• USD 383.43
  • EUR 429.83
  • RUB 5.96
  • CNY 55.39

31 Мамыр, 2019 Дін мен дәстүр

Қадір түні — тағдыр түні: Қадір түнінің белгілері қандай?

«Қадір түні мың айдан қайырлы («Әл-Қадр» сүресі, 3) делінген. Мың ай дегеніміз ‒ шамамен сексен үш жыл.

Алла тағала айлардан – Рамазан айын, күндерден – жұманы, түндерден – Қадір түнін артық еткен. Қасиетті Құранның «Қадір» сүресінде «Қадір түні мың айдан қайырлы («Әл-Қадр» сүресі, 3) делінген. Мың ай дегеніміз ‒ шамамен сексен үш жыл. Оразасын ұстап, бес уақыт намазын оқып, осы түнді құлшылықпен өткізген адам ұзақ өмір бойы үздіксіз мінәжат еткендей сауапқа кенеледі дейді. 

Қадір түні – тағдыр түні

Бұл түннің тағдыр түні деп аталатын себебі ‒ дәл осы түнде Алла белгілі бір періштелерге алдағы жылда (келесі тағдыр түніне дейін) не болатыны жайлы білім береді.

Бала кезде Қыдыр ата келеді деп, Қадір түнін асыға күтіп, шелпек пісіріп, есікті ілмей, дастарқан жайып, әйтеуір, таңға дейін ұйықтамай отырсақ болды деген түсінікпен өсіппіз. «Ол дұрыс емес, ешқандай да Қыдыр ата келмейді. Ұйықтамау міндет емес, керісінше, Алладан дұғаңды, тілегіңді тілеп, намазыңды оқып, Алладан өткен күнәларымды кешірші деп кешірім сұрайтын түн» деп ешкім айтпапты. Әке-шешеміз дінді берік ұстанғандар қатарынан емес, кеңестік дәуір адамдары болғандықтан, маған дейінгі де, менен бірнеше жыл кейінгілер де дәл осындай жағдайда, осындай түсінікпек өскеніміз анық.

Бұл түні:

- адамдардың өмір сүру уақыты мен өлімі, ризық-несібесі, тағдыры белгіленеді. Тіпті «пәленше осы жылы қажылыққа барады» деп кімнің баратынын да жазып қояды»;

- қасиетті Қадір түні мың айдан да артық;

- бұл түні аспаннан періштелер жерге түседі. Періштелердің саны жердегі ұсақ тастардан да көп болады. Олар әр адамның дұғасы, тілегін Аллаға жеткізіп, жазып отырады.

Ендеше, Қадір түнінде:

- Қыдыр ата келмейді;

- шелпек пісіріп, дастарқан жайып, ыдыстарды суға толтырудың керегі жоқ;

- есікті ілмей, терезені ашып керек емес;

- "ұйықтамасам болды" деп, теледидар қарап, музыка тыңдап, әйтеуір таңды атыруға болмайды.

Ислам ғұлама, ғалымдарының зерттеуі бойынша Қадір түні мына түнге сәйкес келуі мүмкін деп оразаның 26-сынан 27-сіне қараған түнін белгілейді. Бірақ нақты емес деп те ескертеді. Қадір түнінің қай түнге сәйкес келетін туралы қырыққа жуық жорамал бар екен.

Қадір түнінің нақты қай түн екенін білу үшін «Сахих әл-Бұхариде» Аишадан (Алла оған разы болсын) хадис келтірілген. Соған сәйкес Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай деген: «Тағдыр Түнін Рамазанның соңғы он түнінен іздеңдер».

«Қадір түнін рамазанның соңғы он күнінің 21, 23, 25, 27 және 29 секілді тақ түндерінен немесе рамазанның соңғы түнінен іздеңдер. Сауабын ойлап қадір түнін ғибадатпен өткізген адамның күнәлары кешіріледі» (И. Ахмед) деген де хадис бар.

Ғұлама ғалымдар Алла Тағаланың бұл түннің нақты уақытын жасыруын былай түсіндіреді: оның уақыты белгіленіп қойса, жалқаулар пендесі басқа түндерде құлшылық жасамас еді. Ал, оның нақты уақыты белгісіз болғандықтан, құлшылыққа аса ынта қоймайтындар Тағдыр Түні Рамазанның соңғы он түнінің тақ жұлдыздарының бірінде болады деген оймен бірнеше түн бойы мінәжат етуге мүмкіндік алады. Сонымен қатар, көптеген адамдар күнәларынан тыйыла алмайтындықтан, егер бұл түн белгілі бір уақытқа белгіленіп қойса, олар сол түнде де күнә жасар еді. Ал, бұл олардың имандары үшін қауіпті болар еді.

Қадір түнінің белгілері қандай?

Ақиқатын Алла біледі. Ең дұрысы ‒ Рамазан айының соңғы он түнінің бәрін құлшылықпен өткізу. Егер шамам жетпейді десеңіз, ендеше, тым құрығанда тақ түндерін ерекше ықыласпен өткізіңіз. 

Сонымен қатар, бұл түнді өзіне тән белгілеріне қарап білуге болады. Хадистерде Қадір түнінің бірнеше белгілері айтылады:

- түн жарық, таза болады;

- ол түнде ауа райы ыстық та емес, суық та емес, жанға жайлы болады;

- ол түні ай ерекше жарық болады;

- қоңыр салқын, жағымды жел соғып тұрады;

- мұсылмандар бұл түнде ерекше мамыражай күй кешіп, рахатқа бөленеді;

- сол түннен кейін таңертең күн сәуле шашпай, толған Айдай дөңгеленіп, шуақсыз шығады. Ғұламалар мұның негізгі белгі екенін және міндетті түрде болатынын айтады.  

Жаратқан Иеміз бізге бұл түнді Өзі разы болатындай өткізуімізге күш беріп, құлшылығымызды қабыл алғай!

Рамазанның барлық түнін Қадір түні деп ойлап әрекет етсек, Қадір түніне дәл келген боламыз. Жылына бір рет келетін қасиетті Рамазан айын енді көрер-көрмесіміз, келесі Рамазанға жетер-жетпесіміз бір Аллаға аян. Сондықтан, осы бір қасиетті айдың күнін де, түнін де құлшылықпен өткізуге тырысайық.

Оқи отырыңыз, ♦Қадір түні қандай дұғалар оқу керек?

Жинақтап, ұсынған: Мақпал Сембай

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

0 пікір