• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 13:01:13
Алматы
+35°

28 Мамыр, 2019 Саясат

Президенттікке үміткерлер пікірталасы қашан, қайсы телеарнада өтеді?

2019 жылдың 9 маусымында өтетін Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауына жеті үміткер өздерін ұсынған болатын

Қазақстан президентіне үміткерлердің пікірталасы 29 мамыр күні сағат 18.00-де "Хабар" телеарнасының тікелей эфирінде өтеді деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

2019 жылдың 9 маусымында өтетін Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауына жеті үміткер өздерін ұсынған болатын:

  • Қазақстанның коммунистік халықтық партиясынан Жамбыл Ахметбеков;
  • "Ақ жол" демократиялық партиясынан Дания Еспаева;
  • "Ұлт тағдыры" қозғалысының үміткері Әміржан Қосанов;
  • "Ауыл" партиясының өкілі Төлеутай Рахымбеков;
  • Кәсіподақтар федерациясының өкілі Амангелді Таспихов;
  • Nur Otan партиясынан Қасым-Жомарт Тоқаев;
  • "Ұлы дала қырандары" қоғамдық бірлестігінен Сәдібек Түгел.  

"Хабар" телеарнасының тікелей эфирде көрсететін пікірталас "Қазмедиа орталығы" медиакешенінде өтеді. Тележүргізушілер Ерлан Игісінов пен Қымбат Досжан жүргізетін теледебат үш кезеңге бөлінеді:

Бірінші кезеңнің тақырыбы – "Қазақстанның экономикалық дамуының басымдықтары". Ол екі айналымды қамтиды, деп жазылған телеарнаның хабарламасында.

Бірінші айналымда әрбір кандидат өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстыруы керек. Екінші айналымда қатысушылар   қарсыластарына екі сұрақтан қоя алады, сондай-ақ екі сұраққа жауап береді.

Екінші кезеңнің тақырыбы – "Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы". Бірінші айналымда президенттікке кандидаттар тақырып бойынша сөз сөйлейді, ал екінші айналымда жүргізушінің бір сұрағына жауап береді.

Үшінші кезеңнің тақырыбы – "Сайлаушыларға сөз". Президенттікке үміткерлер Қазақстан халқына үндеу жасайды.

 

Ұсынған: Мақпал Сембай

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір