• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 06:28:48
Алматы
+35°

31 Мамыр, 2019 Аймақтар

«Болашаққа бағдар» керуені көш түзеді

Бұл аймақтық  жастар саясатын жүргізудегі ел есінде қалар елеулі іс болғалы тұр.

Елбасы ағымдағы жылға «Жастар жылы» деп айдар таққалы өңір-өңірлерде ауқымды істер қолға алынуда. Бұл бағытта Жамбылда да жүйесін тапқан жұмыстар жетерлік. Оның бір анық дәлелі ретінде «Болашаққа бағдар» көшпелі автокеруенінің жолға шыққанын айтуға болады. Бұл аймақтық  жастар саясатын жүргізудегі ел есінде қалар елеулі іс болғалы тұр.

Жалпы облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері бақармасының басшысы Мәди Мәтеннің сөзіне сүйенсек, «Болашаққа бағдар»  жобасы аясында  облыстың әрбір ауыл, елді мекендеріндегі 14-29 жас аралығындағы жұмыссыз, мүмкіндігі шектеулі, жеке кәсібін ашатын немесе кәсібін дамытушылар, әлеуметтік және құқықтық көмек қажет ететіндер, жоғары және арнаулы орта оқу орнын бітірген студенттер және мектеп түлектері қамтылмақ екен.  

Сондай-ақ, оларға қатысты мәселелерді жергілікті жерлерде кең ауқымды түсіндіру және нақты нәтижеге бағытталған мәселелерін шешу жұмыстарын жүргізу, облыс тұрғындарының сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық үлгісін одан әрі дамыту мен жемқорлық мәселесін мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру арқылы шешу жолдарын ұғындыру мен  мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын айқындауға басымдық берілмек.

- Керуен әр ауданда 2 күннен астам уақыт болып, жалпы 44 елді  мекенде жұмыс жүргізеді. Алаң жұмысына 300-ге жуық  ауыл  жастарын қамту көзделуде. Топ құрамындағы салалық мекеме өкілдері тек кеңес берумен шектелмей, көтерілген мәселелерді нақты шешуге ұмтыла отырып, өз саласы бойынша сол аудандағы жастар ахуалына талдау жасайды. Ал Дін істері басқармасы өз тарапынан ата-аналардың, ұстаздардың, жастардың қатысуымен арнайы кездесулер ұйымдастырса, жұмыспен қамту басқармасы аудан әкімдерімен бірлесіп, бос жұмыс орындары жәрмеңкесін

өткізеді.

Пробация қызметі әр ауданда жергілікті сала өкілдерімен бірге  пробация есебінде тұрған жастармен жүздесіп,  мемлекеттік қолдаулар, еңбекпен қамту сияқты мәселелер бойынша түсіндір жұмыстарын жүргізеді, - дейді Мәди Мәтен.

Иә, сөз жоқ, бұл бас бармақпен бағалауға тұрарлық бастама. Себебі жоғарыда айтылған жастар жұмыссыздығы, жас кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсету, пробация мен жастар қылмысы сынды мәселелер бүгінде өз өзектілігін жоймауда. Сондықтан жастар басқармасының мұрындық болуымен жанданып отырған жобаға өңірдің барлық жастары мен жергілікті билік қолдау білдіргені абзал.

Айта кетейік, аталмыш жоба үстіміздегі жылдың мамыр-маусым айларында өз жұмысын бастап, барлық аудандарды қамтып шығады.

Ендеше, «Болашаққа бағдар» салған жобаны ауылдағы ағайын асыға күт! 

Жайдар Азамат

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір