• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
25 Тамыз, 13:43:59
Қорықшылардың материалдық-техникалық базасы күшейтіледі

23 Мамыр, 2019 Кәсіпкер

Жетістікке жету үшін өнімді жұмыс істеудің 10 қағидасы

Осы қағидалар ішінен өзіңіздің бойыңызда бар әрекеттерді байқаған болсаңыз, онда осы қағида міндеттеелерін орындап көрсеңіз болады.

Бүгінгі нарықта барлығы өз тауарының өнімділігін арттыруды көздеп, әрекет етуге көшкен. Тіпті, кейбір кәсіпкерлер тұтынушының пікірін тыңдаймын деп өздерінің басты идеяларын да жоғалтып жатады. Есте болсын, нарықта өнімді болудың басты қағидасы – ерекше әрі қоғамға қат нәрсені тауып бере алу. Осыдан кейін барып қана қолданушылардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, соған орай кішігірім өзгерістер енгізуге болады.

Кәсіп бастаған кез-келген азамат өз тауарының өнімділігін арттыруды көздеп, түрлі кеңестер беретін сайттар мен газет-журналдардың бетін парақтайды.

Рас, кейбір қағидаларды жөнді қолдана білсең, әжептеуір көмегін тигізеді. Дегенмен, аталған қағидалардың барлық кәсіпкерлерге бірдей пайда әкеле бермесін қаперде ұстаған жөн. Әрине, өнімділікті арттыру тұрғысындағы барлық шарттарды басты назарда ұстап, көңіл түкпіріне түйіп жүргеннің айыбы жоқ.  Жұмыс барысында  бұл шарттарды қолданатын ұтымды уақыт келіп қалуы кәдік. Кәсіпкерлік саласында барлығының назарына ұсынылатын, еш өзгермейтін 10 қағида бар. Бүгін сол туралы ақпарат бермекпіз. Ендеше, әрі қарай оқыңыз.

1 – қағида. Барлығына үлгеру үшін ерте тұру қажет

Кәсіп саласында ізденісте жүрген азаматтардың барлығы "Табысты кәсіпкер болу үшін ұйқыдан таңғы сағат 4-те тұру керек" деген тіркестерді оқығаны анық. Жазба авторларының есептеуінше, осындай дағды арқылы адам жетістікке жетеді екен-мыс. Расында ерте тұру көп мәселені шешеді ме?

Рас, ерте тұрған адамның ұйқысы сол дағдыға үйренеді. Содан кейін ол өзін сергек сезінетін болады. Ал сергек адам күні бойы көп тірліктің басын қайтаруға қауқарлы. Бұл – таңғы ұйқыдан ерте оянудың балама пайдасы.

Ал жоғарыда келтірген тіркес сынды жазбалардың авторлары ерте тұрған адам сәтті жұмыс асайды, жетістікке жетуге деген құлшынысы артады немесе жаңа мүмкіндіктер пайда болады деген түйіндер келтіріп жатады. Әрине, бұл тіркестердің өмірде шындыққа айналуы әбден мүмкін. бірақ барлық адамның өмірінде емес.

Ал ерте тұру арқылы уақыт үнемдеу тақырыбына оралсақ, бұл жерде арнайы бекітілген қажетті ұйқыны өтеп жүріп-ақ барлығына үлгеруге болады. Уақытты тиімді пайдалану жөнінде жазылған деректерге сүйенсек, әрбір адамның өнімді жұмыс жасайтын мезгілі әртүрлі. Осы орайда айтылған кеңестер бойынша таңғы және түнгі мезгілді жұмыс жасауға оңтайлы қолдана білген жөн екен. Өйткені, дәл осы уақыт аралығында адамның көңілін алаңдататын нәрселердің бәрі дамылдайды. Сол себепті жұмыс жасап отырған кісінің бар назары тек алдындағы ісіне ғана аумақ.

2 – қағида. Кеңседе ғана өнімді жұмыс жасауға болады

Бұл қағида осыдан он шақты жыл бұрын өтімді болған болар, бәлкім?! Өйткені, ол кезеңде әрбір адамның қолында қажетті технологиялар, қолжетімді интернет немесе басқа да қажеттіліктер болған жоқ. Сондықтан, орталықтандырылған кеңседе күндіз-түні жұмысын аяқтағанша отыруға мәжбүр болды.

Көптеген сараптамалардың нәтижесіне сүйенсек, үйден немесе кафелерден жұмыс істеген азаматтардың қызмет өнімділігі әлдеқайда жоғары болады екен. Себебі, үйден немесе өзіне ыңғайлы жерден қызмет жасау арқылы адам өзіне ыңғайлы уақытты немесе қолайлы жағдайды жасап алады. Содан кейін бар ынтасымен жұмыс жасайды.

Сараптамалар нәтижесінде бүгінде көптеген адамдардың қашықтықтан жұмыс жасауға дағды алып бара жатқаны анық көрінеді. Дегенмен, олардың да қызмет өнімділігі кеңсеге тұрақты барып жұмыс жасайтындардан артық болмаса, кем емес.

Жоғарыда да айтып өттік, адамдар өзіне қолайлы нәрсені таңдайды. Кейбір адамдарға қашықтықтан қызмет жасаған оңтайлы болса, кейбір жандарға, керісінше, әріптестер арасында, кеңседе жұмыс жасаған тиімді.

3 – қағида. Ұйқы тек әлсіздер үшін

Ұйқы – адамның физикалық қажеттілігі. Рас, түнгі уақыт – көп адамдар үшін жұмыс жасауға өте қолайлы уақыт. Дегенмен, медициналық тұжырым бойынша дені сау адам тәулігіне 8 сағат міндетті түрде ұйқтауы шарт. Бұл аралықта адамның жалпы ағзасы, миы тынығып, келесі күн сергек болуға көмектеседі.

Көпшілік адамдар түнгі ұйқы уақытын қысқартып, оны өзге бір пайдалы нәрсеге жұмсағанды жөн деп санайды. Бірақ, есіңізде болсын, ұйқының жеткіліксіздігі өнімділіктің азаюына алып келеді. Сондықтан да, өзіңіздің уақытыңызды тиімді пайдаланып, қажет ұйқыны өтеп жүргеніңіз абзал.

4 – қағида. Бір нәрсемен шұғылдану - өнімді еңбек ету

Өзіңізге бұл жағдай әбден таныс болар. Адам бірдеңемен шұғылданып жатқан кезінде өзін өнімді еңбек етіп жатқан азамат ретінде, уақытын тиімді басқарып отырған тұлға ретінде сезіне бастайды. Егер сіз өзіңіздің жеке есеп дәптеріңізде атқарылған бір істерді түртіп жүрсеңіз де, бұл өнімділікті білдірмейді. Өйткені, онда орындауға және орындамауға да болатын шұғыл шаруалар немесе жедел ойға оралған дүниелер болуы мүмкін.

Өнімді болу дегеніміз – арнайы жоспарланған кәсібіңді дөңгелетіп, өз салаңда қарқынды жұмыс жасау және сол арқылы пайда келтіру. Ал жоғарыда айтылғандай шұғыл және жедел шешім қабылданған шаруалармен айналысу арқылы адам өзін-өзі басқаруын жоғалтады немесе өнімділік деңгейін төмендетеді.

Егер өзіңіз шұғылданып жүрген істеріңіз нәтиже берсін десеңіз, барлығын алдын ала жоспарлаңыз. Содан кейін жоспардағы шаруалардың ең маңыздысы деп санайтын нәрсені бірінші кезекте орындауға тырсыңыз. Уақыт жоғалтатын немесе өзіңіздің өнімділік дәрежеңізге кедергі келтіретін әрекеттерден бас тартыңыз.

5 – қағида. Жұмыс дағдарысын жеңіп шығуға қалыптасыңыз

Әрбір адам жұмыс уақытында басқа дүниемен шұғылданғысы келіп немесе демалғысы келіп тұратыны өтірік емес. Бұл нәрсені ғалымдар "жұмыс дағдарысы" деп атайды. Аталған дағдарыс кезінде адамдар қызметке деген құлшынысын жоғалтады.

"Жұмыс уақытындағы осы бір сағаттарды өткізудің орынына басқа шаруамды тындыру керек еді" деген секілді ойлар адам санасын жаулап алған кезде, ол өзін-өзі басқару қабілетінен ажырай бастайды. Содан келіп, бүгін атқарылуы тиіс жұмысты ертеңге қалдыру секілді өнімділікті жоғалтатын еріншектік әрекеттер жол ала бастайды.

Ал кейде адам өзіне берілген жауапкершілікті қызметін жасаудың орнына үстел үстіндегі қағаздарды қайта бір шолып шығу, әлеуметтік желіні парақтау, таза ауамен демалу, поштасын тексеру секілді әрекеттермен айналысып кетеді.

Өнімді қызмет жасауға қауқарыңыз бар кезде, алтын уақытыңызды босқа жоғалтпаңыз. Бүгінгі қызметіңіз уақыт өте келе алдыңызда абыройыңызды асқақтатып төселетін қызыл кілем, қалтаңыздың қалыңдық деңгейін арттыратын қаражат болып оралмақ.

6 – қағида. Жұмыс бәрінен жоғары

Әлемдік деңгейде белгілі бір жетістік деңгейін бағындырып қойған адамдардың пайымынша, жұмысты бірінші орынға қоюдың қажеті шамалы. Немесе басқаша жеткізіп көрелік. Тұрақты қызметіңіз бен жеке өміріңіз арасында тепе-теңдік ұстай біліңіз.

Қазіргі күні адамдардың көпшілігі өздерінің көздеген мақсаттарына жетуі үшін күні-түні екі-үш жұмысты қатарынан атқарып жүр. Ал бұл нәрсе сізге ешқашан көздеген межеңізге жеткізбейтін, құйрығымен алдап отыратын қызыл түлкі секілді.

Ең дұрысы – жұмыс жасайтын уақытта өнімді қызмет атқарып, қалған уақытта қалағаныңызша жеке өміріңізге көңіл бөлгеніңіз абзал. Егер демалыс күндері жұмыс жасау қажет болса, оған белгілі бір уақыт аралығын ғана бөліңіз. Өйткені, үзіліссіз қызмет жасау – өнімділік дәрежесін құлдыратуға алып келетін бірден-бір келеңсіздік.

7 – қағида. Көп жауапкершілік жүктеу – мақсатқа жету жолы

Қазіргі нарық талабына сай келіп, жүктелген міндеттемелерді толығымен орындау үшін мақсаты айқын азаматтардың көпшілігі екі немесе үш жұмыстың жауапкершілігін өздеріне жүктейді. Бұл жолмен, әрине, тамаша табыс табуға болады. Бірақ, алдымен, денсаулықты, екіншіден, өнімділік деңгейін ең төменгі қатарға түсіріп аласыз.

Көп жауапкершілік жүктеген адамда бірінші қызмет пен екінші қызмет арасындағы ауысым кезінде демалыс болмайды. Рас, бір мүмкіндігін тауып, ұйқтап немесе сәл демалып жатуға болады. Бірақ ми әрдайым қозғалыста болады.

Ал ми демалмағаннан кейін адам рухани тұрғыдан шаршай бастайды. Міне, осы кезде барып қана адам өзінің өніміділігінің нашарлағанын бір-ақ сезеді.

8 – қағида. Ғаламтор өнімді еңбек етуге кедергі жасайды

Қазіргі кезде адамдардың көпшілігі әлеуметтік желілерден, түрлі сайттардан келіп түсетін ақпараттардың көптігіне шағымданады. Олардың айтуы бойынша, ақпарат көп қабылдаған сайын адам негізгі жұмысының өнімділігін азайта бастайды екен.

Дегенмен, барлығын ғаламторға үйіп-төге салуға болады ма? Жоқ, әрине. Әрбір адам – өз өмірінің қожасы. Егер адам өз уақытын тәулікпен бөліп, әр тәуліктегі жалпы уақытты жоспарлап отырса, ештеңеден құр қалмауға және барлығына үлгеруге уақыт табады.

Ғаламтордағы көптеген ақпараттың кейде пайдасы да тиетінін ұмытпаған жөн. Бірақ өнімділікті арттырып, қызмет жасау қажет кезде өз қызығушылығыңыз арқылы қарайтын бағдарламалар, отыратын әлеуметтік желілер туралы ұмытуды дағдыға айналдырыңыз.

9 – қағида. Ұзақ жұмыс жасасаң, көп шаруа тындырасың

Кеңседе ұзақ уақыт отырып алып жұмыс істеу арқылы өз өнімділігіңізді арттырам деген ойыңыздың 100 пайыз орындалары немесе ойыңыздағыдай шықпауы таразы басында тұрады.

Паркинсон тұжырымдамасы бойынша, сіздің қызмет жасаған уақытыңыз болып, тек таза жұмыспен айналысқан уақытыңыз ғана есептеледі. Ал қалған уақыт – босқа өткен немесе жеке өміріңізге жұмсалған уақыт.

Егер сіз кеңсеге таңертең келген кезде, жұмыс уақыты біте салысымен үйге бару қажет деген оймен жұмысқа отырсаңыз, онда сол уақытқа дейін бір күндік тапсырмаңызды толық орындап кетесіз. Ал кешке жұмыс уақытынан кейін асықпауға, біраз уақыт тағы да қалып, артығырақ жұмыс жасауды көздесеңіз, артық сағаттарды қосқан күнде де кешегі күнмен бірдей тапсырма орындап шығасыз.

Демек, ұзақ жұмыс уақыты өнімді еңбектің айнасы емес, өнімді еңбек қызмет сапасымен сыналады.

10 – қағида. Таза жұмыс орны өнімділікті арттырады

Бұл қағиданың да әсері әркімге әрқалай. Мысалы, кейбір азаматтар үстелдерінің үстінде артық жатқан жарты парақ қалдырмай жинап отырса, кейбіркісілер барлығын шашып отырып жұмыс жасағанды жақсы көреді. Бұл – әркімнің жеке көзқарасының нәтижесінде орындалатын дүние.

Жоғарыда айтқан деңгейдің екіншісіне жататын адамдар тап-таза үстел үстінде отырып жұмыс жасай алмауы мүмкін. Өйткені, ол алдына қағаздарды жайып тастап, үстелінің шетіне кітап жинап қойып, қойын дәптеріне бір дүниелерді түртіп отырып жұмыс атқарғанды жаны қалайды.

Ал бірінші деңгейдің адамдары екінші деңгейдегі қызметкерлердің жұмыс үстелінде отыра алмауы мүмкін.

Біз шолу жасап өткен 10 қағиданың барлық шарттары күллі адамзат баласына арналмаған. Егер жоғарыдағы қағидалар ішінен өзіңіздің бойыңызда бар әрекеттерді байқаған болсаңыз, онда осы қағида міндеттеелерін орындап көрсеңіз болады.

Қызметтің өнімді болуы өзіңізге, жасаған жұмысыңызға, пайдаланған уақытыңызға байланысты екенін ұмытпаған абзал.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір