• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 00:07:43
Алматы
+35°

31 Мамыр, 2019 Саясат

"Олардың мақсаты – қазақтың рухын сындырып, Қытай тізіміне алып, Қазақстанды жаулап алу"(видео)

Мақсаты – қазақтың рухын сындырып, Қытай тізіміне алып, Қазақстанды жаулап алу.

30 мамырда журналист Инга Иманбай жүргізетін "Политон" тәуелсіз клубының кезекті отырысы өтті деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Тәуелсіз клубтың кезекті отырысына құқық қорғаушы Айна Шорманбаева, азаматтық белсенді Ырысбек Тоқтасын, Қытайдағы түзету лагерьінде болып келген қазақ Орынбек Көксебек қатысып, Қытайдағы қазақтардың жағдайы талқыланды. Отырыста бұл тақырыптың талқылануына күні кеше Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяоның Қазақстан журналистеріне Шыңжаңда қазақтарға қысым жасалып жатқаны туралы хабарларды "жалған ақпарат" дегені себеп. Естеріңізде болса, 28 мамырда Нұр-Сұлтанда қазақ-қытай қатынасына арналған жиында Чжан Сяо соңғы 2-3 жылда Қазақстанда жиі айтылған Шыңжаңдағы саяси түзету лагерьі туралы ақпаратты теріске шығарған.

–Шыңжаңдағы жағдай бірқалыпты. Шыңжаңдағы шаралар - терроризм және экстремизммен күресу әрекеті, – деді Қытай елшісі.

Ал Қытайдағы саяси түзету лагерьінде болып келген Орынбек Көксебек елшінің сөзін жалған деп отыр.

"Қытайда мені қамаған жер – ол түрме. Олардың (қытайлардың-ред) мақсаты – қазақтың рухын сындырып, Қытай тізіміне алып, Қазақстанды жаулап алу. Мен өзім алғаш рет сол жерге кірген кезде қытайша үш өлең жазып берді. Сол үш өлеңнің біреуін бір жарым ай жаттадым. Ол жақта күнім жылаумен өтетін. Менің ол жерде адамдық құқығым тапталды. Өйткені мен ешқандай қылмыс жасаған жоқпын. Ол жерді саяси үйрену лагері деп айта алмаймын. Саяси үйрену болса, ол жердегі адамдар өз еркімен оқитын еді ғой. Ол – түрме. Мен оны дәлелдей аламын. Өйткені мен алғаш рет сол жерге түскенде жеті күн кісенмен жаттым. Жеті күнде мені шұңқырға салып, басыма су құйды. Одан кейін де бізді кісенмен алып жүретін", – деді Орынбек Көксебек. 

Оның бұл сөзін құқыққорғаушы Айна Шорманбаева да қуаттап отыр. Шорманованың айтуынша, құқық қорғау ұйымдарына көптеген Қытайдан келген ұлты қазақ азаматтар ол жақта құқықтарның тапталып, заңсыз қамалғандарын айтып шағымданған. 

Ал азаматтық белсенді Ырысбек Тоқтасынның айтуынша, Қытайда саяси оқыту лагерлері әлі де жұмыс жасап жатыр.

"Қазақстан Сыртқы істер министрлігі бұл мәселеге араласқаны шындық. Бірақ кімдер арызданды, сол адамдардың тағдырына ғана араласты. Біздің үкімет Қазақстанда туыстары бар адамдардың арыз жазуынан кейін тікелей сол адамдардың ғана ісіне араласты. Соның арқасында босап шығып жатқандар бар. Бірақ Қазақстанда туысы жоқ, арыз жазбаған адамдар әлі сол жақта жатыр. Біздің қоғамдық ұйымға Қытайда қазақтарды саяси оқыту лагеріне қамап жатқаны туралы хаттар әлі келіп жатыр", – дейді азаматтық белсенді Ырысбек Тоқтасынов.

Дайындаған: Мият Кәшібай

 

Мият Кәшібай

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір