• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 17:44:48
Алматы
+35°

29 Мамыр, 2019 Аймақтар

Жоба өз жемісін беруде

«Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесіне арнайы ат басын бұрған едік.

Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» жобасы аясында Астана қаласының жемқорлыққа қарсы тәжірибесін барлық өңірлерге енгізу тапсырылған болатын. Осыған орай облыс әкімдігі өткен жылдың соңында   «Жамбыл – адалдық алаңы» жобасын жандандырған еді. Бұл бастаманың бүгінгі бағдары қандай? Артылған сенім үдесінен шыға алып жатыр ма? Міне, осы сауалдарға жауап таппақ мақсатта «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесіне арнайы ат басын бұрған едік.

Жалпы кеңсе басшысы Қайрат Меклисовтың айтуынша, жоба өткен жылдың желтоқсан айында іске қосылғандықтан қазір бағдарын айқындау жұмыстары жүргізіліп жатыр екен.

Жамбыл адалдық алаңы

– Жобалық кеңсе үш сала бойынша жұмыс атқарады. Олар тұрмыстық жемқорлықты жою және қолайлы орта құру, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. Оның ішінде тұрмыстық жемқорлықты жою және қолайлы орта құру үшін білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамтамасыз ету, сәулет, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, мемлекеттік кіріс, сот және құқық қорғау органдары салалары бойынша зерделеу жұмыстары жүргізілуде.
      Жекелей айтсақ, білім беру бағыты бойынша мектептердегі ақша жинауды жою, білім ордаларына бөлінетін бюджеттік қаражаттың ашықтығын қамтамасыз ету сынды тұрмыстық жемқорлықты жоюға бағытталған шаралар қолға алынуда. Сондай-ақ мектептерде «Адал ұрпақ», «Саналы ұрпақ» сынды клубтардың жұмысын жолға қойып, жастарды мектеп қабырғасынан жемқорлыққа бойалдырмауға насихаттаудамыз.

Жобалық кеңсеміз ақпан айында ашылғандықтан әзірге мұнда алты маман жұмыс жасауда. Әр маманға екі салада белгіленіп берілген. Өзім «Панарама» ақпараттық орталығынан осы қызметке келсем, өзге мамандарым өздері жауапты болып отырған салалар бойынша жолданған. Және айлық жалақылары да тіркелген мекемелерінен төленеді. Біздің дербес бюджетіміз болмағандықтан негізгі қаржы көзіміз мемлекеттік тапсырыс болып отыр. Міне, осы негізде негізгі жұмысымызды жандандырудамыз, - дейді кеңсе басшысы.

Кеңсе тынысымен біз де жан-жақты танысып шықтық. Іргесі енді қаланып отырған орталық қажетті құралдармен толықтай  жабдықталыпты. Және жобаның әлеуметтік парақшалары ашылып,  іске қосылған. Ол жерден кез-келген қала тұрғыны өзіне қажетті ақпаратты ала алады. Және жуырда кеңсе басшылығы бұл жұмысқа арнайы маманды белгілеп, ақпараттандыру жағына айрықша басымдық бергелі отырғандарын айтуда.

- Біз қай салаға болмасын тексеруші емес, тұтынушы ретінде барамыз. Сол арқылы өзімізге қажетті ақпаратты алып, кемшіліктерді көптің көзімен бірдей көрудеміз. Және жасалған зерделеу жұмыстарымызды әлеуметтік желілердегі парақшаларымызға салып, ашықтық принципін ұстанудамыз. Мәселен №2 қалалық ауруханаға саралау жұмыстарымен барғанымызда әр науқасқа WhatsApp   нөмірімізді  беріп кеттік. Сонда емделушілер тегін дәрінің берілмей жатқаны, дәрігерлердің дұрыс қарамағандығы сынды  шағымдарын  жазып жатты. Оны біз хаттамаға енгізіп, облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасына жолдадық. Дәл сондай, №55 мектепке зерделеу жұмыстарын жүргізгенімізде, қол жуу құрылғыларының істемей тұрғаны, оның орнына баклашкамен су қойып қойғаны, раковиналарының іші құмырсқаға толып кеткені, асхананың бір бұрышында  тышқан өлтіретін дәрінің ашықтан-ашық жатқаны секілді олқылықтарды анықтадық. Бұл келеңсіздіктер туралы   Тараз қаласы әкімдігі білім беру бөлімін хабардар етіп, шара қолдануын өтіндік. Олар мектеп директорын шақырып, біздің қатысуымызбен  кемшіліктерді түзету туралы уәдесін алды.Осы сынды Жамбыл ауданы Гродекова ауылындағы халыққа қызмет көрсету орталығына барғанымызда да  пандустардың стандартқа сай келмейтіні, келушілерге арналған тұраққа қызметкерлер өз көліктерін қойып қойғаны сынды жайттарға  куә болдық. Ал ең сорақысы орталық басшысына баратынымызды ескертсек те, ол қызмет орнында болмай шықты. Қазір осындай келеңсіздіктерді анықтап, жауапты мекемелерді жауапкершілікке шақырудамыз, - дейді Қ. Меклисов.

Бұдан бөлек, кеңсе мамандары мектеп директорларының кабинеттерін де бақылауға алған. Егер мектеп басшысының  кеңсесі белгіленген талаптан үлкен болса, оны босатып, шағын кабинетке көшу туралы ұсыныстар білдіруде. Сондай-ақ мектеп басшысының кеңсесі келушілерге қолжетімді болуы үшін ғимараттың бірінші қабатын орналасу жағы да жіті қадағалануда.

-Негізі біздікі қоғамдық жұмыс болғаннан кейін, ешкімнен ештеңені талап ете алмаймыз. Алайда «Жамбыл – адалдық алаңы» жобасы іске қосылар алдында облыстағы барлық мекеме басшыларынан қолдау білдіру туралы келісімдері алынған. Алайда кейбір басшылар мамандарымыз барғанда қызмет орнында болмай, қиындықтар туғызуда. Десе де, біз алған бағытымыздан таймай мектеп пен балабақшалардағы қамқорлық кеңесіне мүше ата-аналарға арнап   WhatsApp  желісінен топ ашып қойдық. Олардың сонда арыз-шағымдарын білдіруге мүмкіндік жасадық.  Және алдағы уақытта осындай WhatsApp желісіне қосылған нөміріміз көрсетілген жарнамаларды мектеп және балабақшаларға ілсек деп отырмыз. Бұл бізге мекемеде болып жатқан жағдайды іштен бақылауға мүмкіндік береді.

Тағы бір айта кетерлігі, жемқорлық сипатындағы көрініске куә болған ата-аналар немесе тұрғындар Тараз қаласы «Химпоселок» иініндегі кеңсемізге келіп, қағаз жүзіндегі шағымдарын да білдіре алады, - дейді жобалық кеңсенің басшысы.

 Кеңсе мамандары мектептердегі қамқорлық кеңесіне түскен қаржылардың ашықтығын да бақыламақ. Сондай-ақ осы таңға дейін Жамбыл, Байзақ аудандарына зерделеу жұмыстарын жүргізсе, енді шалғай ауылдарды қамту үшін жастар ресурстық орталықтарымен күш біріктірмек. Және болашақта мұндай саралау жұмыстарына бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін де шақырып, заңсыз әрекеттерді елге жария  етуді мақсат тұтып отыр.

Әрине, тірлігін енді ғана тіктеп келе жатқан жобалық кеңсенің көрсетер жемісі алда.  Алайда осы таңға дейін жүргізілген зерделеу жұмыстарының өзінде кейбір мектеп директорлары 8-наурыз халықаралық әйелдер күніне ұстаздарға гүл сыйлауға тиым салыпты. Ал кейбір балабақшалар  тәрбиеленушілерге сыйлық жасауға ақша жинауға шектеу қойған көрінеді. Демек, жоба өз пәрменің көрсете бастады деген сөз. Енді тек басы тәп-тәуір басталған тірліктің соңы сиыр құйымшақтанып кетпесін деп тілейік.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір