• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 10:45:24
Алматы
+35°

29 Мамыр, 2019 Сұхбат

Кенжеғұл Сейітжан: 400 мың ғана көп балалы ананың жағдайын жасай алмай отырмыз

Жапондардың көп балалы аналарға арналған бір ғана жеңілдік картасы аналардың өмірге құлшынысын оятады.

Қазақстанда 20 баланы өмірге әкелген Қамаш Сейітжанова атты анамыз бар. Қамаш апаның ең кенжесі Кенжеғұл Сейітжан туабітті зағип болып өмірге келді. Бірақ сонысына қарамай Кенжеғұл жоғары оқу орнын бітірді. Қазақстанда алған білімін шетелдерде жалғастырды. Қазірде Кенжеғұл Сейітжан алты тілді меңгерген, спортпен шұғылданатын белсенді азамат. Қоғамда болып жатқан мәселелер оны алаңдатпай қоймайды. Әсіресе көп балалы аналардың жайына бей-жай қарай алмайды. Бізге сұхбат берген 20 баланың сүт кенжесі Кенжеғұлдың айтуынша, елімізде көп балалы аналарға әлі де болса өз деңгейінде жағдай жасалып отырған жоқ.

- Кенжеғұл, сен біліміңді жетілдіремін деп бірқатар шет мемлекеттерде болдың. Жапония, Германия, Португалия, Финлияндия, Польша елдерін көрдің. Білім алдың, тілді меңгердің. Көптеген елдердің тарихын да жетік білесің. Сұрайын дегенім, осы елдерде, сен тарихын ақтарған шет мемлекеттерде сенің анаң сияқты 20 баланы өмірге әкелген абзал адам бар ма екен?!

- Рас, айтасыз, бірқатар елдерді көрдім. Бірнеше тілді меңгердім. Сіз айтып отырған шетелдерден басқа да көптеген елдерді араладым. Бірақ менің анамдай 20 баланы өмірге әкелген асыл адамды кездестірген жоқпын. Жапонияда оқығанымда бес баласы бар отбасыларды кезіктірдім. Бес бала деген жапондар үшін ол ең көп бала болып саналады. Ал негізінде оларда үш баласы бар отбасылардың өзін аса құрметтейді. Үш баласы бар отбасы Жапонияда көп балалы отбасына жатады. Оларға өкіметтен берілетін көмектің де түрі жақсы қарастырылған. Германияда да екі баласы бар отбасылардың өзіне әлеуметтік төлем қарастырылған. Екінші бала дүние келе салысымен Германияда  анасы мен әкесіне қатар бірқатар жеңілдіктер бар

- Мысалы, қандай жеңілдіктер, атап атап айта аласыз ба?

Мәселен, Жапонияда үш баласы бар аналарға жәрдемақыдан бөлек жеңілдіктер картасы беріледі. Ол карта арқылы аналар  қоғамдық көлікте тегін жүру, бір қаладан екінші қалаға баратын көліктерге 50 пайыздық жеңілдікпен  билет алу, коммуналдық төлемдерге 50 пайыздық жеңілдік, мемлекеттік дүкендерден жеңілдікпен азық-түлік, киім-кешек алу тәрізді мүмкіндіктерге қол жеткізеді. Жапондардың көп балалы аналарға арналған бір ғана жеңілдік картасының өзі аналардың өмірге құштарлығын оятады. Сосын Германияда, Жапонияда болсын, Польшада делік, оларда баласы бір жасқа толмай анасы жұмысқа шығатын болса, жұмыс арасында анасына барып баланы емізіп келу үшін жағдай жасайды.

Жас баласы бар ана жұмыс берушіге барып "баламды емізетін уақытым болды" десе, арнайы көлік беріледі, сонымен барып баласын емізіп келеді. Ал бала бір жасқа толғаннан кейін балабақшаға орналастыру жағы да оларда бас ауыртатын мәселе емес. Бала бір жасқа тола ма, көп балалы ана "жұмысқа шығамын" десе, балабақшаға орналастыру жағын жергілікті мемлекеттік органдар реттеп, ананың алаңдамай жұмыс істеуіне жағдай жасайды. Біздегі тәрізді балаңды қарататын кісі таппай қалу деген жоқ. Ондай мәселемен жапондықтар да, германиялықтар да бас ауыртпайды. Олар балаларын балабақшаға береді немесе күтуші жалдайды.  Күтуші жалдаса да, мемлекеттен бөлінетін белгілі бір сома бар соны жеңілдік картасы арқылы төлеп отырады.

Жапонияның бала күтімімен үйде отырған әйелдерінің өзі бір кісідей жалақы алып отырады. Оларда біз тәрізді декретке шыққанда жалақының 40 пайызын есептеп беру деген жоқ. Оларда декреттегі әйелге арнайы жалақы тағайындалады. Жапонияның әйелдері бала күтімі үшін ай сайын 800 доллар көлемінде жалақы алса, Германияда 900 еуро көлемінде жәрдемақы алады. Сондай-ақ аталмыш елдерде баланы ауруханаға апаратын болса,  әкесін де жұмыстан босату жағы қарастырылған. Ол елде балалардың әкесі "бүгін ауруханаға баратын күніміз" десе болды, басшылық сөзге келмей балалардың әкесіне де рұқсатын береді. Жалпы, көп балалы аналарға жұмыс істегенде ауыртпалық жүктелмейтінін де аңғардым.

- Осы жайттарға қарап біздің елдегі аналардың жайын салыстырып көрген кезіңіз болды ма?

- Әрине, болды.  Біздің елімізде 20 баланы өмірге әкелген жалғыз ана бар. Ол менің анам. Үкімет бірақ оған тиісінше жағдай жасай алды деп айта алмаймын. Анам балаларын өзі жалғыз жетілдірді. Барлығымызды оқытты, тоқытты. Менің көзім көрмегендіктен оқуға жетектеп өзі апарып жүретін. Өз күшімізбен үй алдық.

Жалпы, қазір елде көп балалы аналар мәселесі жиі көтеріліп жатыр.  Өз басым, біздің елдегі бес балалы ана мен Жапон еліндеге немесе Германиядағы үш баласы бар ананың жағдайын айтсам екеуі салыстыруға да келмейді. Бізде көп балалы аналарды бизнеске тарту, жұыспен қамту, бизнеспен айналысу үшін аналарға мемлекет тарапынан субсидия, дотация беру, аналарды тегін бизнес курстарына тарту деген жайттар қарастырылмаған. Қазақ әйелдері бала тапса, өзін өзі дамытуға мүлде күші жетпей қалады. Себебі ол баласын жетектеп жүріп жұмыс істеуі керек. Ол жұмыстан айрылып қалмауы үшін баласын жұмысқа шыға сала мүлде ұмытуы керек. Балабақшада орынның жоқтығынан баласын үйге қамап кетіп, шыбын жанын шүберекке түйіп, баласына алаңдап отырып, күніне неше мәрте телефон шалып жұмыс істейтін аналар бар. 

Негізінде елімізде  көп балалы аналардың саны 400 мыңға жетпейді  екен. Осы санаулы ғана аналарға жағдай жасай алмай отырғанымыз бір жағынан қарын аштырады.  Екінші жағынан біздің әлеуметтік жағдайымыздың оңала қоймағанын айқын көрсетеді. Меніңше, біз үшін болашақта құрғақ уәдені қойып, шынымен де ана мен баланың жағдайын жасауға қатысты нақты шараларға кірісетін кезең жетті. Таяу болашақта мұндай күннің боларына сенейік. "Егер біз болашақта демографиялық мәселе туындамасын десек, осы жайттарды бұдан 10 жыл бұрын шешіп тастауымыз керек еді" деп те ойланасың. Жалпы, ана ол қоғамның айнасы. Ана қалай тәрбиелесе бала солай иілгіш болады. Сондықтан ұлттың болашағын, ұлттың саулығын ойласақ ана мен балаға жағдай жасала беруі керек, жасала беруі керек деп есептеймін...

Сұхбаттасқан Қарлығаш Зарыққанқызы

Әділет Мәдениет

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір