• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 14:02:16
Алматы
+35°

29 Мамыр, 2019 NEWS

Ата-ана зары: Ұлымды өлтірген қылмыскерлер бостандықта жүр!

Көрші үстелде ішімдік ішіп, дастарханға түкірген жігіттерге ескерту жасағанында олар текетіреске шақырыпты.

Тұңғышынан ойда-жоқта айырылған ата-ана осылай деп зар жылап отыр. Ерлі-зайыптылардың бауыр еті баласы бес ай бұрын кісі қолынан қаза тапса да, қылмыстық іс дұрыс тергелмей, сиырқұйымшақтанып кеткен. Тіпті іске еш қатысы жоқ тұлғалар сот алдында жауап беріп жатқан көрінеді. Төбелестің құрбаны болған жігіттің туыстары әділдік іздеп әлек. Бұл туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

"Тұла бойым тұңғышым. Енді биыл келін алайын деп жоспарлап қойғанмын. Бәрін дайындап қойғанмын келін алғанға", - дейді қаза тапқан жігіттің анасы.

Келін түсіріп, немере сүйемін деп отырған отбасы тұңғыштарынан айырылғалы бес айдан асқан. Адам қолынан мерт болған соң шындық іздеп шырылдап жүр. Ата-ананың айтуынша, Алатау ауданының тергеушілері істі бұрмалап, сот алдында кінәсіздерді жауапқа тартып жатыр. Ұлдарын көкала қойдай сабап, пышақтап, азаптап өлтірген нағыз қылмыскерлер бостандықта жүр деп күйінеді. 

"Сенбеймін тергеушілерге. Ешкімге сенбеймін. Жасырып екі адамды отырғызып қойып отыр. Құдайдан жеткірлер тайраңдап жүр. 10 адамның бәрін үкіметтің бәрін сатып алса, Алланы сатып алмайды. Жазасын беретін шығар", - дейді марқұмның анасы Өмірхан Әміржан.

Қырғын төбелес марқұм Данияр Асқарбектің жолдасымен кафеге баруынан басталады. Көрші үстелде ішімдік ішіп, дастарханға түкірген жігіттерге ескерту жасағанында олар текетіреске шақырыпты. Сөйтіп, 12-қаңтар күні 4-5 қара көлікке мінген, отыз шақты бала оларды тура жатақхананың алдынан күтіп алады. Әуелгіде "беске бес" жекпе-жекке шығасыңдар деп бұйырғанымен, қолдарына пышақ ұстағандар сөздерінен тайып, жабыла кеткен. 

"Бір адам пышақтауы мүмкін емес. Өйткені артынан жүгіргеннің бәрінде пышақ болды. Мен көрген алтауында болды. Бірінші боп пышақты Әуез өзі алды. Одан кейін таратты. Ешқайсы сотта жоқ. Анау енді біреуі болды. Оның қатысы жоқ", - дейді марқұмның досы Асхат Ермек.

"Ішінен кіндік тұсынан 20 см жерін үлкен пышақпен жүрек пен асқазан ортасындағы уәннә қантамырын кескен. Сыртқы бүйректен бүйректі екі жарып арқа қантамырына барған. Міне аяусыз түрде өлтіріп отыр", - дейді қаза тапқан жігіттің әкесі Асқарбек Дүйсенбек.  

Аяусыз өлтіргендердің қолдарында үлкен пышақ болған дейді қара жамылған отбасы. Ал, заң алдында жауапқа тартылып жатқан жігіт марқұмға екі рет ашылып-жабылатын қалта бәкісін сұғып алғанын айтты судьяға. Бірақ, төбелеске шақырған бірде бір "досын" танымай отыр. Әуелгіде тергеушілерге басқа түсінік беріп, бүгін бәрін мойнына алды. 

Соттағы диалог:

- Ол маған қарай жүгірген кезде мен ішіне тығып алдым. Одан кейін сезбеді ол. Артынан тығып алдым. Қашты.

- Қандай пышақ еді?

- Бәкі болған.

- Ұзындығы?

- Ұзындығын білмеймін. 

"Сот медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес ірі тамырларды зақымданған. Төбелес барысында Аяпов қарсыласы Асқарбековке қасақана ауыр зиян келтіру ой туындаған", - дейді бөлім прокуроры Дінмұхамбет Махамбетқұл.

Марқұмның туыстарын күмәндандырып отырғаны да осы. Өйткені, куәгерлер күдіктілердің ол төбелесте болмағанын жайып салды. "Алматыда тірі жүргізбейміз" деп қорқытқандар жазадан құтылып кете ме деп алаңдаулы. Сондықтан, әділдік болмаса, жоғарғы сотқа дейін арыздануға бекінген.

Ұсынған: Әділет Мәдениет

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір