• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

16 Сәуір, 21:59:06
Алматы
+35°

27 Мамыр, 2019 NEWS

6 тонна алтын қайда кетті?

Қазір Қазақ елі шылқыған байлықтың үстінде отыр. Әрине, қара халыққа одан бес тиын пайда жоқ екені сізге де, маған да белгілі.

Осыншама түсіңізде көретін байлыққа өз жанын сатып ала алмай, ең ақыры дінінен бас тартып, шошқа бағушының қолынан қылғынып өлген императорды білесіз бе? Ол үшін сәл тарихқа шегініс жасайық.

Бір материкте бір өзі қожалық еткен ел қайдағы бір шошқа бағушының табанында тапталады деп кім ойлады? Бір патшасының байлығы ССРО-ның алтын қорынан асып түсетін 6 тонна алтын, 12 тонна күміс сақталған ертегілерде айтылатын байлық әріп танымайтын испандық шошқа бағушының қолына түсетінін кім білген? Оның өлімімен атақты империя да о дүниеге аттанды.

6 тонна алтын, 12 тонна күміс!!!

Бұл – аңызға айналған Инктер империясы.

Император Атауальпа тұтқынға түсті. Инктер өз билеушісін тұтқыннан босатуы үшін тонналаған алтын төледі. Бірақ мұның бәрі құр бекершілік болатын. Испандар инктер императорын тірілей отқа өртемек болды. Егер Атауальпа өз дінінен бас тартып, католик дінін мойындаса отқа өртемеуге уәде етеді. Бейшара күйге түскен император өмірінің соңғы сәтінде өз дінінен де бас тартты. Осылайша ол қылғындырып өлтірілді.

Байлыққа белшеден батқан Инктер империясы бар болғаны 180 адамдық Писарроның алдында тізе бүкті. Ал Писсароның осыған дейін кім болғанын білесіз бе?

Оның хат танитын сауаты болмады. Ол кедей отбасында дүниеге келді. Оның білім алуына да ешкім көңіл бөлмеді. Жас кезінде шошқа бағып, қорада еңбек етті. Тіпті әкесі оны өз ұлым деп мойындаған емес. Осындай заңсыз, шошқа бағатын ұл болашақта бүкіл Еуропаны алтынға көмеді деп кім ойлаған? Бұл – шынайы тарих.

Қазір Қазақ елі шылқыған байлықтың үстінде отыр. Әрине, қара халыққа одан бес тиын пайда жоқ екені сізге де, маған да белгілі. Қазақстан «екінші Кувейт» болмақ түгілі Камбоджа болып кетудің аз-ақ алдында тұр. Қазақстан  - жер байлығының алапат теңізі. Сізге нақты дерек келтірейін бе? Қараңыз онда.

Қазақстан дүние жүзінің 186 елінің ішінде вольфрам, қорғасын және барийдің қоры бойынша бірінші орында, хромит, күміс, цинк бойынша екінші. Қазақстанда хромиттің әлемдік қорының үштен бір, уран мен марганецтің төрттен бір бөлігі, темір кенінің оннан бір бөлігі орналасқан.

Барланған тас көмір және қоңыр көмірдің үлесі 200млрд, темір 8 млрд, мұнай мен газ 2 млрд, Көкшетаудан 120 тоннаға дейін алтын өндіруге байлығымыз жеткілікті. Әлемде ең сирек кездесетін вольфрам, тантал-ниобий, висмут, кадмий секілді миллиондаған доллар тұратын кен орындары әр қиырымызда төгіліп жатыр. Ойлап қараңызшы, мұның жанында әлгінде аузымыздың суы құрып баяндаған Атаульпаның тонналаған алтыны жәй бір дүние ғой.

Алла аман сақтасын, бірақ күндердің күні көрші отырған қытайдың құрт-құмырсқа, бақа-шаян жеген әскері басып кірсе сенің миллиондаған, миллиардтаған байлығыңа қарамайды. Сенің кезінде Қабанбай, Бөгенбай деген батырың болғанына, қазақтың арғы атасы Шыңғысхан деген сөзіңе пысқырғаны бар. Ұлы Дала елі деген ұрандардың құны бес тиын болады ол кезде. Әрине, қазақ қарсыласады. Бірақ қарсыласуға да күш керек. 6 тонна алтын, 12 ең болмағанда  бір ғана патшаның өмірін сақтап қалуға күші жетпеді. Басқасы басқа ең ақыры оған өз дінінде де өлуге мұрша берілмеді. Бүкіл құрлықта белшеден байлыққа батқан алып империя қайдағы бір  шошқа бағушының табанында тапталып, масқара күйінде тарих сахнасынан жоғалып кетті.

Мұнан сіз не түйдіңіз? Шошқа бағушының қызықты өмірі ме, әлде жай тарихи оқиға болғасын қызықтыңыз ба?

Сіз бір нәрсеге назар аударыңыз: император Атаульпаны тұтқынға алып кеткенде қара халық оның байлығын испандардың қолына жай ұстата салды. Әрине, аздап қимаған болар, бірақ берді. Неге? Неге деп ойлайсыз? Себебі сол миллиондаған қазына қара халықтыкі емес еді. Тіпті қара халық бұрын соңды ондай қазынаның барын да білмеді. Ал испандар мұны жақсы түсінді. Сол себепті кейбір инктер испандарды құтқарушыдай қабылдады. Бірақ испандар ешқандай құтқарушы емес еді, олар бар болғаны алтынға құныққа баскесерлер болатын.  Мұнан шығатын бір ғана қорытынды бар: елдің шылқыған байлығы жалғыз ат төбеліндей бірнеше адамның атасынан қалған мұра емес. Бұл байлық бүкіл қазақтыкі!

Мына менің, сенің атаң осы байлықты кезінде қанымен де, жанымен де қорғады.  Сондықтан мұнда біздің әрбіріміздің үлесіміз бар. Халық сол байлық өзінікі екенін сезінгенде ғана, содан өз үлесін алғанда ғана байлығын, елін, басшысын да қандай жау келсе де қорғайды. Егер миллиардтаған ақша билікті сақтап қала алса Атауальпа 36 жасында ит өліммен өлмес еді.

Бұл оқиға жоғарыда отырған кейбір ағаларымызға сабақ болса екен...

Рысбек Рамазанұлы, тарихшы

"ӘЛЕМ ХАЛЫҚТАРЫ ЖАЗУШЫЛАРЫ ОДАҒЫНЫҢ" мүшесі

Бек Байтас

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір