• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 16:56:09
Алматы
+35°

03 Маусым, 2015 NEWS

Маңғыстаудағы "Форт-Шевченко" қаласын тарихи атауымен "Ақ кетік" деп атауды ұсынамын!

«Форт-Шевченко – қала. Түпқараған ауданының әкімшілік орталығы. Каспий теңізінің шығыс жағасында, облыс орталығы Ақтау қаласынан солтүстік-батысқа қарай 130...

  «Форт-Шевченко – қала. Түпқараған ауданының әкімшілік орталығы. Каспий теңізінің шығыс жағасында, облыс орталығы Ақтау қаласынан солтүстік-батысқа қарай 130 км жерде орналасқан. Орта ғасырларда бұл жерде теңіз айлағы – Кетікқала қалашығы орналасқан. Бекініс аумағында жүргізілген археол. қазбалар нәтижесі бойынша Кетікқала қалашығы 10 – 15 ғ-ларда Еуропа мен Орталық Азияның экономикалық орталықтарымен сауда байланыстары болғанын айғақтайды. Каспий теңізінің шығыс жағалауын игеру мақсатында 1716 ж. Ресей патшасы Петр І-нің әмірімен А.Бекович-Черкасский басқарған экспедиция осы жерде алғашқы «Әулие Петр» орыс қамалының іргетасын қалады. 1846 ж. штабс-капитан М.И. Иваниннің басшылығымен Ново-Петровск бекінісі бой көтерді. 1857 жылдан бекініс маңында пайда болған қала Форт-Александровск, кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында Форт-Урицкий, 1939 жылдан қазіргі атымен аталады. Қаланың шетінде Қорғантас тауында қираған бекіністің қалдықтары сақталған. 1882 ж. Форт-Александровск Маңғыстау уезінің орталығы болып, 1896 ж. оған қала атағы берілді. 1850 – 57 ж. мұнда украинның ұлы ақыны Т.Г. Шевченко айдауда болды. 1932 ж. Шевченконың мемориалдық мұражайы ашылды (Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет).

       Қазіргі тарихи еңбектер болсын, өзгесі болсын бәрі бірі-бірінің аузына түкіріп қойғандай «Бұл жердің (Түпқарағанның) әрбір сүйемі бір-бір сыр шертеді. Украин халқының ұлы перзенті Тарас Шевченко аз ғұмырының жеті жылын (1850-1857) осы жерде (Ақ Кетікте М.Қ.) айдауда өткізген» деп жазады. Атам қазақтың тілде «сүйек жоқ» дегені осы болар, жақында бір тележурналист Шевченконы тіпті Маңғыстауға Ресейден келген ең алғашқы «елші» деп соқты.

       Ақиқатында, Т.Шевченко Маңғыстауда айдауда да емес, елші де емес, ол осы жерді, яғни қазақ даласын жаулап алуға келген патша әскерінің қатарында болды. Дәлел ме, тыңдап қараңыз:

       Куәлікке 2011 жылы Алматы баспасынан жарық көрген «Қарашаңырақ» атты кітаптың екінші басылымын тартамыз.

       Кітаптың «Қарашаңырақ» деген атауы ешқандай ақылға сыймайды. Бұл жерде Форт-Шевченко кімнің «қарашаңырағы» деген сұрақтың өз-өзінен туындары анық.  Сонда ол кімнің «қарашаңырағы» Қазақтың ба?, әлде орыстың ба? Егер ол қазақтікі болатын болса неге, Форт-Шевченко? Қазіргі қазаққа «үш қайнағанда сорпасы» қосылмайтын, Тарас  қалай Қаз Адайға кенже ұл, қарашаңырақ иесі болады. Иә, тілде сүйек жоқ деген осы болар. Бүкіл Маңғыстау халқының білетіні, Адам Атаның қарашаңырағы Адайда, Адайдың қарашаңырағы Мұңалда (Мұңал ошақтың сыры осы) емес пе?

        Осы кітаптың 65 бетінде қала үстіне төніп тұрған құздың суреті берілген, астына «Тарас Шевченко әскери қызмет еткен зеңбірек орналасқан Кетік қыраты қала үстіне төніп тұр» деген жазба.

        Келесі бетінде Тарастың әскери киіммен түскен суреті. Бұл бейне (склуптура) Т. Шевченконың ескерткіші. Ақын мұражайы жанында» орналасқан деп жазылған. Бұл бейне де ол мен «айдауда жүрмін» (узникпін) деп отырған жоқ, керісінше бұл жердің қожасы мен отырғаны анық байқалады. Оның бұлтартпас айғағы, үстіндегі патшалық Ресейдің «оқаланған» әскери киімі мен сұсты жүзі.

      Ал, Тарас пен оның жолдастары атқан зеңбірек, винтовка оғынан қанша қазақ баласы ажал құшты, ол тек қана бір Аллаға аян. Ол кезеңдерде патша әскері мен жергілікті қазақтар арасында талай қанды қырғын соғыс, қақтығыстар болған. Маңғыстау жерін жаулап алып, халқын қанды қырғынға ұшырату осы қаладағы әскери бекіністен басталған. Бекініс Маңғыстау қазақтарын өзіне тәуелді етіп,  жерін отарлау үшін салынған. Әйтпесе, Ресей патшалығынан Түпқарағанға әскери бекініс салуды бірден-бір қазақ баласы сұрамағаны анық. Сондықтан мұны  ақыл-есі түзу жан жоққа шығара алмайды.

       Тарас сөзсіз ұлы ақын. Ол көксеген Бостандық, Еркіндік, Теңдік ешқашан өз мәнін жоймақ емес. Алайда тек қана бұл бүкіл Маңғыстау халқының «қарашаңырағының есімін иелену үшін, кімде-кім мың жерден басын тасқа ұрса да» жеткіліксіз. Оның үстіне ол сөз зергері ретінде Маңғыстау және оның тұрғындары жайлы бір ауыз да қалам тартпаған. Кейбіреулер оны ақтау үшін, оған жазуға тыйым салынған деген желеуді алға тартады. Бұл шындықтың маңына да жуымайды. Әйтпесе, басқасын былай қойғанда, Таушық көмірін зерттеуге келген Антипов экспедициясына еріп бір жаз бойы, Маңғыстау даласын кезіп сурет салмаған болар еді. Оның үстіне жеті жылдан кейін «Айдауы» бітіп, еліне барғаннан кейінде оның қолын ешкім ұстап отырған жоқ емес пе?

       Шынында да оның қолын еш жерде ешкім ұстаған жоқ. Ол Маңғыстау да «айдауда» жүргенде күнделік жүргізген. Оның күнделігінде: «Нағыз шөл дала. Тек қана құм және тас, шөп те, ағаш та, тіпті ештеңе жоқ» (Т.С.Досанов «Тайна Руники» Алматы-2013. 170 бет). Маңғыстау жайлы бар жазғаны осы. Себебі, патша әскеріне қазақ баласы адам емес, жабайы аң мен парапар еді.

       Тарастың жергілікті халық алдындағы жалғыз еңбегі Маңғыстаудың тау-тасының суретін салғаны. Сол тау-тастар (шыңдар) әлі сол күйі, сол орнында тұр, өзгерген ештеңесі жоқ. Қазақтардың тұрмыс салтына байланысты салған суреті «Байғұстар», «Қазақ қызы Катя», тағы бірі Қазақ әйелінің тыр-жалаңаш бейнесі. Оны кезінде белгілі ғалым Қабиболла Сыдиықов «Бұл Т.Шевченконың Қазақ тұрмысын көрсетуде ауытқуға барғанын, әдетте қазақ әйелі өзге еркектің, оның ішінде діні бөлек ер адамның алдында ашық-шашық жалаңаш отырмақ емес. Олай ету - өліммен тең, тезек терген қабы мен соңғы алашасын тепшіп кисе де, иінін жабады. Тарастың жалаңаш қазақ әйелін салған суреті соған қарағанда, сөз жоқ, жергілікті халықтың салт-тұрмысын нашар білгендігін сипаттайтын сияқты». Айдауда (узник) болса білер еді, ал басқыншы әскерге оның қажеті жоқ. Тарастың бұл әрекетінің біз білетін әділ бағасы, бүкіл қазақ жұртын және олардың аналарын табанға салып қорлау болып табылады. Есі дұрыс қазақ баласы ол заман түгілі  «гендерлік» саясат қақ төрімізде тайраңдаған бүгінгі заманда да ондайға жол бермейді. Бұған басқаша түсінік бере алмайсың.

      Міне Маңғыстаудың Қарашаңырағы атауына ие болған Т.Шевченконың Қазақ халқы алдындағы бар еңбегі осы.

       Тарих тағлымы: Қала  атына бұрынғы тарихи Ақ Кетік атауын қайтару қажет. Себебі, Манқыстаудың ежелгі атауларының бірде-бірін өзгертуге болмайды. Бұл Адам Ата ұрпақтарының 70 мың жылғы шежіресінің алтын әріптермен жазылған ұлы кітаптың бір парасы.

       Тағы да қайталап айтамын, Тарас Шевченконың Украина халқының ұлы ақыны екеніне дауласпаймын. Бірақ оған құрмет өз елінде аз көрсетіліп жатқан жоқ. Ол кісі қайткенде де қазақтың «Қарашаңырағының» иесі аталатындай бұл Маңғыстауға ешқандай еңбегі сіңбегендігі де айдай ақиқат. Оған сол қаладағы мұражайда жеткілікті.

       Ақ Кетік – Ақ, Ақиқат, Ақ сүт, Ақ адал мал, Ақтық (немере), Ақыл, Ақ ниет, Ақ неке, Ақ  орамал, Ақ Қаз, Ақтау  т.т. Ақ түбірінен туындайтын барлық ұғымдардың авторы Ақпан (Ақ Манұлы) атамыз.

       Кетік – сөз түбірі «ет», арғы шығу тегі Ад. Ары қарай кет, ік, тік, етік деген біріккен сөздерден тұрады.

       Бұл қаланың Кетік атануы қазіргілердің айтып жүргендеріндей,  тау шатқалдарының кетік-кетік болуынан емес. Себебі, дәл осындай қала маңындағы тау-тасы кетік-кетік болып тұрған елді мекендер мен қалалы жер қазақ даласында, әсіресе Маңғыстауда жетіп артылады. Алайда олардың бірде біреуі Кетік деп аталмайды.

       Ақиқатында, бұл қала  ең алғаш кәсіпкерлікпен айналысқан елдің тұрағы. Міне осы қалада ең алғашқы аяқ киім тігілді және ол қала  аяқ киім тігетін орнымен әйгілі болды. Қыста киетін аяқ киім осы шебердің атына сәйкес етік деп аталды. Бұл Етік (Етікші) атамыздың авторлық құқы, оны сен мойында, мойындама одан ештеңе өзгермейді. Атамыздың авторлық құқығын ешкімде тартып ала алмайды.

       Кез-келген заттың (құдықтың, өзен, теңіз, мұхиттың, ыдыстың, тіпті бәрі-бәрінің) түбі болатыны сияқты,  Адам баласының да түп аталары, соған сәйкес олардың атауларында да сөз түбірі (өз түбі) бар. Бұл қағида сонау түп атамыз Адам атадан бері қолданылып келеді. Қазақта «Орынды жерінде айтылмаған сөздің атасы өледі» деген мақал бар. Демек, сөз де ата да бар, ана да бар. Сөздің атасы сол сөздің түбірі, ал анасы «тіл». Тілің болмаса сөйлей алмайсың.  Бұл тұжырымға қазақтың ана тілінде сөйлеу, қолдану (жазылу) ережесін білетін барша азаматтары тоқтауға тиіс. Бұған тоқтай алмасаң, онда сенің білім деңгейің «бақшадан» шығып, әлі мектепке бармағаның.

     Қазақтың сөз жасау қағидасында екі, үш, төрт, бес және одан да көп дыбыстар мен буындардан құралатын сөздердің барлығы «біріккен сөздер». Сөздің түбірінде сол ұғымдарды дүниеге әкелген адамның (рулар мен тайпалардың) атауы тұрады. Бүгінгі «авторлық құқық» деп жүргендеріміздің бастау алатын жері осы.

       Бұл қағиданы бүкіл әлем елдері қолданады. Мысалы, «ИЛ» ұшағының авторы Илюшин, «АНТ» ұшағының авторы Антонов, «ТУ» ұшағының авторы Туполов, сол сияқты кез-келген ашылған жаңалықтардың авторы «Ом заңы», «Архимед заңы», «Ньютон заңы» деп аталып кете бермей ме? Міне осы заңдылыққа сәйкес етіктің «авторы» осы атамыз. Бұл дауға жатпайды. Мұны түсіне алмасақ, бұл біздің «Адам баласы маймылдан (айуаннан) жаралды деген» Дарвин ілімін толықтай басшылыққа алғанымыз. Маймылға қарап бой түзеген ұлдың да, қыздың да, елдің де келешегі болмайды.

Тарих тағлымы: Әлем мәдениетінің ең алғашқы бастау алған жері, ең алғашқы ілкі төрге, ата-бабаларымыз Түпқараған деп ат қойып, көзінің қарашығындай қастерлеген Ақ Кетікке тарихи атауын қайтара алмай жүргеніміз біздің төл тарихымызды ұмытып, ата-баба дәстүрінен ауытқып, жаттың ықпалымен қарама-қарсы бағытқа қарай жүзіп бара жатқанымызды көрсетеді. Тегін танымаған елдің келешегі болмайды.

 Қала атауына ежелгі тарихи АҚ КЕТІК атауын қайтаруды ұсынамын.

    Қожырбайұлы Мұхамбеткәрім, Маңғыстау-Ақтау

 

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір