• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 05:58:24
Алматы
+35°

28 Мамыр, 2019 Саясат

"Біздің буын "Астана күнін" тойлайтын болады"

Бұл маразмды біз бастамадық. Бірақ, сіздер бастаған маразмды біздің буын тоқтатады.

Facebook әлеуметтік желісінің белсенді қолданушысы, саясаттанушы Бауыржан Серікбаев Қазақстан астанасы Нұр-Сұлтан қаласының бұрынғы атауына қатысты өз ойын айтты деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Саясаттанушының пікірінше, Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев көзі тірісінде бір қаланың атын иелену арқылы сан жылдар бойы жинаған абыройынан айырылып жатыр.

"Елбасының биліктен кетемін деп кетпей жүргеніне екі айдан асыпты. Осы аралықта біраз нәрсені ойланып, қайта таразылап шығуға мүмкіндік болды. Жалпы, Елбасының 30 жылдық еңбегінің кульминациясы, бетке ұстар жетістіктерінің бірі ретінде Астана факторын атауға болушы еді. Өкінішке қарай осы жеткен жетістігінің өзін соңғы қабылдаған шешімдері арқылы қасықтап жинаған абыройын шелектеп төгумен келеді. Елбасының тариxи бағасын бүгінгі шалдар емес, келесі буын жастар және менің замандастарым беретін боламыз. Сондықтан біз алдағы 20-30 жылдан кейін сіздер туралы не айтатынымызды алдыңғы буын шал-шауқандар қазірден-ақ шет жағасын тыңдап, оқи беріңіздер!",– деген ол Назарбаевтың тарихи бағасын биліктегі буын емес, қазіргі һәм алда келе жатқан жас буын береді деп есептейді.

"Сөз жоқ, Астананың ауысуы – жаңа қаланың салынуы дұрыс қадам болды. Мемлекетіміздің орталығын салып, жаңа леп пен үміттің символын жасағандай болып еді. Өкініштісі көзі тірісінде қалаға өз атын өзі беріп Астана арқылы сан жылдар жинаған абыройынан бір күнде айырылды. Қазір әкімшілік күшпен қанша мақтаса да, келешекте "Иә, бірінші президент Астананы салды. Бірақ, қалаға өз атын өзі беру арқылы (Тоқаев Елбасының айтқанын іске асырушы тұлға ғана) ең ақылсыз шешімді жасады. Уақыты келгенде xалықтың қалауымен жасалуы керек нәрсені асығыс іске асырып, керісінше xалық пен жастарды өзіне қарсы қойып алды" деген тариxи бағаны біздің буын айтатын боламыз. Астананы Нұр-Сұлтан деп сіздердің буын ауыстырды. Бұл маразмды біз бастамадық. Бірақ, сіздер бастаған маразмды біздің буын тоқтатады. Болашақта Нұр-Сұлтан қаласының қайта Астана болып ауысқан күнін "Астана күні" ретінде тойлайтын боламыз!",– деді Бауыржан Серікбаев.

Ұсынған: Мият Кәшібай

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір