• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 00:18:47
Алматы
+35°

28 Мамыр, 2019 NEWS

«Nur-Sultan Ethno fest» - салт-дәстүрлер салтанат құрады

«Nur-Sultan Ethno Fest»  мерекесіне арналып «Хан-шатыр» кешенінің маңында ауқымды этно-қалашық бой көтереді

30 мамыр мен 2 маусым күндері Елорда төрінде  ұлттық спортты, салт-дәстүрді ұлықтауға арналған   тұңғыш  «Nur-Sultan Ethno Fest»  мерекесі өтеді. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мен ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы бірлесіп ұйымдастыратын бұл этно-фестивальде елордалықтар мен қала қонақтары тамашалайтын мерекелік шаралар бірнеше күнге жалғасады.

Атап айтар болсақ, «Nur-Sultan Ethno Fest»  мерекесіне арналып «Хан-шатыр» кешенінің маңында ауқымды этно-қалашық бой көтереді. Бұл этно-қалашықта ұлттық қолөнер бұйымдарының сауда орны мен бірнеше көрмелер, балалар мен ересектерге арналған ұлттық ойындар өтетін спорттық алаңдар, түрлі үй жануарлары мен спорттық аттарды қызықтайтын орындар, ұлттық жиһаздармен жабдықталған киіз үйлер орналаспақ. Балаларға арналған тұңғыш этно-аттракцион ашылады. Сондай-ақ, «Nur-Sultan Ethno Fest»  мерекесі аясында сол этно-қалашық аумағында  Жамбы атудан «Алтын жебе» І Әлем чемпионаты өтеді.  Тұңғыш ұйымдастырылған бұл Әлем чемпионатына жиырмаға жуық  мемлекеттің айтулы мергендері қатыспақшы.

Бұл туралы мерекені ұйымдастырушылардың бірі, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбай: «Нұр-Сұлтан қаласында өтетін бірнеше тұңғыш шараның басын қосқан бұл  «Nur-Sultan Ethno Fest»  мерекесінде қатысушыларға естен кетпес қызықтар аз болмайды. Бір ғана, «Алтын жебе» І Әлем чемпионатының өзі қалың жұртшылықты өзіне еріксіз тартады деп ойлаймын. Бұған дейін Жамбы атудан «Алтын жебе» бәсекесі Елорда төрінде екі мәрте халықаралық турнир ретінде өткізілген еді. Оған Венгрия, Оңтүстік Корея, Финляндия, Малайзия, Түркия, Монғолия, Ресей, Румыния, Польша сияқты елдердің әйгілі мергендері қатысқан болатын. «Алтын жебе» турнирінің  бас жүлдесі екі жыл қатарынан румыниялық сұрмерген Михай Козмейге бұйырды. Ал, турнирдің күміс, қола жүлделерін біздің Айтбек Сарыбай, Ералхан Айкөз, Абзал Тулыбеков сынды жас мергендеріміз иеленді.

Енді міне, сол «Алтын жебе»  турнирі тұңғыш рет Әлем чемпионаты  деңгейіне көтерілді. ҚР Мәдениет министрлігінің жылдық күнтізбелік жоспарына сәйкес өткізілетін бұл әлемдік мергендер сайысына Оңтүстік Африка,   Оңтүстік Корея,   Ресей, Румыния, Түркия,    Венгрия және бірнеше Азия мемлекеттерінің атақты мергендері бақ сынайды. Жарысқа шет елдерден екі спортшы, ұйымдастырушы ретінде біздің елден бес спортшы қатысады. Осы жолы тұңғыш Әлем чемпионатының бас жүлдесін қазақ мергендері  иеленеді деген үмітіміз мол.

  Ең қызығы, ұмытылған ұлттық дәстүрлер де осы «Nur-Sultan Ethno Fest»  мерекесінде бір жаңғырмақ. Халық жадынан шыға бастаған қамшыгерлік, тезге салу, қолқа салу, тығырыққа тіреу, арқан өру, қамшы өру, шаңырақ көтеру секілді ұлттық салт-дәстүрлері жұртшылық назарына ұсынылып, олардың шығу тарихы мен мән-мағыналары баяндалады. «Қолқа салу», «тезге салу», «мәймөңкелеу», «тығырыққа тіреу» тіркестері қайдан шыққан? «Nur-Sultan Ethno Fest»  мерекесін тамашалаушыларға этнограф-ғалым осы сөздердің мағыналарын іс-жүзінде көрсететін болады.  

 Сондықтан, әсіресе ұлттық салт-дәстүріміздің осылайша салтанат құрғанын тамашалағысы келген отандастарымызға демалыс уақыттарын аталған мерзімде «Хан-шатыр» маңында өткізуге кеңес беремін» деп, біздің қойған сауалға орай этно-фестваль туралы кеңірек тоқталып өтті.   

Сонымен бірге, «Nur-Sultan Ethno Fest»  мерекесінде ересектер арасында аударыспақ, садақ ату, арқан тарту, асық ату, серке көтеру, найза лақтыру сияқты көптеген ұлттық ойындар күн сайын өткізіліп тұрмақ. Ойынға қатысушылардың жеңімпаздарына марапаттау мен жүлделі сыйлықтар табыс етіледі. Ұлттық салт-дәстүр мен кітап көрмелері тамашаланады. Ақындар айтысы мен күй сайысы  ұйымдастырылады. Этно-қалашықта төселген боз кілемде атақты балуандар шеберлік сабақтарын жүргізіп, балалар мен ересектер арасында қазақша күрес жарыстарын ұйымдастырады. Іргелес алаңда дәстүрлі садақан республикалық ашық турнир өтеді. Сондай-ақ, ата-аналар да балаларымен бірге аударыспақ, асық ату, ләңгі тебу, қаппен секіру секілді жарыстарға қатысу мүмкіндігі бар. Этно-аттракционда бүлдіршіндер үшін үш метрлік таяқтармен жүретін алып адамдардың жарысы қызықты қойылымдар,  алтыбақанда тербелу, пони аттарға мініп серуендеу сияқты көптеген қызметтер тегін көрсетіледі.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір