• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
23 Тамыз, 00:54:00
Атыраулық «Жасыл ел» сарбаздары облыс аумағын 180 текше метр қоқыстан тазартты

28 Мамыр, 2019 Сұхбат

Дания Еспаева: Шетелдік банктердегі миллиардтар - олардың маңдай тер табысы емес

Мен Қазақстанның ұлттық тарихына, мемлекеттік тілі мен қазақ мәдениетіне, сол сияқты басқа этностардың мәдениеті мен тіліне деген сыйластықты қолдаймын.

Қазіргі уақытта 9-маусым күні болатын Президент сайлауына үгіт-насихат жұмыстары қызу басталып кетті.  Президенттікке үміткер 7 кандидат  қазіргі кезде еліміздің түкпір-түкпірінде өз сайлаушыларымен кездесуде.  Осы орайда біз еліміздің қоғамдық –саяси өміріне белсене араласып жүрген "Ақ жол" партиясының атынан сайлау бәсекесіне түсіп жатқан Дания Еспаеваға бірқатар сауалдар қойдық.

– Жалпы бұл жолғы сайлау өзгерек. Өйткені бәсекелестердің ішінде әйел азамат бар. Ол –Дания Еспаева. Таңдау Сізге түсті. Неге?

– Жалпы еліміздің қоғамдық-саяи өмірінде "Ақ жол" партиясының белсенділігі төмен емес. Парламенттегі фракция мүшелері де Қазақстандағы болып жатқан оқиғалардан қалыс қалмайды. Қашан да өз дауысын білдіріп, өзекті мәселелерге қатысты үкімет пен тиісті орындарға депутаттық сауалын жолдап отырады. Жалпы мен ғана емес,  "Ақ жол" партиясының кез келген мүшесі президенттікке үміткер бола алады. Бізде лайықты азаматтар жетерлік.  Бірақ партия съезінде делегаттардың көпшілігі  мені қолдап дауыс берді.  Демек, қазіргі басты міндет пен мақсат  – партияның ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың үмітін ақтау және сенімінен шығу  болып отыр. Бұл – өзім үшін ғана емес, демократияға, сондай-ақ, барлық қазақстандық әйелдер үшін жасалған  батыл қадам.

– Қазіргі уақытта сайлаушылармен кездесуде қандай да бір кедергілер болып жатқан жоқ па?

– Жоқ. Бүгінде "Ақ жол" партиясының сайлауалды штабы республиканың түкпір-түкпірінде халықпен кездесуде. Ешқандай кедергілер болып жатқан жоқ. Біз өзіміздің сайлауалды бағдарламамызды халыққа  терең таныстырып жатырмыз.

– Ал үміткер ретіндегі сіздің бағдарламаңыздың ерекшелігі неде?

– Қазақстан жаңа тарихи дәуірдің босағасын аттағалы тұр! Еліміз  тәуелсіздік алғанға дейін талай қиын-қыстау кезеңді басынан өткізді. Бүгінгі күні бізді жаңа дәуірдің кезекті белестері мен асулары күтіп тұр. Ал менің бағдарламам  республикамыздың одан әрі жақсарып, қарыштап даму жолындағы осы қауіптер мен сын-тегеуріндеріне лайықты бағасын беріп, олардан шығу жолдарын көрсетеді.

– Халықтың әл-ауқаты мен тұрмысы арту үшін кәсіпкерліктің орны үлкен.  Бұл орайда сіздің ұстанымыңыз қандай?    

– Жалпы халықтың әл-ауқатының негізі – тұрақты қарқынды даму, мықты жеке бизнес және  адал бәсекелестік. Мен әрдайым жеке кәсіпкерліктің, соның ішінде шағын және орта бизнесті қолдаудың тұрақты жақтаушысы болып келдім. Бүгінгі күні еліміздің алдында жаһандық сын-тегеуріндер тұр, оларды еңсермей бұдан әрі даму мүмкін емес.

– Ал  халықтың тұрмысы артып, жаппай кәсіпкерліктің дамуы үшін не істелінуі керек?

– Менің ойымша, осы  қауіптерді жаңа мүмкіндіктерге айналдыру үшін келесі іс-шараларды жүзеге асыру қажет:

  • Ұлттық банк және екінші дәрежелі банктер несиелер бойынша мөлшерлемелерді төмендетуі тиіс;
  • Қор құралдары арқылы баламалы, банктік емес қаржыландыруды дамыту керек. АХҚО шеңберінде құрылатын кәсіпорындарды қаржыландыруды осы әдістермен мемлекеттік қолдауды қамтамасыз ету керек;
  • Салықты әкімшілендіру мен есептілікті жеңілдету, шоттарға тыйым салу және бизнестің шығыс операцияларын тоқтатудан бас тарту; егер кәсіпкерлердің мемлекетке немесе басқа тұлғаларға залалы тимеген болса, кәсіпкерлер үшін айыппұлдарды жою;
  • кәсіпкерлік қызметке кедергі жасағаны үшін шенеуніктердің жауапкершілігін күшейту;
  • басым салалар үшін (ауыл шаруашылығы мен ауыл шаруашылық өнімдері, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау саласы) төмендетілген ҚҚС мөлшерлемесін енгізу; немесе каскадсыз әдіспен алынатын салыққа ауыстыру;
  • мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру, олардың ашықтығын қамтамасыз ету, келісу және пара беру мүмкіндігін болдырмау;
  • Отандық компаниялардың ішкі рыноктағы басымдығын қамтамасыз ету;
  • ұлттық компаниялардың және даму институттарының қызметіне парламенттік мониторинг енгізу, мемлекеттік қаражаттарды пайдалану тиімділігін қамтамасыз ету.
  • Шағын және орта бизнестің құлдырауына және халықтың кедейленуіне әкелетін тұрақты девальвация тәжірибесін тоқтату қажет деп ойлаймын.

– Бірақ көп жағдайда біздің осы салаға қатысты жоғары лауазымды шенеуніктер "девальвация болмайды" деп халықты сабырға шақырып жатады...

– Егер министр немесе Ұлттық банк басшысы "девальвация болмайды" деп мәлімдесе, бірақ аталған өзгеріс орын алса,  ол шенеунік қызметтен кетуі тиіс. Өйткені халықты алдауға болмайды. Барлығы алдын ала ашық және жариялы түрде болуы тиіс. Сонда ғана елдің билікке сенімі артады.

– Сыбайлас жемқорлық қазіргі кезде қоғамның жегі құрты болып отыр. Одан қалай арыла аламыз?

– Бір нәрсені ашық айтуымыз керек: сыбайлас жемқорлықтың қоғамға дендеп кіргені  соншалық, бұл халықтың  билікке деген сенімсіздігін тудырып отыр. Бұл – әлемдік кесел, бірақ жемқорлыққа  тойтарыс беруге болады. Ол үшін  сот және құқық қорғау органдарына сенім күшеюі тиіс. Сонымен қатар, барлық ашық сот отырыстары интернет бойынша трансляциялануы тиіс. Сонда ғана халықтың билікке сенімі артады, қоғамда сыбайлас жемқорлық азаяды. Сыбайлас жемқорлық қалай жойылады, мұнымен күресудің тиімді жолы қандай? Мұның барлығы менің сайлауалды бағдарламамда терең айтылған.

– Ал Президенттікке үміткер Еспаеваның Қазақстаннан сыртқа кеткен қаржы  туралы көзқарасы  қандай?

– Бұл – олардың маңдай терімен тапқан қаржысы емес. Сондықтан оффшорлық аймақтар мен шетелдік банктерден миллиардық қаражаттарды Қазақстанға қайтару керек. Бұл қаражат – қара ниетті жемқорлар мен алаяқтардын халықтан ұрлаған ақшасы. Сыбайлас жемқорлықпен күресудің басты бағыты, да осы болмақ.    

Жалпы есепке жүгінер болсақ,  жемқорлар мемлекетімізден заңсыз түрде 160 миллиардтан астам ақша шығарған. Сондықтан "Ақ жол" партиясы шенеуніктердің оффшорлық шоты туралы банктік құпиялылықтың алынып тасталып, өздері қайдан алғанын түсіндіре алмайтын ақшаның анықталуын және қайтарылуын талап етеді. Ал аталған талап заң аясында кәсіпкерлігін дамытып, халықты жұмыспен қамтамасыз етіп отырған адал кәсіпкерлерге еш қатысы болмауы тиіс деп ойлаймын.

– Бүгінгі таңда Қазақстан халқының 43 пайызы  ауылдық жерде тұрады. Олардың жағдайын қалай жақсарта аламыз?  

– Ол үшін ауылдық жердегі еңбек қаржылық тұрғыдан лайықты бағаланып, фермерлік шаруашылықтағы жұмыскерлер қалалық кәсіпорындардан аз жалақы алмауы тиіс. Осылай ғана біз өмір  сүру көрсеткішін көтеріп,  жастарды сырт жаққа емес, өз ауылында еңбек етуге қызықтыра аламыз деп ойлаймын.

– Жалпы президенттікке үміткер ретінде Сіздің ұстанымыңыз қандай? Тәуелсіздікті одан ары баянды ету үшін не істеу керек?

– Біз үшін тәуелсіздік және ұлттық мүдде - басты құндылық. "Алаш" көшбасшысы Әлихан Бөкейхан "Мемлекеттілігі жоқ халық – жетім халық" деп бекер айтқан жоқ. Ал ел тәуелсіздігін қамтамасыз ету және оның ұлттық мүдделерін қорғау – әрбір азаматтың міндеті. Бұл бабаларымыздан қалған асыл мұра. Сондықтан ата-баба аманатына адалдық танытып, тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтап, баянды ету –міндетіміз. Бұл – Қазақстанда тұратын бар халықтың басты құндылығы.

Мен Қазақстанның ұлттық тарихына, мемлекеттік тілі мен қазақ мәдениетіне, сол сияқты басқа этностардың мәдениеті мен тіліне деген сыйластықты қолдаймын. Бұл орайда "Ақ жол" партиясы республикамыздағы географиялық нысандардың, көшелер мен елді-мекендердің атауларындағы тарихи әділдікті қалпына келтіруді тұрақты түрде жалғастырады. Жалпы халықтың санасы кеңестік және коммунистік елестен мүлде ада болуы қажет.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен Еркін Қалдан

Материалдың жариялану ақысы ҚР Президенттігіне үміткер Дания Еспаеваның сайлау қорының қаражатынан төленді

 

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір