• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 11:30:32
Алматы
+12°

24 Мамыр, 2019 NEWS

Қайнарлыдағы қайғылы оқиға: Молданы қандай жаза күтпек? (фоторепортаж)

Қадір молда: Ол күйеуінен талақ сұраған. Менімен шаңырақ көтергісі келетінін айтқан

Жақында әлеуметтік желіде Есхат Әйнебекұлы Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа, ҚР Бас прокуроры Ғизат Нұрдаулетке видео арқылы ашық хат жолдаған. Ол әйелінің өліміне себепкер болған Алматы облысы Ескелді ауданы Қайнарлы ауылының молдасын жазаға тартуын сұраған. Бұл туралы  Qamshy.kz ақпарат агенттігі "Алматы облысында имам зина жасап, отбасылы әйелді өлімге душар етті" деп мақала жариялағаны белгілі. Осыған орай тілшіміз мәселенің жай-жапсарын анықтау мақсатында оқиға орын алған орын Қайнарлы ауылына барып қайтқан еді.

Қайнарлы түтіні түзу ұшқан, халқы қонақжай шағын ғана ауыл. Жер көлемі кішкентай ғана елдімекеннің адамдары бірін-бірі жақсы таниды. Болған оқиғаны естігенде барлығы не сенерін, не сенбесін білмепті. Ауылға кіре бере Ғаббас Өкеев көшесінің бойында ел аузында жүрген, құрылысы толығымен аяқталмаған, шағын жамағатқа арналған Қадір Әмбиеұлы молда болған мешіт орналасқан.

мешіт сырты

мешіт іші

Қайнарлы ауылдық мешіті.

Дәл осы мешітте "Алланың 99 есімін, араб әліпбиін үйрететін" әйелдерге арналған курс ашылған. Елмен қатар Есхат Әйнебекұлының әйелі Нұрғиза Азатханқызы да діни сауатын ашуға асыққан. Бірақ "Алланың көркем есімдерін жаттаймын" деп жүріп, аяғы өлімге апарған оқиғаға тап болған.

 

Біз Алла үйіне қарама-қарсы бетте мамыражай тұрмыс-тіршілікті сөз қылып отырған Қайнарлы ауылының тұрғындарынан елді дүрліктірген оқиға жайлы сұрадық.

– Қадір жақсы жігіт, осы ауылдың молдасы болған. Жеті шелпек пісіріп, үйге шақыратынбыз, Құран оқып беретін. Мешітке барып уағызын тыңдайтынбыз. Мінезі өте көркем, тамаша адам еді, - дейді бірқатары бір ауыздан .

– Әйелдерге Алланың 99 есімін оқытқан, Қадір мырзадан тәлім алғандардың ішінде мен де бармын. Бірақ осы оқиғаны естігелі бері оны мүлде көрмедім. Әйелімен осы күнге дейін тату-тәтті өмір сүрген. Әйелі ерінің ісіне қынжылып жүргенін айтып, жаңа ғана жылап кеткен еді. "Күйеуім осындайға тап болды, не істесем болады?" деп шарқ ұрып жүр, байқұс, – деді  молданы жақын танитын Зелиха Сәрсенбай есімді шәкірт ауылдасы.

Мешіттен ары жүргенде төрт-бес үйден кейін жолдың екінші бетінде Қадір Әмбиенің ауыл адамдарының көмегімен асарлатып жүріп соққан үйі бар. Үйдің есігін қақтық, ешкім ашпады. Көршісі Мұхтар Мұқат оның үйде жоқ екендігін айтты.

Молданың үйі

Қадір Әмбиеұлының үйі.

Құдай қосқан көршісі: "Үйді соққанына төрт-бес жыл болды, ерлі-зайыпты. Ауыл молдасы. Екеуінің баласы болмады демесеңіз, қалған дүниесі түгел болатын. Қорасында малы бар еді. Жұма намазда да, бес уақыт намазда да сол кісіні бүкіл ауыл ұйып тыңдайтын. Неге бұлай болғанын білмедім. Алла біледі" деп пікірін қынжыла жеткізді.

Табиғи газ құбырлары жүрмеген ауылдың бойымен жүріп өтіп, көшенің жоғары жағында орналасқан Есхат мырзаның да үйіне жеттік. Нұрғиса Азатханқызының жаназасы шыққан шаңыраққа кірмес бұрын көршісін жолықтырдық.

– Біздің көрші Нұрғи (Нұрғиса Азатханқызының ауыл ішіндегі есімі) ондайға бармайтыны сөзсіз. Олардың 2015 жылы елге қоныс аударғанынан бастап, ешқандай артық қылығын көрмеппін. Бес уақыт намазын оқитын, үйіне кіре қалсаң, қонақ қылатын келіншек еді. Бір қынжылатыным, видео әлеуметтік желіге шыққанға дейін тергеу ісі жасалмады.  Видео қалай жұртқа мәлім болды, солай тергеу тобы да келді,– дейді көршісі Шархан Абылханұлы Сейдуалиев..

Бізге қара жамылып отырған әулеттің үйіне кіру өте ауырға соқты. Алдымыздан 7 жасар баласы шығып амандасқанда, қолымыздан келгені басынан сипау ғана болды. Артынша орта бойлы, қара торы азаматша шығып, өзін таныстырды. Бұл кісі – Есхат мырзаның қарындасы. Ағасы тауда малға бас-көз болуға кеткенде екі ұл баланы қарап отырған мейірімді жан. Кішкентай қызды басқа туысқандарының қолына апарып берген екен. Жеңгесінің өліміне көңіл айтып, сол күні не болғаны туралы сұрадық.

Есхат мырзаның үйі

Есхат Әйнекбекұлының үйі.

"Оқиға былай болды: Мен 25- сәуір күні өз үйімде жатқанымда, жеңгем хабарласып,

- Саған бір видео мен аудио жіберемін, сен оны ағаң өзі келгенше ашып қарама.

- Жіберіңіз әрине, ал неге қарауға болмайды,- дедім

- Жоқ, ағаң келген соң қарайсыңдар, бұл өте маңызды!

Жарайды,- дегенімше, жеңгем телефон тұтқасын қоя салды. Ойымда ештеңе жоқ ертесі таңертең видеоның келгенін көріп, ашып қарамадым. Сағат 8:30 шамасында ағамның үйіне бардым. Екі үйдің арасы ұзақ емес. Барсам, 2 жастағы қызын үстелдің бұрышына отырғызып кетіпті. Өзі көршілердің үйіне барып әңгіме -дүкен құрып қайтатыны бар еді. Сонда кеткен болар деп ойладым. Үйге қайтып кеттім. Жарты сағаттан соң қайтып келгенмін, сағат 12-де "Қарабұлаққа тойға кететінімді айтайын" деп, қарасам, жеңгем әлі жоқ. Тірліктің адамы еді, қора тазалап, малдың амандығын қарап жүретін. Бәлкім, "сол маңнан табармын" деп сыртқа шығып, қора жаққа қарадым, арба мен күрек сол жерде тұр екен. "Сонда болар" деп жақындасам, ол жерде ешкім жоқ. "Бергі жақтағы қорада шығар" деп есікті ашсам, мойны буынып жіпке асылып тұр.

қора

Нұрғиза Азатханқызы өз-өзіне қол жұмсаған орын.

Бір сәтке есімді жоғалтқандай болып айқайлап жібердім. Жүгірген күйі тоқтамай үйге барып күйеуім Жасарды шақырдым. Ол көршіміз Алшынбайды ертіп келіп, екеуі бірге жіпті кесті де, жеңгемді түсіріп алды. Барлық ауыл адамдарына хабар бердік. Есхат ағам тауда мал бағатын, ол кісіге де естіртіп, келуін айттық. Қарабұлақтан полиция қызметкерлері келіп мәйітті сараптамаға алып кеткен соң, ағам хабарласты. Мен оған «ағаң келгенде аш»,- деп жіберген видео жайлы айтып ем, "дереу өзіне жіберсін" деді. Сол кезде ол видеоны өзімде ашып қарап, аң- таң болып айтуға сөз таппай қалдым. Ол жерде молданың мойынына пышақ ұстап тұрған және өз әйелін сабап, айқайлап жатқан дыбыстық аудиосы бар екен»,- деп сол күнді көзіне жас толып, есіне алды. Ары қарай Қадір молданың әйелі жайлы сұрағанымызда ол:

"Жеңгем қайтқан күні көңіл айтып келгендер есік алдында жүрген. Мен ол адамның әйелі келеді деп ойламағанмын. Бұрышта жылап отырғанымда етегі жасқа толып Қадір молданың әйелі көңіл айтуға келді. "Имамның жары ештеңе білмейтін шығар" деп ойладық. "Оған айтпай тұра тұрайық" деп шештік. Екі ортада дастархан шаруасымен жүгіріп жүргенімде, видео сақталған телефонымның жоқ екенін байқадым. Жанымда тұрған қыз келіп телефонды молданың әйелі жемпірімнің қалтасынан алып кеткенін айтты. Сәлден соң үлкен ұлым телефонымды сол әйелден алғанын, оның пин-кодты ашып беруін сұрағанын айтты. Ұлым олай жасамайтынын айтқаннан кейін тастап, кетіп қалыпты. Айғақтарды жою үшін  осындай әрекетке  барған ғой",- деді.

Қадір Әмбияұлы жайлы: "Видеоны көрдіңіздер. Ағамның әйелінің нақты өліміне кінәлі адам сол...  Ақ адам ары жібермеген соң "бақилық боламын" деп шешті. Қадірдің кесірінен өлді. Егер жеңгем жаман адам болса, көршілердің бәрі білетін еді. Ол туралы ешкім жаман сөйлей алмайды. Ал ана молда әкесінің үйінде жүргендей бостандықта тайраңдап жүр. Кеше тергеу кезінде көрдік Қадірді, өкініш білдіріп отырғаны байқалмайды".

Сөзін жалғай отырып: "Жақын жерде "полиция" деген жазуы бар бөлімше тұр, бірақ ешкім келмейді мән-жайды білуге. Міне, 27 күн өткен соң тергеу басталды. 26-сәуірде Қарабұлаққа арыз жазғанбыз, ешкімнің назарына ілікпеген болып тұр ғой сонда біздің мәселе. Видео ел ішінде тарағалы бері ғана, олар қимылдап жатыр",- деп ол кісі Қарабұлақ АІІБ бөліміне шағымын айтты.

Біз мәселенің мән-жайын анықтау мақсатымен ауылдастар жол сілтеген полиция бөлімшесіне арнайы бардық. Бірақ жұмыс уақыты екеніне қарамастан, құзырлы орган өкілдерін жұмыс орнынан таппадық.

полиция бөлімшесі     бөлімше есігі

Қайнарлы ауылдық полиция бөлімшесі.

Тауда мал қарап жүрген марқұм Нұрғизаның күйеуі:

"Сол айдың 4-і күні түннің бір уақытында әйелімнің телефонына хат жазыпты. Әйелім соны көріп жылағысы кеп тұр екен. Мен телефонды жұлып алып қарасам, имамның "Жаным, шықшы сөйлесейік" деген сөзі кеп тұр. Әйеліме "қазір шығамын" деп жауап жазғызып, далаға шықтым. Сөйтсем, бір өзі жатыр екен тығылып. Сол жерден ұстап алып екі рет ұрып ем, қашып кетті",- дейді. Келесі күні кешірім сұрап хабарласты. Имам кейіннен серттен тайды.

2015 жылы Қытайдан Қазақстанға қоныс аударған Есхат Әйнекбекұлының отбасы "дәл осындай қайғылы жағдайға тап боламыз" деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмеген. Көрші елден келгеннен бастап молданың отбасымен араласып, бір-біріне қонаққа барып, өзара көмектерін аянып қалмаған жандар еді. Есхат мырзаның күйеу баласының айтуынша, "Молда аға, Молда аға" деп жаны қалмай жалпақтап, үйге алып келіп, діни сауатын ашу үшін сұрақ-жауап алып отыратын. Отбасылық достықтың соңы қастықпен аяқталып, екі ортада бейкүнә жан өз-өзіне қол салады деген күдік ешкімнің де көңіліне келмеген.

Нұрғиса марқұмның мойнынан жіпті шешіп, түсіріп алған адамдардың бірі Алшынбай Тоқан былай дейді:

"26-сәуір күні таңертең Күлшира жүгіріп келіп, осындай жағдай болғанын айтты. Біз барып түсіріп алдық. Ия, таңданғанымыз өтірік емес. Дәл осы күні Қадір мешітте жұма намазын өткізді. Ертесі күні "қажылыққа барамын" деп жинап жүрген малын сатып, әкесінің үйіне тайып тұрған. Елдің бәріне "қажылыққа ниет етіп жүрмін" дейтін. Соған сенетінбіз. Бұл ел үшін  масқара  оқиға. "Бір құмалақ – бір қарын майды шірітеді" деген. Жалпы соттату керек оны. Жай адам ретінде қарасаң да, діни тұрғыдан қарасаң да оның жазасы болуы керек.  Біреуге қысым көрсеткені үшін, оның өліміне себепкер болғаны үшін өмір бақи бас бостандығынан айыру керек шығар, бәлкім. Ол осы отбасының кенже қызының кіндік әкесі болған еді ғой, осы отбасының айырылмастай досы еді. Араларынан қыл өтпейтін. Есхат қой қарауға кетті бір айға, соны пайдаланып жалғыз қалған әйелге осындай әдепсіз әрекет жасады. Ауылдың бәрі сыйлайтын, үйін соққанда ауыл жаппай көмектескен еді барып. Біреуі кірпішін қаласып, біреуі ақшасын беріп жатты. Жақында жамағат боп жиналып, "жеңіл көлік немесе мотоцикл алып берсек" деп жүрген. Қазір оны ешкімнің көргісі келмейтін шығар",- дейді.

Осы адамдармен сөйлесіп, пікірлерін білгеннен кейін қайтадан мешіт жаққа жол тарттық. Ішінде ешкім жоқ. Қасиетті Рамазан айында тарауих намазын өткізіп жүрген имам да ол жерде емес екен.

Өзінің айтуы бойынша, әйелі бала тауып бермеген соң, ол Нұрғиза марқұммен сырласа бастаған. Қадір Әмбиеұлы бұл ісі үшін өзінің ұялмайтынын айтады. 

–Мен оны шын сүйдім, жүрегіммен жақсы көрдім. Біз сөйлесе бастадық, кейін ол кісі де менде көңілі барын жасырмады. Қайтыс болған кісіні қаралағандай болмайын, ол күйеуінен талақ сұраған. Менімен шаңырақ көтергісі келетінін де айтқан",- дейді діндар молда Қадір Әмбиеұлы республикалық телеарналардың біріне берген сұхбатында.

Тағы да бір айта кететін жайт, ауыл ішінде соғылған мешіттің құжаттары ресми түрде дайындалмаған және де ауыл молдасын тұрғындар өзі сайлаған көрінеді.

Қазір орын алған оқиғаға қатысты іс қозғалды ма? 

–Қылмыстық іс Алматы облысы ІІД Ескелді аудандық полиция бөлімшесінде қаралып жатыр,- деді бізге  Қарабұлақ ауылдық полиция бөлімшесінің кезекші маманы.

Бұл мәселе бойыша шариғаттың үкімі қандай екенін білу әзірге мүмкін болмай отыр. ҚМДБ іс толығымен дәлелденген кезде ғана барып, қорытынды шығаратынын айтты.

Білгеніміздей, қара жамылған отбасының Қайнарлыда туыстары да аз. Барлық жақындары Қытай шекарасынан өте алмай, сүйекке топырақ та сала алмапты. Осыдан он күн бұрын Есхат Әйнекбекұлының ата-анасы келіп, қабір басына құран бағыштап қайтқан. 23-мамыр күні қайтадан шекара асып, елге келе жатқаны белгілі болды. Мәлім болғанындай, олардың 24-мамыр күні кешке Қайнарлы ауылына табан тіреп, отбасымен қауышатынын естідік.

Ендігі мәселе, істің ақиқаты қалай анықталады? Бұл оқиғада кім кінәлі? Отбасылы әйелді өлімге душар еткен молда соттала ма, жоқ әлде ақтала ма? Ендігі жерде істің ақ-қарасын анықтау - сот орындарының еншісінде. Ендеше біз де оқиғаны ұдайы назарда ұстайтын боламыз.

Оқи отырыңыз:

Алматы облысында имам зина жасап, отбасылы әйелді өлімге душар етті (видео)

Бек Байтас

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір