• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 16:55:40
Алматы
+35°

26 Мамыр, 2019 Саясат

Нұр-сұлтанда тағы бір белсенді сотталды (видео)

Үйінің балконынан "сайлауға бойкот" деп айқайлаған Дархан Өмірбаевты "заң қызметкерлеріне бағынбады" деп айыптап

25 мамырда Нұр-Сұлтан қалалық әкімшілік соты үйінің балконынан "сайлауға бойкот" деп айқайлаған Дархан Өмірбаевты "заң қызметкерлеріне бағынбады" деп айыптап, екі тәулікке қамады деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі Азаттық Радиосына сілтеме жасап.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімшілік сотының судьясы Нұржан Қайырбек оның әкімшілік құқықбұзушылыққа бірінші рет тартылып отырғанын айтып, сол себепті жазаны жеңілдеткенін және үкімнің бірден орындалатынын жариялады. "Сот қаулысы бірден қолына тапсырылып, оған он күн ішінде шағымдануға болады" деді судья.

38 жастағы Дархан Өмірбаевтың Азаттық Радиосы тілшілеріне айтуынша, 20 мамыр күні адвокатының іссапарда болуына байланысты сотты кейінге қалдыру туралы арыз жазғанына қарамастан, оны "соттан қашып жүр" деп көшеден ұстап, сотқа әкелген. Сотқа оны қолдап келген оннан астам азаматтық белсенді қатысқан.

Дархан Өмірбаев сотта 17 мамыр күні көп балалы отбасыларға берілетін әлеуметтік көмекті ала алмағаны үшін қапаланып, балконға шығып, Facebook әлеуметтік желісінде тікелей эфирде микрофоннан әділ сайлауды талап етіп, айқайлағанын айтты. Бұл туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігі жазған болатын.

"Содан соң сырттағы балалар менің далаға шығуымды сұрады. Сыртқа шығып көршілерден, есік алдындағы адамдардан сайлау туралы пікірін сұрадым. Сол кезде полиция өкілдері келіп, киімімді киюге де мүмкіндік бермей, қолымды бұрап алып кетті. Олар маған көмектесуге келген әйелімді қорқытып, оған электршокер қолданды", - деді ол.

Дархан Өмірбаевты полиция қызметкерлері үйінен күштеп алып кеткен видео.

Бірақ оны ұстап алып кеткен полиция лейтенанты Мансұр Жағыпаров сотта оның айтқандарын жоққа шығарды. Оның сөзінше, полиция пунктіне екі хабарлама түсіп, ішімдік ішкен адамның кішкентай балаларға тиісіп, балконнан сайлау, президент туралы неше түрлі айтып жатқанына шағымданған.

"Мен үш рет заң атымен айтамын дедім. Ол бағынбаған соң күштеп полиция бөлімшесіне алып кеттік. Бірақ мен оған да, әйеліне де электрошокерді қолданғаным жоқпын", - деді полиция қызметкері Мансұр Жағыпаров сотта.

Адвокат Бауыржан Азанов Дархан Өмірбаевтың кінәсін анықтау үшін оның үстінен шағым түсірген тұлғаларды, полиция өкілдері мен оған талдау жасаған нарколог дәрігерлерді сотқа шақыруды сұрады. Судья оның арызын жартылай қанағаттандырып, тек полиция өкілінен ғана жауап алды.

Прокурор Ж. Түстікбаев Дархан Өмірбаевтың әрекетінің дұрыс бағаланғанын айтып, оған екі тәулік беруді сұрады.

Адвокат Азанов Өмірбаевтың кінәсіз екендігін алға тартып, оған қатысты әкімшілік істі тоқтатуды талап етті.

Айта кетейік, Өмірбаевты полиция бұған дейін де басқа адамдармен бірге рұқсат етілмеген митингке қатысты деген күдікпен 22 наурыз бен 9 мамырда ұстап, оның ұялы телефонын алып қойған. Бірақ кейін оны полиция бөлімшесіне апарған соң босатып жіберген.

Ұсынған: Мият Кәшібай

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір