• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 18:04:07
Алматы
+35°

20 Мамыр, 2019 Сұхбат

Сағындық Сатыбалдин: Біз "піспеген, шала" реформаларды тәжірибеде қолданып отырмыз

"Піспеген, шала" реформаларды тәжірибеде қолдану арқылы біз өрістеп, өркендей алмай отырмыз...

Қазіргі уақыттағы еліміздің экономикалық ахуалы, халықтың сұранысы және ішкі, сыртқы экономикалық оқиғалар һәм өзгерістер туралы экономика ғылымының докторы, ҰҒА академигі Сағындық Сатыбалдинмен әңгіме-дүкен құрғанбыз. 

Qamshy.kz ақпарат агенттігі кезекті сұхбатты оқырман назарына ұсынады. Оқыңыз! Өкінбейсіз!

– Сағындық Сатыбалдыұлы, бізде жоғары технологияны өз елімізде қолдануда иинновациялық жобалардың жұмысы әлі де шабан. Осы тұрғыда сіз не айтар едіңіз?

– Бұл жерде біздің бірінші ескеретін тұсымыз, ілім-білім саласы болуы керек. Кез келген мемлекеттің экономикасы да, мәдениеті де, әлеуметтік ахуалы да тоқыған біліміне сәйкес дамиды. Біз бірнеше жыл қатарынан елде инновацияның дамуына, жоғары технологияның әлеуеті артуына жағдай жасауды мақсат тұтып келеміз. Өкінішке қарай, біздегі ілім-білім саласының жұмысында олқылықтар көп. Рас, Білім және ғылым министрлігі ғылымды, білімді өркендетуде біршама реформаларға реңк беруде. Бірақ солардың қайсыбірінің шикілігінен істің нәтижесін көре алмай отырмыз. Былайша айтқанда, "піспеген, шала" реформаларды тәжірибеде қолдану арқылы біз өрістеп, өркендей алмай отырмыз...

- Демек, инновациялық даму жолында да науқаншылдық басым болғаны ғой...

 – Біздің инновациялық даму жолында ұстанып отырған бағытымыз дұрыс. Бірақ инновацияның дамуы тағы сол ғылымға келіп ат басын тірейді емес пе? Бұл жерде үндемей қалуға тағы болмайды. Мәселен, Білім және ғылым министрлігі "Ғылым туралы" заңның жобасын әзірледі. Ол заң жобасы ғалымдар бас қосқан жерлерде біраз талқыланды. Өкініштісі – өзі "Ғылым туралы" заң бола тұра, сол заң жобасында ғылым мен ғалымның қоғамға қажеттілігі туралы тұшымды бап жоқ. Қажет десеңіз, ғалымның жалақысы турасында, отандық ғылымды қолдау турасында да оңды дүние кезікпейді. Кез келген елдің индустриясын, инновациясын жетілдіретін сала – ғылым. Бізді өшіретін де, өсіретін де – осы ғылым саласы. Есі бар ел бірінші ғылымға қолдау білдіреді. Ал бүгінде біз, керісінше, "ғылым докторлары мен кандидаттарын PhD әдісі бойынша дайындауымыз керек" деп докторантура мен аспирантураны қажетсіз еттік. Мен кезінде "керемет" деп жүрген сонау Америкада бірнеше жыл қатарынан білімімді жетілдірдім. Сол Американың өзі PhD әдісінің тиімсіздігін, сапасының төмендігін ендігі зерттеп біліп алды. Іргеміздегі Ресей де докторлар мен аспиранттар дайындаудан бас тартып отырған жоқ. Біз келіп аз ғана уақыттың ішінде PhD әдісі арқылы ғылымды жетілдіргіміз келеді. Тәуелсіздік алғалы бері біз ғылым-білім саласына эксперимент жасаудан шаршамай келеміз. Өз басым зауыт-фабрикаға, өндіріс орындарын ашуға, өнім шығару кезінде эксперимент жасау керектігін түсінемін. Ал ғылым-білім саласын эксперимент құралы етуден абай болғаны жөн. Ғылым дегеніңіз – ол тұтас бір мемлекеттің миы. Сол мемлекеттің миы дамымай, біз индустриясы дамыған, инновациясы өркендеген ел бола алмаймыз. Сондықтан біздің Үкімет технологиялық қуатты, индустриялық жетілген ел боламыз десе, ғылымды қолпаштаудан жалықпауы керек...

 – Соңғы кезде шенеуніктердің кандидаттық, докторлық қорғауы жиілеп барады. Осы шенеуніктердің ғылыми атаққа құмартуын сіз қалай бағалайсыз?

– Сол ғылыми атағы бар шенеуніктердің қандай да бір ғылыми жұмыспен айналысқанына өз басым күмәнданамын. Негізінен, мемлекеттің жұмысын істеп жүрген адамның ғылыммен айналысуы мүмкін емес. Бұл бесенеден белгілі. Демек, біздің ғылыми атағы бар шенеуніктер не мемлекеттің жұмысын істемей, ғылыммен айналысады. Болмаса, олар ғылыми атақты басқа жолмен алады. Көрдіңіз бе, біздегі ғылымның даму түрі осындай... Ғылымдағы "әке, көке" деген көзқарас арылмайынша, шынайы ғалымның еңбегі еленбейді. Ғалымның еңбегінің еленбеуі ол қоғамды селк еткізетін жаңалықтардың тұншығуына апарып соқтырады. Сондықтан біз осы келеңсіздіктен арылуымыз керек. Ғылымда мөлдірлік, ашықтық болуы керек. Сонда біз дің экономикалық өсуіміз де жеңілдейді.

- Сізді отандық сарапшылардың біразы мұнай-газ саласын жетік меңгерген ғалымдардың алдыңғы сапына қосады. Жалпы, қазіргі мұнай-газ саласындағы қадамдарымыз турасында не айтар едіңіз?

 – Мұнай-газ саласы туралы сөз еткенде, мен бірінші кезекте елінде бір тұтам мұнайы жоқ Беларус еліне қызығамын. Беларустерде мұнай жоқ, керісінше, мұнай өңдейтін зауыттары баршылық. Олар біз тәрізді шетелге шикі мұнай сататын елдерден шикізат сатып алады да, оны өңдеп, өзімізге қайта қымбатқа сатады. Қазір ірі компаниялар көктемгі егіс кезінде немесе күзгі науқан тұсында ананы-мынаны сылтауратып, мұнай өндірмей қояды. Содан барып жанармай сатушылар қамбада жатқан жанар-жағар май бағасын шарықтатып қымбаттатады. Айналып келгенде, мұның зардабын тартатын – қара халық. Егер біз елдегі мұнай-газ саласының жұмысы жөнге қойылсын десек, а) бірінші, елдегі мұнай өңдейтін алпауыт компанияларды мемлекет тез арада өз қарамағына алуы керек; ә) елде мұнай өңдейтін шағын зауыттар салынғаны жөн. Бұл жылда қымбаттайтын жанар-жағармай бағасын тізгіндеуге сеп болады; б) мұнайдан түскен түсім, сатылған мұнайдың қаржысы қатаң бақылануы тиіс. Бірінші кезекте осы үш бағыт жүзеге асса, жұмыс оңтайлы, сауатты болады деп сенемін.

– Мұнайдан түскен түсім дегеннен шығады, қазір қайсыбір сарапшылар "мұнайдан түскен түсім халыққа берілгенде, елдің әлеуметтік жағдайы анағұрлым жақсарар еді" дегенді жиі қаузайды. Өз тарапыңыздан мұндай пікірлерге қалай қарайсыз?

– Рас айтасыз, біраз азаматтар "мұнайдан түскен түсім халыққа берілуі керек. Ол – халықтың ақшасы" деген пікірлер тудырып жүр. Әйтсе де осыған қатысты менің айтарым – біздің мемлекет мұнайдан түскен түсімді бүгінде Ұлттық қорға жинап отыр. Кезінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: "Қандай да бір тәуекел заман болса, қажет болады. Мұнайдан түскен түсімді Ұлттық қорға жинаған жөн", – деген-ді. Осы істің пайдалы тұсын біз дағдарыс кезінде көрдік. Өзіңіз білесіз, дағдарыс кезінде экономиканы сауықтыру, емдеу шараларына біз қаржыны Ұлттық қордан алдық. Сондай-ақ тоқырауға түскен банктерге де қаржыны Ұлттық қордан алып құйдық. Егер біз мұнайдан түскен түсімді Ұлттық қорға салып, қор жинап отырмағанда, дағдарыс қарапайым халыққа анағұрлым қатты әсер ететін еді. Сондықтан мұнай түсіміне қатысты қазіргі ұстанған саясатты дұрыс санаймын. Тек оны бақылау, қадағалау жағын күшейту керек...

– Бүгінде дағдарыс жайлы сөз еткенде, халықаралық сарапшылардың дені "дағдарысқа қатысты Қазақстанның жасап жатқан тірліктері сауатты" деген болжам айтады. Сіздіңше, мұндай оптимистік көзқарасқа сену керек пе?

 – Біздің дағдарысқа қарсы жасап жатқан шаруаларымызды сараптаған біраз халықаралық сарапшылар "Қазақстан дағдарысқа дайындалып енген" деген пікірлерді де айтып қалады. Олардың бұлай пікір өрбітетін жөні бар. Өйткені басқа мемлекеттер біз тәрізді ұлттық қоржынын толтырып, қорға қаржы жинамаған да болуы керек. Қайсыбір елдер мұны бүгінде мойындады да... Мысалы, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан елдері, іргемізде отырған Ресей де, әрісі Еуропа елдері де біздің дағдарыстан дамуға ұмтылған бағыттарымызды жөн санауда. Сондықтан болар, аталмыш елдер "Қазақстанның дағдарысқа орай істеген ісі сүйсінерлік екенін" алға тартуда. Демек, мұндай оптимистік болжамдар тектен-текке айтылмаса керек.

– Әркім болашақты өзінше болжайды. Сіз экономикалық тұрғыда қазақ елінің болашағын қалай болжайсыз?

 – 1997 жылы біз біраз экономистер Малай елінің экономикалық жүйесін тереңдеп білу мақсатында оқуға бардық. Сол кездері Малай елінде 2020 бағдарламасының негізі жасалып жатты. Елге келген соң, біз осы бағдарлама турасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа баяндама жасадық. Осыдан кейін біздің елде экономистердің көмегімен 2030 деген бағдарлама жасалды. Бұл 2030 бағдарламасының негізгі көздегені – жерасты байлықтарын дұрыс пайдаланып, соны ұқсату. Сондай-ақ биотехнология, нанотехнологиялардың көмегімен елде жоғары технологиялық қуатты зауыттар, өндіріс орындарын салу. Осы әдіс арқылы отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Қазір біз өзі осыған келе жатырмыз. Уран өндірісін, мұнай-газ саласын, атом өнеркәсібін дамытуды біз бүгінде қолға алып жатырмыз. Келешекте осы саладағы ғылыми жетістіктеріміздің көзі молайсын деп тілейік. Бізде биотын көзі, уран легі, атом энергиясы, мұнай, ядро-отын ауқымы мол. Тек бізге болашақта қолда бар байлықты ұқсатып, өзіміздің мүддемізді өзгеге жібермеуді үйренген абзал. Мен өз тарапымнан қазақтың мерейі үстем, болашағы кемел болады деп болжам жасаймын.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір