• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 09:04:08
Алматы
+35°

29 Мамыр, 2019 Аймақтар

"Оқушылар Арланы" анықталды

«Төрткүл» керуен сарайында жасөспірімдер бозкілемде бақ сынасып, «Оқушылар Арланын» анықтады.

Бүгінде төл спортымызға бөлініп жатқан көңіл де, қолдау да аз емес. Есесіне жамбылдық жампоздар ел біріншіліктерімен қатар, әлемдік ареналарда да атой салуда. Әсіресе, қазақтың ұлттық спорты  — қазақ күресінен Бейбіт Ыстыбаевтай апайтөс балуандарымыз шығуда. Енді міне түйе балуандар белдескен күреске балғындарымызда келіп отыр. Атап айтсақ, күні кеше «Төрткүл» керуен сарайында жасөспірімдер бозкілемде бақ сынасып, «Оқушылар Арланын» анықтады.

Жастар жылына орай облыс әкімдігінің білім басқармасының «Ғылыми-тәжірибелік дене шынықтыру орталығының» ұйымдастыруымен өткен  дүбірлі додаға  Тараз қаласы мен аудандардан барлығы 87 балуан  қатысып, кіл мықтының ішінен шын мықтыны анықтады. 

оқушылар арланы

Жалпы мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылып отырған тұңғыш турнир 60 келіден жоғары абсолюттік салмақ дәрежесінде және олимпиадалық жүйе бойынша өтті.  Бұл күні балғын балуандардың өнерін тамашалауға «Төрткүл» керуен сарайына жиылғандардың  қарасы қалың болды. Балуандарға қолдау білдіріп жан-жақтан қиқулаған жанкүйерлердің дауысынан құлақ тұнды.

Әрине, жарыс болғаннан кейін  біреу жеңіп, ал біреу жеңіліп жататыны заңдылық.  Бұл жолғы бәсекеде Жамбыл ауданы, Бесағаш ауылы, Абай атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Нұрлан Қырғызбек қарсыластарын алып та, шалып та ұрып, «Оқушылар Арланы» атанды. Ал ақтық айналымда сәл сәттілік жетіспеген облыстық спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының 11-сынып оқушысы Бақдәулет Еркінбекұлы  екінші орыннан көрінді.  Үздік үштікті Жамбыл ауданы, Аса ауылы, Ю.Гагарин атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Жантөре Жұмабай түйіндеді.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков бір жылдық оқу ақысына 50 мен 100 пайыз аралығында  жеңілдік  тағайындаса, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықов  бірінші  орынға – 150 мың, екінші орынға – 100 мың және үшінші орынға – 50 мың теңге көлемінде сыйақы берді. Бұдан бөлек, тунир жеңімпазына қас шеберлер  қолдан арнайы дайындаған «Оқушы Арланы» турнирінің логотипі бейнеленген белбеу табыс етілді. 

Енді жеңімпаздар мен жүлдегерлер ағымдағы жылдың 25-26 мамыр күндері Алматы қаласында өтетін «Халық барысы» республикалық аламанында өңір намысын қорғайтын болады.     

Жайдар Азамат

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір