• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 02:28:51
Алматы
+35°

27 Мамыр, 2019 Аймақтар

Жамбыл облысында жер телімдеріне инфрақұрылым тартылады

Өз кезегінде инфрақұрылым жүргізілген барлық жер телімдері өзінің иелерін табады.

Мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Жамбыл облысында 1704 гектар үй алқабы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтылады. Мәселен Тараз қаласындағы 628 гектар жердегі 3289 жер теліміне, сонымен қатар Жуалы ауданындағы 65 гектардағы 356 жер телімі, Қордай ауданындағы 615 гектар аумақтағы 2776 жер телімі, Т.Рысқұлов ауданындағы 138 гектардағы 521 жер телімі және Шу ауданынан 258 гектар аумақтағы 1330 жер теліміне инфрақұрылым тартылады. Өз кезегінде инфрақұрылым жүргізілген барлық жер телімдері өзінің иелерін табады.

Мемлекеттің «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Тараз қаласында көптеген жұмыстар атқарылуда. Мәселен, көне шаһардағы Сабалақов көшесінің соңынан тұрғын үйлердің құрылысын жүргізу үшін жер телімі «бірыңғай жүргізушіге» бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, «Көлтоған» шағын ауданынан 128 жер телімі пайдалану мерзімінің аяқталуына және нысаналы мақсатына сай дер кезінде игерілмеуіне байланысты мемлекет меншігіне қайтарылған. Ал, бұдан өзге Жамбыл облысында ағымдағы жылы кезекте тұрған 1554 азаматқа жер телімі үлестіріледі.

Бүгінгі таңда игерілмеген жерлерді кезекте тұрған азаматтарға тарату жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар, Тараз қалалық жер қатынастары бөлімінің тарапынан жеке тұрғын үй құрылысына жер телімін алуға 2005 жылдан бері кезекте тұрған 1000 азаматқа «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасының басталуына байланысты ескерту хат жолданған. Қазіргі кезде аталған бағдарлама арқылы жеке тұрғын үй алуға ниет білдірген 25 азаматтың тізімі «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» төлем қабілеттілігін бағалаудан өтуге жолдамалары жолданыпты. Нәтижесінде төрт азаматтың өтініштері мақұлданған.

Бүгінгі таңда мемлекет «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы азаматтарды баспанамен, сонымен қатар, үй салуға қажетті жерлермен қамтамасыз етуде. Жамбыл облысында да аталған мемлекеттік бағдарлама тиісті деңгейде жүзеге асып келеді. Тіпті өңірде ескерту хат жолданған кезекте тұрған азаматтарға «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасына қатысудан бас тартқан жағдайда да «Көлтоған» шағын ауданынан жер телімдері ұсынылуда.

Дулат Айтбай

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір