• USD 383.43
  • EUR 429.83
  • RUB 5.96
  • CNY 55.39

20 Мамыр, 2019 Әлеумет

Дау-дамай өршіп тұр: Тұрғындар қаражатты қалтаға басқан серіктестікке наразы (Видео)

"Тұрғындар жиналыс жасағалы жатыр" деген хабарды естіп, төрт блоктан тұратын тұрғын үй кешеніне біз де жеттік ентелеп.

Алматының еңселі көшелерінің бірі Бұқар Жырау гүлзарының бойында, Есентай өзенінің жағасында орналасқан "Бұқар Жырау Тауэрс" тұрғын үй кешенін алматылықтардың бірқатары білуі тиіс. Бүгін сол кешен тұрғындары үрдіске айналып кеткен кезекті жиналысын жасады.

"Тұрғындар жиналыс жасағалы жатыр"  деген хабарды естіп, төрт блоктан тұратын тұрғын үй кешеніне біз де жеттік ентелеп. Биік әрі алып қорғандар арасындағы алаңқай іспетті орында бірнеше адам қарасы байқалады. Микрофондар, үстелдер қойылыпты. Ұйымдастырушылар жағы қарбалас көрінеді. Әрбірінің құшағында бір-бір папқа қағаз.

Көптен күткен жиналысымыз да басталды. Ұзын саны елу-алпыс адамды жуықтайтын жиын мүшелері жиын басталысымен-ақ өз уәждерін айта бастаған. Бірақ бұл жиын өте тиянақты ұйымдастырылған екен. арнайы регламенті, жарғысы бар дегендей.

Ресми жиындардың ізімен алаңқайда өткен жиналыс та өз төрағасын сайлаудан басталды.

"Құрметті, көршілер! Мен №490 пәтер тұрғынымын. Есімім – Шаймағамбетов Марат. Осы жиынның ұйымдастырушысы ретінде жиналыс төрағасы етіп Махметов Мирболатты және оның хатшысы қылып Макарова Еленаны сайлауды ұсынамын", - деп басталды даулы мәселені шешуге жиналған көпшіліктің басқосуы.

Осыдан кейін жиналыс төралқасы күн тәртібіндегі мәселелер мен талданатын мәселелер тізімін жариялады.

Осы тұста сөз иірімінде айта кетелік, "Бұқар Жырау Тауэрс" тұрғын үй кешені 10 жылдан астам уақыт шеңберінде "Адал Сервис" ЖШС басшылығында болған. Осы мерзім ішінде аталмыш жауапкершілігі шектеулі серіктестік тұрғындардың көңілінен шығудың орнына олардың наразылығын туғызған.

Қазір тұрғын үй кешенінің тұрғындарының көпшілігі жиі жиналып, өздерін өздері басқаруды, яғни, ПИК (Пәтер иелерінің кооперативі) құру мәселесін талқылап келеді.

Бүгінгі біз барған ауқымды басқосу да осы мақсатта ұйымдастырылған. Қазір тұрғындар пікірі екіге жарылып отыр. Бір бөлігі "Адал Сервис" ЖШС басшылығында қала беруді дұрыс деп тапса, екінші бөлігі ПИК құруды жөн санайды.

Бүгінгі жиыннан бұл екі бағытқа қарсы үшінші топтың да пайда болғанын байқадық. Ірі топтардың пікірімен келіспей, жиынның шырқын бұзған бірлі-жарым адам жаңадан құрылғалы отырған ПИК басшылығына "Бұқар Жырау Тауэрстің" тұрғыны Берік Орынтайұлының келгенін қаламайды. Ал әлгі ПИК құруды мүдде тұтып жүрген тұрғындар тобының төрағалыққа ұсынып отырған жалғыз кандидаты – осы Берік Орынтайұлы есімді азамат.

Жиынға тек тұрғындар ғана емес, журналистер, сондай-ақ Алматы тұрғын үй саясаты коммуналдық мемлекеттік мекемесінен арнайы өкіл қатысты.

"Заңнамаға сәйкес, тұрғындардың өз таңдауын жасауға құқығы бар. Сондай-ақ, ірі тұрғын үй кешендерін белгілі бір ЖШС немесе тұрғындар арасынан құрылған ПИК басқаруы тиіс. Сіздердің тараптан осы ғимаратты 10 жылдан аса уақыт басқарып келген "Адал Сервис" ЖШС үстінен Алматы қалалық тұрғын үй саясаты басқармасына арыз-шағым келіп түсті.

Әкімшілік басқару мекемесінің өкілінен кейін мінбер тізгіні тұрғындар уысына өтті.

"Қайырлы күн, құрметті көршілер! Менің есімім – Жомартова Әлия. №427 пәтер тұрғынымын. Құрметті көршілер, міне, біршама уақыттан кейін біздің үйімізді «Адал Сервис» ЖШС басқарып келе жатқанына 11 жылдың жүзі толады. Осы уақытқа дейін аталған серіктестік тұрғындарға ешқандай есеп берген жоқ. Жинап жатқан қаражатымыз да аз ақша емес. Біздің жинаған қаржымыз бір қалтаны байытуда. Біздің ақшамыздың есебінен көрші тұрған "Престиж" және "Мечта" тұрғын үй кешендерін тұрғызды. Біз бұған көз жұма қарай алмаймыз. Мен өзіміз басқаратын ПИК-ті құруды қолдаймын", - деді тұрғындардың бірі Жомартова Әлия.

Сондай-ақ, электр жүйесінің көрші ғимараттарға заңсыз таратылуы мен күзет агенттігінің салғырт жұмысы, жеделсатының заңсыз тартып алынуы да тұрғындардың ызасын келтіреді. Ал бұл сұрақтарға жауап беруге "Адал Сервис" ЖШС басшылығы құлықсыз.

"Менің есімім – Ғалым Мейрам. №427 пәтер тұрғынымын. Мені тұрғындардың басым көпшілігінің ПИК құруға деген қолдауы қуантады. Біздің 4-блоктағы жағдай тіпті мүшкіл. Тұрғындардан жеделсаты заңсыз тартып алынды. Ал біз ай сайын "Алматы Лифт" мекемесіне жеделсатыны қолданғанымыз үшін ақша төлеп келеміз. Біздегі жұмыс жасап тұрған жеделсатыны 30 минут күтеміз. «Адал Сервис» ЖШС басшылығы бұл мәселеге бас ауыртқысы келмейді. Сондықтан, мен Берікті және ПИК-ті қолдаймын», - деді микрофон алған Ғалым Мейрам есімді тұрғын.

Мәселенің түбін қазбалай берсе, таусылар түрі жоқ. Бас-аяғы бір сағатқа жоспарланған жиын екі жарым сағаттан астам уақытқа созылды. Айтылуы тиіс тағы бір сұмдық жағдай – бірнеше миллиондар тұратын электр энергиясы желісінің көрші ғимараттарға заңсыз таратылуы.

"Мен де ПИК құруды және оны Берік Орынтаевтың басқаруын қолдаймын! Біз ай сайын электр энергиясын қолданғанымыз үшін қомақты қаражат төлейміз. Бізге белгілі болған ақпараттарға сүйенсек, жалпы көлемі 9 миллион теңгені құрайтын электр энергиясының желісі көрші ғимараттарға таратылған. Ал ол ғимараттар "Адал Сервис" ЖШС еншісінде. Біздің қаражатымыз өзге қалталарға құйылуда. Бұған кейбір көршілеріміз сенгісі келмейді. Мен айтқан фактіні біздің тұрғын үй кешеніміздің арнайы мамандары да растайды. Мен жем болуды қаламаймын", - деді сөз алған №190 пәтер тұрғыны Виктория есімді азаматша.

Азаматтарға адалдық танытуды мүдде ететін "Адал Сервистің" атауын антонимдік мағынаға автоматты түрде өзгертіп беретін сорақылықтардың соңы емес бұл.

"Мен де ПИК-ті қос қолымды көтеріп қолдайтын тұрғынмын. Мен мына нәрсені айтқым келеді. "Адал Сервис" ЖШС жалдап отырған күзет агенттігі біздің көршіміз және ПИК-ке қарсы азамат Шоханның еншісінде. Қазір біздің қауіпсіздігіміз жеткілікті деңгейде қолданбайды. Аулаға кім көрінген кіре береді. Ал серіктестік тарапынан бұл мәселеге ешқандай шара қолданылмай келеді. "Қарға қарғаның көзін шұқымайтыны" анық қой. Осы себепті біз ПИК құрып, тұрғындар талабын қанағаттандыратын күзет агенттігін құруды көздейміз", - дейді №304 пәтер тұрғыны Азима есімді азаматша.

Қос пікірдегі тараптың қолдаушылары бір-бірімен қызылкеңірдек болып дауласып, ортақ мәмілеге келе алмады.

Жиынға келгендер арасында "Адал Сервис" ЖШС өкілі де болды. бір құшақ қағазын қолтықтап, халықты тағы да өздеріне икемдеуге тырысқан азаматшаны тыңдар құлақ табылмады.

Шара соңында көпшіліктің ұсынысына иелік етіп отырған тұрғын Берік Орынтаев көршілерін сабырға шақырып, тұрғын үй кешеніндегі олқылықтардың орнын толтыру баршаға ортақ мақсат екенін жария етті.

Мүдде ортақ, бағыт алуан түрлі. Бұл даудың басталғанына біршама уақыт болды. Қашан ортақ шешім таппақ?!

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

0 пікір