• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
17 Тамыз, 22:57:00
Медициналық сақтандыру: Өз денсаулығыңыз – өз қолыңызда

26 Мамыр, 2019 Саясат

Мәди Манатбек: "Қажыгелдин және Рысқалиевпен кездесу - өліара шақта таңдау жасауға бола ма?"

Ел басына күн туған жағдайда Қазақстанға келесіздер ме деген сұрағыма, екі азаматтан да...

Парижде "Қазақстан азаматтық қоғамының топтасуы" атты "ЖСДП – Ақиқат" партиясы және жетекшісі Ермұрат Бәпидің ұйымдастыруымен жиын өткен болатын деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Жиын барысында  бұрынғы премьер-министр  Әкежан Қажыгелдин және Атырау облысын басқарған Бергей Рысқалиевпен кездесу жайлы Мәди Манатбек өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парқшасына жариялаған. 

Мәди Манатбек Қажыгелдин, Бергей

"Парижге мен де бардым. Шақырған оппозицияның шетелдік бюросы. Қолым бос, демократиялы, еркін елде тұрамыз, сондықтан бірден келістім. Бізде оппозиция өкілдерімен кездесуге, кеңесуге болмайды, олардың үстіне жара шыққан, жүзі қара деген де заң жоқ", - деп жазады Мәди Манатбек.


Еліміздің премьер-министрі болған Әкежан Қажыгелдин және Атырау облысын басқарған Бергей Рысқалиевпен де кездестік. Көрген жерде көңіл айт дейді, Әкежан ағамызға әкесі Мағжанның бақилық болуына орай көңіл білдіріп, жаратқан иеміздің рақымына алуын тіледік. Әкесінің қазасына бара алмаған азаматқа сабыр айтып, бұндай жағдайды жауымызға да тілемейтінімізді жеткіздік. Әкежан Мағжанұлы мен Бергей Сәулебайұлының елді сағынғаны көздерінен көрініп тұрды. Бұл жерде бізге үлкен болып сөйлеуге, сабыр айтуға, әлі-ақ жақсы күндер туады деуге тура келді. 


Ел басына күн туған жағдайда Қазақстанға келесіздер ме деген сұрағыма, екі азаматтан да «керек болсақ келеміз, көмегімізді береміз, бәріне дайынбыз» деген жауап алдым. Енді осы жиында көрген-білгенімді тезис түрінде жеткізіп көрсем:


1. Бізді шақырғанда: «Ешқандай міндеттеме, үгіттеу болмайды. Жиынға қатысып, көріп кетсеңдер болғаны» делінді.


2. Париждегі жиналысты ұйымдастырған – жаңаланған «ЖСДП – Ақиқат» партиясы және оның жетекшісі Ермұрат Бәпи ағамыз.


3. Жиын «Қазақстан азаматтық қоғамының топтасуы» (Париж конференциясы) деп аталды.


4. Жеке өз атымнан айтсам, партияда жүйенің жоқтығын, ұйымдастыру жұмысының жолға қойылмағанын, үгіт-насихаттың аздығын байқадым. Бұл жерде журналист Гүлім Оразбаеваның «А-ның айтқаны Ә-ге жетпесе бұған А өзі кінәлі», - дегенімен келісемін.


5. ЖСДП өкілдері негізінен орысша сөйлеп, құжатты орыс тілінде дайындағанына өзім наразы болдым. Билікке сөзімізді өткізе алмай жүргенде, халықшыл деген оппозицияның орысша сайрағаны жараспайтынын айттым. Сондықтан да құжат алдымен қалың бұқараға қазақ тілінде жарияланауын талап еттік.


6. Оппозицияның шетелдік бюросы осыған дейін Қазақстандағы жаңалықты негізінен орыстілді ақпарат құралдарынан алып келгенін, бірақ белсенділік қазақтілді ортада, көшеге шығатын да, мәселе көтеріп, талап қоятын да, басын бәйгеге тігетін де негізінен қазақ азаматтар екенін мойындап, жұмыс бағытын дұрыс арнаға бұрып жатқандарын айтты.


7. Орыс тілі дегеннен шығады, «Бір ел – бір тіл» талабы қойылсын дегенді жастар жағы дауласып отырып, әрең өткіздік. Себебі, орыс тілі – ресми тіл дегенді алға тартқан билік, Ата заңды аяққа басып, түгелге жуық орысша сөйлеп, орысша жазады, оған қарап бизнес пен қоғам да орысша кетіп барады. Олардан «Неге қазақша сөйлемейсің?» - деп сұрасаң: Президенттің өзі, бағыт берер билігің де қазақшаға қарсы ғой, - деп аузыңа құм құяды. Өзге ұлт өкілдерінен де «қазақша сөйле деген талап қоймаса, орта болмаса, біз қалай қазақша сөйлеп кетеміз», - дегенді талай естідім.


8. Президенттік сайлауда «ЖСДП – Ақиқат» партиясы Әміржан Қосановты қолдамайтынын, сайлауға бойкот жариялайтынын айтты. Бұған да біз қарсы болдық. Оппозицияның сайлауға Қосановты биліктің өзі қосып отыр дегенімен келісеміз. Бірақ билік ұлттың да үнін естуі керек. Халықтың Қосановшыл болып отырғаны сондықтан. Қосановты қолдау – болашақты қолдау, қазақ тілін қолдау, демократияға қадам, ұлтты, қоғамды ояту екенін айттық. Анығын бір Алла біледі, әрине.


9. «ЖСДП – Ақиқат» партиясының көздегені парламенттік сайлауға қатысу. Әкежан Қажыгелдин мен Бергей Рысқалиевтің айтуынша, президент сайлауынан соң, тамыз-қазан айларында парламенттік сайлау өтеді. «Ақиқат» партиясы осы сайлауға қатысып, біраз орын алуды көздеп отыр. Партия «сенат» деген институтты жойып, бір палаталы парламент болуын талап етеді. Бұл ұсыныс өзіме де ұнады.


10. Қажыгелдин, Рысқалиев тарапынан өзіме айтылған ұсыныстар: партияға кел, басқар, жақтастарыңды жина, өз бағытыңды айт. Сонда парламентке депутат болып, талабыңды биік мінберден жеткізесің. Мен де, Абзал Құспан, Сәуле Әбілдаханқызы да ойланатынымызды айттық. 


Негізгі тезистер осындай. Әкежан Қажыгелдин мен Бергей Рысқалиевтің жалынды сөздерінен кейін көк байрақты көтеріп, көшеге шыққымыз-ақ келіп кетті. Көше демекші, негізгі күш халықтың өз қолында екенін, ел көтерілер болса, қалың нөпірді ешкім де басып, жаншып ұстай алмайтынын билік те, күштік құрылымдар да түсінеді деп сенемін. Бұндайдан құдай сақтасын деймін! Бірақ билік халықпен ымыраға келмейтін болса, әлеуметтік мәселелер шешілмесе, аналар тиісті жәрдемақысын ала алмаса, қазақ өз жерінде өгейдің күнін кешіп, малына да, басына да ие бола алмаса, баяғы жартас сол жартас болып қала берсе, халықта басқа мүмкіндік қалмайды. 


Айтпақшы, Парижге барған азаматтарға әкімдіктен, ҰҚК-ден хабарласып, мазалап жатыр екен. Бұның керегі жоқ деп санаймын. Керек болса бар сұраққа жауапты жоғарыда жаздым. Бәрін қадағалап ұстаймыз, бір-бірлеп «сындырамыз» деген ескі әдеттен арылу керек. Жастар мен қоғам белсенділерінен құбыжық жасаудың керегі жоқ. Құрбандыққа шалу дегенді тіпті ойламасын. Дамыған елдермен терезесі тең мемлекет құрамыз десек, еркін ойлы мемлекетшіл азаматтарды құрметтеуіміз керек. Бәріміздің көксегеніміз тыныштық, қазақ елінің тұтастығы, елдің ертеңі, ұрпағымыздың өз елінде өсіп, азат елдің қорғаны, азаматы болуы.

Ұсынған: Маржан Сәбет

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір