• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 10:05:34
Алматы
+35°

23 Мамыр, 2019 Әдебиет

Маралтай Райымбекұлының мерейтойы туған жерінде дүркіреп өтті

Поэзия мерекесі   ең алдымен Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханадан бастау алды.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері,  Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Маралтай Райымбекұлы биыл ердің жасы-елуге толды. Бұған дейін мерейтой аясында Алматы қаласында  шығармашылық кештерін өткізген арқалы ақын туған жері — Әулиеата өңіріне ат басын бұрды.

Маралтай Райымбекұлы

Поэзия мерекесі   ең алдымен Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханадан бастау алды. Онда Елбасының «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында қолға алынған «Ауылдық кітапхана – жергілікті қоғамдастық орталығы» атты ауылдық кітапханалар күндері аясында Сарысу ауданына қарасты Игілік ауылдық кітапханасының мамандары Маралтай Райымбекұлының 50 жас мерейтойына орай «Ай астындағы Кентавр» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырды.

Маралтай Райымбекұлы

Шара барысында жыр жампозының шығармашылығы әңгіме өзегіне айналып, әсерлі естеліктер айтылды. Жалынды жырлар оқылып, пайымды пікірлер айтылды.  

Маралтай Райымбекұлы

Ал негізгі шара «Жұлдыз аттас жалғыз шаһар жаһандағы» тақырыбымен Жамбыл облыстық қазақ драма театрында өтті. Мазмұнды кешке Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты, қаламгер-журналист  Мереке Құлкенов, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, белгілі ақындар  Есенғали Раушанов,   «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты,  «Құрмет» орденінің иегері Светқали Нұржанов, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды облыстық филиалының директоры,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Ақсұңқарұлы,  жазушы, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Несіпбек Дәутайұлы қатысты.

Маралтай Райымбекұлы

Жамбылдық жырсүйер қауымға рухани серпіліс сыйлаған шараны  облыс әкімі Асқар Мырзахметов ашып, құттықтау сөз сөйледі.

Маралтай Райымбекұлы

— Қасиетті Әулиеата өңірінен небір дүлдүл дарындар шықты. Соның бірден бір дәлелі осы мерейтой иесі Маралтай Райымбекұлы. Алматыдағы үлкен шығармашылық кешінде арнайы құттықтап  барып, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін табыстадық. Бүгін міне, өз азаматтығын көрсетіп, Алматыдағы кешпен шектелмей, туған топыраққа тағзым етіп келіп отыр. Оған үлкен қуаныштымыз.

Маралтай Райымбекұлы

— Маралтай Райымбекұлы шын мәнінде де жастығына қарамастан қазақ әдебиетіне үлкен үлес қосты, әлі де қосып келе жатыр. Ол жазған өлеңдердің өзектілігі, өз бойындағы өжеттілігі, қайсар мінезі, осының арқасында бойындағы талантын көрсетіп, ақындық қуатын мойындатып келе жатыр. Сондықтан ел үшін, елдің рухани байлығы үшін атқарған қызметіне, жасаған жұмысына шын жүректен алғыс айтамыз. Біз Маралтай Райымбекұлымен мақтанамыз. Алдағы уақытта да үлкен табыстар тілейміз,-деп Асқар Исабекұлы ақынға сый-құрмет көрсетіп, ат міңгізді.

Маралтай Райымбекұлы

Кешті бастан-аяқ ата-бабаның асыл мұрасын арқалап жүрген белгілі жыршы, фольклортанушы-ғалым Берік Жүсіптің сауыт бұзар сөздерімен жүргізуі салтанатты шараның салмағын арттыра түскендей. Келісті кеште Қазақстан Жазушылар одағының төрағасының орынбасары,  белгілі қаламгер Мереке Құлкенов ізгі лебізін білдіріп, шығармашылық табыс тіледі. Алаштың ардақты ақындары  Серік Ақсұңқарұлы, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы,  Светқали Нұржанов, Есенғали Раушанов ақжарма тілектерін ақтарып, тебірене жыр оқыды. Ал, жазушы Несіпбек Дәутайұлы ақынның азаматтық болмысы  төңірегінде ой сабақтап, ұлттық бірлікті нығайтуда әдебиеттің маңызы зор екендігін тілге тиек етті.

Маралтай Райымбекұлы

Маралтай Райымбекұлы

Ақынның мерейтойы келесі күні өзінің кіндік қаны тамған Сарысу ауданында жалғасты. Жерлестері жыр жампозын жылы шыраймен қарсы алып, құрмет-кошемет көрсетті. Ауданның Құрметті азаматы Бөлтірік Ілиясов бастаған қариялар сөз сөйлеп, ауыл халқының атынан ақынға ат мінгізді. Алайда, Маралтай ақын ауылдастарының бұл құрметіне алғыс айтып, тұяғымен жер тарпыған тұлпарды әдебиетте  рухани қолдау көрсеткен  ағасы, жазушы Несіпбек Дәутайұлына сыйлады. Сонымен қатар мектеп оқушылары арасында Маралтай ақынның жырларын оқудан өткен аудандық жарыстың жеңімпаз, жүлдегерлеріне ақын өз қолымен қаржылай сыйлық табыс етті.

Маралтай Райымбекұлы

Маралтай Райымбекұлы

Жаңатас қаласындағы аудандық мәдениет үйінде өткен шығармашылық кеш те тағылымға толы болды.  Салтанатты сәтте аудан әкімі Қанатбек Мәдібек құттықтау сөз сөйлеп, жүрекжарды лебізімен бөлісті. Игіліктен шығып, исі қазаққа танылған ақынға  сый-құрмет көрсетіп, мерейтой иесінің қуанышына арнайы келген марғасқа қаламгерлердің иығына  шапан жапты. Өз кезегінде мәртебелі меймандарды сөз тізгіндеп, көпшілікті бір серпілтіп тастады.

Маралтай Райымбекұлы

Шара соңында киелі сахнаға көтеріліп, тарпаң жырдың тиегін ағытқан Маралтай ақын ел алдында басын иіп, ағайынға алғысын айтты. 

Жойқын Жігер

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір