28 Мамыр, 2019 Психология
3 психологиялық рөл: Әйелді қайсысы бақытты етеді?
Тек қыз-келіншектер үшін...
Qamshy.kz ақпарат агенттігі әйел бақыты, отбасы тақырыбы төңірегінде келелі кеңес айтып, шаңырақ шаттығын арттыруға үлес қосып жүрген психолог Марзия Бекайдардың эксперттік ойларын тұрақты түрде жариялауды қолға алды. Бірінші тақырып әйел адамның бойында кездесетін 3 психологиялық рөлге арналады.
Мұны білу не үшін маңызды екенін білесіз бе?
Маған «ара-қатынасымыз суып кетті, не істерімді білмеймін»,«күйеуімнің артық жүрісі көбейіп кетті», «өзімді таппай жүрмін» деген мәселелерін арқалаған қыз-келіншектер кеңес сұрап келеді. Мен бұл жағдайда тек бір нәрсені ғана ескерткім келеді. Осы мәселенің барлығына жауап беретін адамның үш түрлі кейпі (рөлі) болады. Олар: ата-ана рөлі, ересек адам рөлі, бала рөлі. Үш рөлдің тек біреуінде қалып қойған жағдайда ғана келеңсіз мәселелер туындай береді. Атақты Берн деген психолог бар. Ол саналы ғұмырының тең жартысында «әр адамның бойында 3 кейіп (рөлі) болады» деген тәмсілді зерттеумен өтті.
Сіз аталған рөлдердің бірінде қалып қойсаңыз, адамдармен қарым-қатынас кезінде түрлі кедергілер болуы мүмкін. Не үшін екенін түсіндірейін. Бұл үш кейіп (рөл) жас талғамайды. Үш түрлі рөл 5 жасар балада да, 80-ге келген ересек әйелде де болуы мүмкін. Бұл дәлелденген. Адам бойында осы үш рөлдің барлығы да кездеседі. Бірақ міндетті түре біреуі басымырақ болады.
Ата-ана рөлі
Ата-ана рөліндегі адам әрдайым: «Мынау дұрыс, мынау дұрыс емес», «солай болу керек», «бұл қалай болды?» деген сөз тіркестерін жиі қолданады. Әрдайым айналасындағыларға наразы болып жүреді. Олар барлығын бақылап отырады, барлық жерде ақыл айтып, тәрбиелегенді жақсы көреді. «Бұл дұрыс емес» деп түзетіп отырады. Барлығын жақсартуды қалайды. Әсіресе, әйелдер тұрмысқа шыққан кезде бойларында ата-ананың рөлі дами береді. Шаңырақ көтерген бойда күйеуін өзгертіп, барлығын бақылауына алғысы келеді. Оның бойында «барлығын жақсарту керек» деген тілек пайда болады.
Олар айналасындағыларға үнемі көңілі толмай жүреді. Біреуге кінә артқанды жақсы көреді, адамдардың кемшілігін көрсетуге бейім. Өздігінше өзгелерге баға бергенді ұнататын жандар. Осы сынды адамдарды қазір әлеуметтік желілерден де байқауға болады. Жұмсақ диванда жатып алып, ақыл айтқыш адамдар көбейген. Статистика бойынша адамдардың 70 пайызы ата-ана рөлінде өмір сүреді екен. Ал менің жеке бақылауым бойынша, менің жеке статистикам бойынша адамдардың 90 пайызы осы рөлде өмір сүріп келеді. Бұл өте өкінішті жағдай. Яғни адамдардың 90 пайызы өзге адамдарды сынағанды, жамандағанды, өзгелерді өзінше жазалағанды, тәрбиелегенді жақсы көреді деген сөз.
Әйелдер неге осы рөлде қалып қояды?
Не себепті қыз-келіншектер осы рөлде жүреді? Мен бір шындықты айтайын, егер әйелдер осы рөлді таңдап алса, оның ер-азаматы міндетті түрде қыдыратын болады. Бұл менің бақылауымнан кейін түйген ойым. Менің алдыма келіп өз оқиғаларымен бөліскен адамдардың 100 пайызы осы рөлде болған. Адамдардың көп бөлшегі осылай өмір сүреді.
Мысалы, 5-6 жасар қыз баланың да бойынан ата-ана рөлін көруге болады. Адамның өмірінде сынақ көп болса, ол тез арада ата-ана рөліне енеді. Неге? Өйткені сол рөл арқылы өзінің мықтылығын көрсеткісі келеді. Ол өзін осы рөл арқылы қорғап қалса болғаны өзін осы рөлде жақсы сезінбек. Оған кішкентай кезінде ата-анасы қателік жасауға жол бермеген. Егер бала қателік жасаса түсіністікпен қараған дұрыс. Сол кезде ғана ол өз қателігін ой елегінен өткізе алады. Ал біз бұл жағдайда не істейміз? Біз дереу жазалауға асығамыз. Адам содан кейін қателік жасаудан қорқа бастайды. Мен бір нәрсе жасап қателескенше, өзгелерді сынап отыра берейін деген ойда болады. Ата-ана рөліндегі әйел өзін түзеткісі келмейді. Кейде әйел адам сүйгеніне тұрмысқа шықпаса да осы рөлге енеді екен. Тіпті сүйікті ісімен айналыспауының өзі әсер етеді. Ата-ана рөліндегі адамның артықшылығы ол - қамқоршы.
Ересек адам рөлі
Ересек адам дегеніміз кім? Ересек адам - эмоциясы жоқ адам. Мысалы ата-ана рөліндегі адамның эмоциясы жағымсыз болса, ересек рөлдегі адамның эмоциясы болмайды. Ересек адам әрқашан сараптамадан өткізеді, келісім жасайды, сөйлесе алады, мәселені бірден шешеді. Ол барлығын жоспарлайды, уақытын дұрыс пайдалана алады. Ересек рөлдегі адам ерте есейген, ақыл тоқтатқан адам. Бұл рөлдегі адам айналасындағыларды жалықтыруы мүмкін. Ол келісімге келіп өмір сүргенді ұнатады. Оның артықшылығы өзінің алдындағы адамды тыңдай біледі.
Бала рөлі
Бала рөліндегі адам өте эмоционалды келеді. Барлығы үшін алғыс айта алады. Өзін-өзі биік бағалау қасиеті бала рөліндегі адамдарда ғана болады. Егер әйел өзін-өзі бағаламаса, оның ішкі жан-дүниесіндегі бала кейпі өте кішкентай деген сөз. Жан-дүниемдегі баланы өлтіріп алғанмын деп айта көрмеңіз. Оны өлтіру мүмкін емес, ол әрдайым сіздің жан дүниеңізде. Бірақ әлі жетілмеген, кішкентай шақалақ күйінде қалып қойған. Сіздің ішкі дүниеңіздегі бала бақытсыз. Ол қуана біледі, ренжи алады, сезіне алады, көңіл көтере алады, өзіне адамдарды тарта алады. Бойыңызда бала кейпіңіз көбірек дамыған болса, өзгелер сізге қамқорлық танытқысы келеді. Маған «мені күйеуім ұнатпайды», «маған неге көңіл бөлмейді», «мені неге бағаламайды» деген сұрақтарды жиі қояды. Мен бірден әйелдің ата-ана рөліне беріліп кеткенін байқаймын. Әйел күйеуі үшін ата-ана болса, оған ештеңе сатып алғысы келмейді. Еркек өзінің сүйіктісі үшін қай кезде тау қопарғысы келеді? Тек қана оның сүйіктісі кішкентай қорғансыз бала кейпінде болса ғана қамқорлық танытады.
Адамдардың 90 пайызында бала рөлі жоқ. Мәселенің барлығы осыдан келіп туындайды. Сүйіктісі бала сияқты болса ер-азамат көзіне шөп салғысы келмейді. Өйткені бала рөліндегі әйелде эмоция бар. Өйткені ер-азаматтарға эмоция керек. Бала кейпіндегі әйел адамды қуантқысы, еркелеткісі келеді. Бала рөліндегі әйел шынайы қуана алады және өзгелерді қуанта алады. Шығармашылықпен тек бала рөліндегі адам айналысады. Егер адамның бойында ата-ана рөлі басым болса, ол шығармашылығын шыңдағанмен, жарық еткен дүние жасай алмайды. Өзін-өзі жоғалтып алады.
Мен қарапайым ғана мысал келтірейін, сіздің ең жақсы көретін адамыңыз бар. Мейлі ол досыңыз, әкеңіз, анаңыз, бауырыңыз, сүйіктіңіз болсын. Сіз ол кісіні керемет сыйлық жасап қуантқыңыз келеді. Бірақ ол адамда барлығы бар, бір сөзбен айтқанда өте бай адам. Керегін тауып алатын, өмірде мүлдем таршылық көрмеген. Жаныңызға жақын адам болғандықтан, сіз оған ерекше сый тарту еткіңіз келеді. Бірақ не сыйларыңызды білмейсіз. Келісетін шығарсыз, бай адамға сыйлық жасау өте қиын. Оны таңқалдыру үшін қандай сыйлық жасау керек? Білмейсің... Тура сол сияқты әйел адам ата-ана рөлінде болса, еркек оны таң қалдыра алмайтынын түсінеді. Оның эмоциясы жоқ, ештеңеге таңырқамайды. Егер ер-азаматы қолына гауһар тасты жүзік сыйласа да, ата-ана рөліндегі әйел сыйлықтан бәрібір ілік табады. Сол сияқты қымбат тоннан да кемшілік іздейді.
Ал керісінше, баланың рөлі басым болса оның эмоциясы көп, шынайы қуана біледі. Тіпті кішкентай сыйлықтың өзін шын жүрегімен қабылдайды.
Әр адам өзінің шекарасын қорғауы керек. Бәрін ақылмен таразылаңыз. Үндемей қалмаңыз. Барлығын байыппен, жаймен түсіндіруге тырысыңыз. Адам үнсіз қалса, сізге барлығы оңай деп қабылдайды. Ол сіздің жан дүниеңізде қандай ауырлық болып жатқанын сезбейді. Көптеген әйелдер үндемей қалсам, «бәрекелді, үндеген жоқ қой, енді бұлай жасамаймын», - деп күйеуі өз қатесін түсінеді екен деп ойлайды. Күйеуіңіз түнделетіп келсе, үндемей қоюыңыз мүмкін. Ол сізді жарайсың деп мақтайды, гүл сыйлайды. Сіз енді қайталанбайды деп ойлап жүре бересіз. Іштей ол мені түсінді деп ойлайсыз. Шын мәнінде ол ештеңе түсінген жоқ. Бұрынғы әдетіне қайта басады. Бұл жағдай жиі қайталана берген соң, сіз ішіңізге сыймай шу шығарасыз. Мен сені кешірдім, қылықтарыңа шыдадым дейсіз. Кім саған шыда деп айтты? Ол сенің үнсіздігіңнен ештеңе түсінген жоқ. Саған ауыр екенін қайдан білсін? Былай айту керек: «Жаным, сен түнгі 2-де келген кезде маған қалай ауыр болғанын білесің бе? Сен келгенше, мен отырып алып жылаймын. Маған сондай ауыр. Жан дүниеме ауыр, өтінемін, келісіп алайық. Сен енді түнделетіп келмеуің керек», - деп үш рет келісімге келесің. Үш рет айтасыз. Егер ол сізді үш рет айтқанда түсінбесе, төртінші рет: «Жаным, сен тағы да түнделетіп келетін болсаң, менің кетуіме тура келеді», - деп ескертесің. Сағат екі болды, ол келмеді ме, такси шақыртып сіңліңнің үйіне кетесің. Бұл жағдайда ешқашан айғайға баспайсың. Барлығын тыныш іске асырасың. Кетіп қаласың, ол түнгі екіде келеді де: «Сен қайдасың?», - деп қоңырау шалады. «Мен сіңілімнің үйіндемін. Маған бұл үйде ыңғайсыз болып жатыр. Білесің бе жататын жерім де ыңғайлы емес. Ертең таңертең жұмысқа баруым керек. Бірақ мен сен кеш келсең кетіп қалам деп уәде еттім ғой. Сол үшін маған кетуге тура келді. Қайырлы түн! Мен сені сондай жақсы көремін. Сені сағындым. Сенің жаныңда болмағаныма өкінемін», - деп жауап қайтарасың. Бұл әрине ер мен әйелдің арасында алғашқы кезеңде ғана іске асады. Сонымен қатар, ер-азаматыңыз сабырлы болу керек.
Егер ер мен әйелдің арасында ешқандай келісімге келушілік жоқ болса, бір-бірін түсінбейтін болса онда бала рөлін бірден іске қосу керек.
Дайындаған: Маржан Сәбет
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір