• USD 383.43
  • EUR 429.83
  • RUB 5.96
  • CNY 55.39

21 Мамыр, 2019 Саясат

Украина саған айтам, Қазақстан, сен тыңда!

Украинаның жаңа сайланған президенті Владимир Зеленский ұлықтау рәсімінен кейін елдің саясаты мен жағдайын өзгертуге кірісті

Украинаның жаңа сайланған президенті Владимир Зеленский ұлықтау рәсімінен кейін елдің саясаты мен жағдайын өзгертуге кірісті. Жоғары Радада берген уәдесінде  Украина саясатының көрінісін көрсетіп, өзінің президенттік жұмысын айқын бастады.

Сөзінің басында бүкіл Украина халқына сәлем жолдап, елдің әрбір азаматының “президент” екендігін жеткізді. Зеленский оның алдында Украина президенті болған адамдардың дербестігін сынға алды.  Ол бұл күннен бастап украиналықтардан ұлт болашағы мен елдің көркеюіне жауапкершілік алуын сұрады.

Зеленскийдің айтуынша, оның президенттік мансабындағы ең басты міндеті – Донбасстағы соғысты тоқтату.

“Менен бір кезде “Донбасстағы соғыс тоқтату үшін не істеу керек?” деп сұраған. Біртүрлі сұрақ... ал сіз, украиналықтар өзіңізге жақын адамдардың өмірі үшін не істейсіз? Мен соғысты жою үшін бәріне дайынмын. Мен өзімнің атағым мен даңқымнан бас тартамын, керек десеңіз, бейбітшілік орнату үшін мен президенттігімнен бас тартамын! Бұл соғысты біз бастаған жоқпыз. Бірақ біз бұл соғысты аяқтау керекпіз”, – деді Владимир Зеленский.

Сонымен қатар, бұл шиеленістің шешілу жолында, ең біріншіден, барлық украиналық тұтқындарды қайтару арқылы келіссөздерге жол ашатын мәлімдеді.

“Донбасс та, Қырым да – Украинаның аймағы. Біз оларды қайтаруымыз керек. Өйткені, билік олардың украиналықтар екендігін сездірмеді. Олар бөтен емес! Олар украиналықтар! Украина азаматтығы төлқұжатта емес, Украина жүректе!”, - деді президент Зеленский.

Президент әскерилерге зейнетақысын көтеріп, ақылы демалыс беретінін айтты. Ол жалғыз елдің аумағын айтпай, халықтың жағдайын да ойлау керектігін ескерді. Ауруханалар, мектеп жағдайын Жоғары Радаға тікелей айтқан уақытта депутаттар кірерге тесік таба алмай, амалсыз отырды. Зеленский биліктің қай “ғажап әлемде” мінсіз жолдарды көріп жүргенін сұрады. Ол бұрын актер болған АҚШ-тың экс-президенті Рональд Рейганның “Үкімет біздің проблеманы шешпейді. Үкіметтің өзі – біздің проблемамыз!” сөзін баса айтты.

“Егер де ештеңе шеше алмасаңыз, қолыңызға парақ пен қалам алып, орныңызды босатыңыз! Украинаға шынымен көмектесетін азаматтар керек! Менің ойымша, Үкімет отставкаға кетуі қажет. Ешқандай кабинетте менің суретім ілінбеуі керек. Президент – табынатын икона емес, идол емес, президент портрет емес! Менің суретімнің орнына өздеріңнің балаларыңның бейнесі тұрсын. Сол кезде шешім жасар алдында балаларыңның көздеріне қарарсыңдар,” – деді жаңадан сайланған президент.

Ол “Құрметті депутаттар?” деп сөзін бастап, депутаттық дербестікті жою туралы, заңсыз ақша жымқыру туралы заңды қабылдау үшін Радаға екі ай уақыт берді. Оған қоса Зеленский Қауіпсіздік қызметінің басшысын, Украинаның Бас прокурорын, Қорғаныс министрін жұмыстан босатуды тапсырды. Президент мәлімдемесінен кейін олардың екеуі: Қауіпсіздік қызметінің басшысы Василий Грицак пен Қорғаныс министрі Степан Полторак отставкаға кетті. Сонымен қатар, Зеленский Жоғары Раданы тарату туралы бұйрық беріп, Украинада кезектен тыс парламент сайлауы өтетінін жариялады.

Осыған қарай отырып, Украина саясатының жаңа жолға түскенін байқаймыз. Президент бола салысымен Зеленский түгелдей көне құрлымды жоятынын анық жеткізді. Бұл тек бірінші күні, ал енді оның қалай жалғасатынын көре жатармыз.

Біздің елімізде кезектен тыс президент сайлауы 9-маусым күні болады. Қандай кандидат болмасын, Тоқаевтың жеңетіне бәрі сенімді. Сонымен қатар, оппозициялық кандидаттарға “сайлаушылармен кездесуде немесе көпшілік акциялар кезінде қатысушылар саны ұлттық қауіпсіздікке байланысты 100 адамнан аспауы керек” деген ескерту бар. Бұған не айтуға болады? Демократия!

Негізгі тақырыпқа келетін болсақ, Тоқаев наурыз айында болған ұлықтау рәсімінде не айтты? Қазақстанға қандай өзгеріс әкелетінін жеткізді? Елбасымызды мақтаудан әрі аспады. Сөз жоқ! Нұрсұлтан Назарбаевтың елімізге бергені көп. Бірақ та "президентіміздің алға қойған мақсаты қандай?" деген сұрақ туындайды.

Қазақстанның таптаурын болған 30 жылдық жетістіктерін айтқаннан не өзгереді? Біздің елімізде әлі шешілмеген жағдайлар көп. Жемқорлықтан бастап, қарапайым адам қауіпсіздігімен аяқталады. Адамдар бейбіт шеру өткізу үшін  әкімшіліктен рұқсат алуы керек. Бірақ та әртүрлі жағдайларды ескеріп, соңында ешқандай нәтиже шықпайды. "Заңсыз митинг жасадыңдар" деп жергілікті билік полиция мен арнайы жасақтарды өз халқына қарсы жібереді. Мұндай бассыздықтар қашан доғарылады? Қорытындылай келе, Тоқаев ашық аспан мен соғыссыз өмірді қамтамасыз етуден бөлек, жалпы халық жағдайын келешекте көтереді ме? Оны біз тек уақыт өте ғана білеміз...

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

0 пікір