. 

Бір елде бір "Мырза" бар тайраңдаған,
Елінің ертеңі үшін ойланбаған. 
Табаны тиген жерді ойрандаған, 
Ешқашан əділдікпен сайланбаған. 

Бір елде бір "Мырза" бар қала салғыш, 
Тарихты қолдан жасап ала салғыш. 
Жан болса ағат кеткен жерін айтқан, 
Аямай абақтыға сала салғыш. 

Бір елде бір "Мырза" бар той тойлағыш, 
Өз-өзіне тамсанып пай-пайлағыш. 
Орайы келмеседе ұрандатып, 
Маңайы атын айтып айқайлағыш. 

Бір елде бір "Мырза" бар қажымаған, 
Туысы ұры-қары, уəзірі арам. 
Жұлып жеуді жұмысқа айналдырған, 
Ұлтына құдай берген қазынадан. 

Бір елде бір "Мырза" бар ақын,батыр, 
Ешкімнің дəті жетпес қатуға тіл. 
Пайдаға өлшемі жоқ батып жатыр, 
Себебі Елін Жерін сатып жатыр. 

Бір елде бір "Мырза" бар сарайы көп, 
Сарайларда қол сүйгіш малайы көп. 
Жалпының сүйіктісі көрінгенмен, 
Халқының оңалатын орайы жоқ. 

Бір елде бір "Мырза" бар төсек құмар, 
Алу мен көбейтуден есеп құрар. 
Өзінің қорасында тұрмаса егер, 
Ат түгілі пырақтыда есек қылар. 

Бір елде бір "Мырза" бар көзі жүйрік, 
Баршаға əрбір айтқан сөзі бұйрық. 
Ол кісінің атымен қатар қойып,
Алланы атағанның өзі "ширік". 

Мырза жоқ ешбір елде ғажап мұндай, 
Момын жұртын тоздырған қажып тынбай. 
Жаратқаным сол бір елді мазақ қылмай, 
Мейірімсіз мырзасынан азат қылғай"

Ақын желідегі жазбасында өзінің дәл осындай саяси немесе әншілер туралы айтқан сөздері ғана жиі тарайтынына өкініш білдірген. 

Ринат Заитов

"Бірнеше күннен бері осы шумақтар жайында сұрақ қойғыш адамадар көбейіп кетті. Неге екен?... Жалпы менің айтылған, жазылған сөздерімнің ішінен ең көп тарайтыны не саяси,не әнші-бишілер жайындағы сөздер. Өкінішті... Туған жерім, ұлтым, адамдық хақында айтылған сөздерімді қыстырып жатқан қазақ жоқ. Бәрінің аңдығаны интрига. Сосын келіп жаны ашитын адамның маскасын киіп: "Қысым көрсетіп жатқан жоқ па?", "Байқашы әйтеуір " деп айтқыштар тағы бар. Шынтуайтына келгенде маған бірдеңе болса, "Заитовқа бүйтіпті", "өзі айтты" деген өсекті алғашқы болып таратуға деген құлшыныс. Әйтпесе, осындай сөздерді тауып алып, сықитып суретіңді қойып, жанталаса таратуға не түрткі дейсің?!

Тіпті, көшеде көре сала суретке түсейікші, сені жақсы көремін дегіштерге суретке түсетін күйде емеспін деп қалсаң, қарғап-сілеп, айтпағанды айтып кететін жандардікі махаббат қой деймісің?! Амал нешік көнемін. Жанымды қынжылтатыны біздің қазақтың айтқаныңды тоқымай жатып таратып, өзі мақтану үшін сені өтірік жақсы көремін деп алдауға құмартып кеткені. Қайран қазағым-ай... Сонда да сүйемін сені", - деп назын айтқан ақын жазбасын мынадай өлеңмен түйіндепті:

"Ұл бол десең, ұлыңмын,

Құл бол десең, құлыңмын!     

Аңдығандар арысы мен берісін.

Алтындады жаға түгіл жең ұшын.

Талтаңдаймын есе бермей соларға

Кедейліктің киіп алып кебісін.

Жерігендер біржолата жерісін

Абыройым артсын, мейлі кемісін

Сайқал дүние үшін бірақ ешқашан,

Сайтанменен жасамаймын келісім.

Көңіл-көктем жырдан төксе жемісін

Әрбір сөзім Алла берген жеңісім.

Мен өмірге келген жоқпын жем үшін,

Мені шешем туып берген ел үшін"

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір