• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 08:45:29
Алматы
+35°

09 Маусым, 2015 NEWS

Елге оралған қазақтан екі әңгіме

Бұл жігіттің аты - Ерсін. Алтайдың арғы бетінен Арқа төсіне – Ақмола облысы, Қорғалжын ауданына отбасымен көшіп келген азамат. Көші-қон заңының «жұмсақтау»...

1

 Бұл жігіттің аты - Ерсін. Алтайдың арғы бетінен Арқа төсіне – Ақмола облысы, Қорғалжын ауданына отбасымен көшіп келген азамат. Көші-қон заңының «жұмсақтау» кезінде осы тракторын кеденнен кедергісіз алып өткен екен. Міне, сол кішкентай ғана тыртылдақтың қызығын бүгін бүкіл бір шағын ауыл көріп отыр деседе болады: үйіліп қалған қоқсықты тасу Ерсінжанның мойнында. Бау-бақшалық жерді де екі айналса болды, аударып тастайды...

Алтай өңірінің қысы Арқанікінен асып түспесе, кем соқпайды. Соған дағдыланған қандасымыз алғаш көшіп келген жылы осы техникасының арқасында шөпті өзгелерден молырақ жияды. Өз атында жері жоқ, әрине. Ауылдастарынан қалған-құтқанның қолына ілінгенін қорасына тырмаштап таси берген ғой. Сол жылы тағы жылы жаңа қоныстың қысын байқап көру үшін малды көп сатып алмай, бір-екі баспен ғана әліптің артын баққан екен.

oralman

Бұл – 2010 жыл болатын.

Сол жылы, шынымен де, айта қалсын қыс болады. Солтүстікте қар қалың жауып, бүкіл мал қолға ерте қарайды. Сарыарқаны мекен еткен елдің төрт түлігі қыс ортасы ауа бере түгел ашығады. Онсыз да кеш келетін көктем тіпті ерке қыздай созылып жатып алады...

Қазақ үшін «Мал қайғысы – жан қайғысы!». Ауылдың күн көрісі де сол азынаулақ қараң-құраң. Шөптен қысылған көршілер ақшасын сытырлатып, Ерсіннен шөп сатып беруді өтінеді. Ірі қарасын аман алып қалу үшін бір арба шөпті бір қараның құны десе де алудан тайынатын түрі жоқ халықты көріп, оралман жігіт оқыс шешім жасайды.

– Құрметті туысқандар, мен бұл шөпті бір жақтан сатып алғам жоқ. Өздеріңіз ұсынған осы даладан шауып, жинағам. Былайша айтқанда, Сіздердің өз шөптеріңіз бұл! Бір ауылда отырған соң, тәбиғаттың тосын апаты бәрімізге ортақ. Бір бұзаулы сиырыма анау бір үймек жетеді. Ал, қалғанын өздеріңіз келісіп, бөлісіп алыңыздар. Ақшаларыңыздың керегі жоқ, тегін бердім! – дейді.

Міне, содан бері де төрт-бес жылдың жүзі болыпты. Ерсін келе салып, тұрақты тіркеуге тұрған. Енді азаматтық алуды күтіп жүр. Соған байланысты, шабыстық жер шешіліңкіремей тұрған көрінеді. Ірі қараның саны болса, жиырманың үстінде. Апат ұмытылды. Бірақ, «ашаршылықта жеген құйқаның дәмі» ауылдастардың аузынан әлі кетер емес. Тракторшы жігіт қай жерден шөп шауып алам десе, шағын ауылда қолын қағып жатқан ешім жоқ, әшейін «жасыл шырақ». Нысапты бала да «берді деген осы!» деп өліп-өшпейді, бүкіл аумақты тері сүйреткендей етуден аулақ, шамалап қана шауып алады... Ең бастысы – қайда жүрсе де қаймағы бұзылмаған ауыл қазағының берекесін айтсай!

2

магазин

 Бұл әңгімені маған өткенде Денсаулық және әлеуметтік даму министрлігінде ашылған жиналыста Қарлығаш деген апай айтып берді.

Өткен жылы ма, әлде одан да бұрынырақ па екен, Қытай мен Маңғолиядан келген 30 оралман студент Солтүстік Қазақстан облысындағы Жоғары оқу орнына дайындық курсқа бөлінеді. Кұжаттарын өткізіп, жатақханаға тұрған соң, азық-түлік, керек-жарақ алу үшін  балалар сатырлап көшеге шықпай ма?! Жақын маңдағы дүкенге кірсе, сатушы қазақшаны қақпайтын болып шығады. Топ бала сонымен қанаттас тұрған екінші дүкенге бас сұғады, тағы орысша. Ер кезегі үшке дейін деп, өрімдей қыз-жігіттер саусылдап көшенің арғы бетінде тұрған үшінші дүкеннің босағасын аттайды. Құдайға шүкір, бұл дүкеннің сатушысы бір-екі қайырым қазақшаға тілі келетін жан болып кезігеді. Сол күннен бастап, отыз жас бар керектісін осы дүкеннен алып тұрады. Күн өткен сайын сатушының да тілі шығып, емін-еркін сөйлесе бастайды. Бір емес, екі емес, үш емес, бақандай отыз бала күнделікті кіріп-шығып  тұрған соң, бұл дүкеннің де зат айналымы тездеп,  саудасы күсеттене түседі ғой. Соны байқаған ана екі дүкеннің «қызғанышы» қозады. Дереу қазақ тілді сатушы қойғанын, ендігі жерде сауданы мемлекеттік тілде жасайтындықтарын үлкен әріппен тақтайшаға айшықтап тұрып жазып, маңдайшасына іле қояды...

Алла қалап, Көш тізгіні ағытылып жатса, алыстан келетін ағайынмен-ақ қазақ тілінің мәселесі шешілгелі тұр!

 

Ауыт Мұқибек

Астана

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір