• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 07:44:33
Алматы
+35°

31 Мамыр, 2019 Аймақтар

Енді тұрғындар таза суды тасып ішпейді

Тараз қаласы маңындағы 7 бірдей елді мекеннің ауызсу жүйесіне қосылатындығын айтсақ болады.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз Жолдауларында әлеуметтің әлеуетін арттыруға айрықша басымдық берумен келеді. Тіпті, 2020 жылға дейін республика тұрғындарының 98 пайызы орталықтандырылған ауызсуға қолжеткізуі қажеттігін баса айтқан тапсырмасы да бүгінде жүзеге асуда. Оған дәлел ретінде биыл Тараз қаласы маңындағы 7 бірдей елді мекеннің ауызсу жүйесіне қосылатындығын айтсақ болады.

Бұл жайында облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен жиында мәлімделді. Және  облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаровтың сөзіне сүйенсек, қазір жоба бойында жобалау-сметалық құжаттар дайындалу үстінде екен.  

Жалпы ресми дерекке сүйенсек,  бүгінде Тараз тұрғындарының тоқсан пайызы таза ауызсуды пайдаланып отыр. Жыл соңына дейін жоспарланған жеті елді мекендегі құрылыс аяқталса, қала толық таза ауызсумен қамтылады. Осы жұмыстардың нәтижесінде өңірдің рейтингісін  республика деңгейінде  көтеруге  мүмкіндік тумақ.

Облыстағы аудан тұрғындарының ауызсумен қамтылу деңгейіне тоқталсақ, Шу ауданы 60 пайызбен көш бастап тұр. Бұл өлкеде Қосқұдық ауылының  мәселе шешімін тапса, аудан халқының 80 пайызы сапалы ауызсуға қол жеткізетін болады. Аталмыш мәселені өңір басшысы Асқар Исабекұлы да жіті бақылауында ұстап, жұмысты ұзаққа созбай шешу керектігіне назар аударуда.

Негізі  басқарма басшысы Нұрлан Алдамжаров былтырғы жылғы  баяндамасында  2018 жылдың 1 қаңтарында 4 қала бойынша орталықтандырылған ауызсумен қамту көрсеткіші 84,7  пайызды  құрағанын айтқан болатын. Және жыл аяғына дейін көрсеткіш  86 пайызға жететінін жеткізген-ді.  Рас, бұл межені еңсеруге    Тараз қаласының «Бурыл А, Б, В» тұрғын алқабындағы сервистік желілердің құрылысына  республикалық және облыстық бюджеттен 334,6 миллион теңге бөлінуі көп септігін тигізген-ді. Енді міне, биыл тағы 7 елді мекен таза ауызсу жүйесіне қосылып, қара халықты қуанышқа кенелткелі отыр.

Жалпы, облыс бойынша орталықтандырылған ауызсумен қамтылған 199 елді мекен бар. Ал ондағы 130 мың отбасы әлі де суды сырттан тасып ішеді. Асқар Исабекұлы  сала мамандарымен бас қосқан жиында  тұрғындарды 100 пайыз толығымен орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосу керектігін  айтып, нақты тапсырмалар жүктеді.

Бұдан бөлек, басқосуда ауызсуды сағаттап кесте бойынша тұтынатын тұрғындардың да мәселесі майшаммен қаралып, жауаптылардан жауап алынды. 

Әрине, барлық мәселе бірден шешілмейтіні белгілі. Десе де, биыл 7 елді мекеннің тұрғындары енді таза ауызсуды тасып ішпейтіні жанға жылу береді.

Жайдар Азамат  

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір