• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 10:02:08
Алматы
+35°

26 Мамыр, 2019 Аймақтар

Тараз қаласындағы "Шахристан" кешені жаңғыртылады

«Шахристан» тарихи-мәдени кешенін жаңғыртуға жоғары деңгейде көңіл бөлінді.

Бүгінгі таңда Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасымен  көне Тараз қаласының сәулеттік келбетін арттыру мәселесі қолға алынып отыр. Сонымен қатар, қаладағы Төле би көшесінің бойында орналасқан «Шахристан» кешенін қайта жаңғырту жұмыстарын қолға алу, қалпына келтіру жұмыстары да бастау алды. Сол себепті өңір басшысының тапсырмасымен «Шахристан» тарихи-мәдени кешенін жаңғыртуға жоғары деңгейде көңіл бөлінді.

Жалпы, кешен аумағы 200 гектарға созылып жатыр. Болашақта кешен аумағына көркемсурет галереясы, облыстық өлкетану мұражайы, 700-800 орындық амфитеатр, көлемді сағат стелласы, көрме залы және «Руханият» орталығы салынады деп күтілуде. Қазіргі таңда мұнда тиісті жұмыстар атқарылуда. Жыл басынан бері Тараз қаласын түлетудің тың жолдары қарастырылып, тиісті ұсыныстар енгізілуде. Екі мың жылдан астам тарихы бар көне қаланың сәулеттік келбетін арттыруға бүгінде тиісті мекемелердің бәрі де атсалысып келеді. Тараз қалалық сәулеттік бюро мекемесіне қала ішінен бой көтеретін нысандардың нобайын сызып, сұлбасын дайындау жүктеліпті. Бюро басшысы Арман Әбдешов қазіргі уақытта «Шахристан» этномәдени орталығының жобасына ерекше мән беріліп отырғанын жеткізді. Сондықтан да аталған орталықтың құрылысы ағымдағы жылдың күз мезгіліне дейін аяқталатын болады.

  Сонымен қатар, болашақта «Көне Тараз» кешені мен «Шахристан» этномәдени орталығы қосылады. Сол екі нысанның арасынан бір шақырымға созылатын арбат құрылысы жүргізіліп, шаһар көркін арттыруға ерекне серпін береді. Бұдан бөлек, «Тектұрмас» этнотарихи кешенінде «Көне Тараз» стансасы салынып, аспалы жол тартылады деп жоспарлануда. Аспалы жол «Тектұрмас» кешенінен «Шахристан» орталығына дейін созылатын болады. Мұның бәрі де көне Тараз шаһарының тарихын білгісі келген туристерге жасалған жақсы жағдай болып есептеледі. Бұл орайда Жамбыл облысы әкімдігі туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова алдағы уақытта «Шахристан» орталығында 60 шақты шеберхана орналасқан қолөнершілер қалашығы пайда болатынын, бұл өз кезегінде қала тұрғындары мен қонақтары үшін де жақсы болатынын айтты.

  «Шахристан» кешенін қайта түлетуге арналған жаңғырту шараларын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен қатар, жергілікті әкімдік Әулиеата жеріне келетін туристердің қатарын биыл 400 мыңнан асыруға барынша күш салуда. Ал, жергілікті әкімдіктің мәліметінше, бүгінде жоғарыда аталған бағытта 50-ге жуық кәсіпкерлік нысан арнайы тіркеуден өтіп, қызмет көрсетуге әзір екен. Сондай-ақ, жуырда Тараз қаласындағы «Төрткүл» тарихи кешені маңынан бірегей «Қазақ ауылы» этножобасы да бастау алып, көптің қызығушылығын тудырды. Ол үшін Тараз қаласынан 12 арнайы туристік бағыт әзірленіп, қонақтарға ыңғайлы жағдай туғызу мақсатында 33 туристік орталық арнайы мобильді қосымшаға егжей-тегжейлі түсіндіріліп, енгізілген. Ол жерден барлық қажетті мәліметтерді QR код арқылы да бес тілде алуға мүмкіндік бар екен. Сондай-ақ, ол қосымшада Жамбыл облысында қызмет ететін 178 қонақ үй мен 300-ден астам тамақтану орнының және көлік тасымалының сызбасы, ақша айырбастау пункттері мен туристік агенттіктердің тізімі, бағалары жасақталған.

 Дулат Айтбай

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір