• USD 383.43
  • EUR 429.83
  • RUB 5.96
  • CNY 55.39

31 Мамыр, 2019 Денсаулық

Ісіне салғырт қараған терапевт баланың омыртқасын сындырған (видео)

7 айлық ұлын емдету үшін жеке мануалды дәрігердің қабылдауына жазылған...

Павлодарлық балақай бір жылдан астам уақыт жансақтау бөлімінде жатыр. Ауруханаға сәби мануалды терапевтің қабылдауынан кейін түскен деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап. 

Нақтырақ айтсақ 2 жастағы Кәрім Тәңірбергенов 475 күннен бері өмір мен өлімнің арасында жатыр. Терапевт маман баланың омыртқасына зақым келтірген.

Соңғы бір жарым жылдан бері Павлодар қаласының тұрғыны Гүлмира Жанайдарова өз перзентін аман алып қалу үшін күресіп келеді. Ол ұлының 7 айлық кезінде емдету үшін жеке мануалды дәрігердің қабылдауына жазылған. 

–Ол баламды қарап шығып, мойын бөлігінде туа біткен жарақат бар деді. Кәрімді қолына алып өзінің ем-домын жүргізе бастады. Уқалау кезінде баламның денесінің қатты сытыры естілді. Сол емнен кейін, перзентімнің жағдайы бірте-бірте нашарлап, жансақтау бөлімінен бір -ақ шықтық, - деді анасы Гүлмира Жанайдарова.

Баланы мұқият тексеруден өткізген ақ халаттылар 7 айлық Кәрімнің желке бөлігіндегі екі омыртқаның ұсақталып сынғанын, әрі қатпаған сүйек орнынан жылжып кеткенін анықтаған. Мұны көрген дәрігерлер балақайдың мұндай дәрежеге қалай жеткеніне таң қалып отыр. Олар жағдайы сәт сайын нашарлаған бүлдіршінді дереу жансақтау бөліміне жатқызған. Жасанды ауа жеткізгіш құрылғымен демалып жатқан бүлдіршін 16 айдан бері өліммен күресіп келеді.

–Жағдайының нашарлауы - бұл заңды құбылыс. Себебі, баланың жағдайы күннен-күнге өзгеріп отырады. Сондықтан, бүлдіршінге шұғыл түрде ота жасау қажет. Бұл оның өмір сүруіне беріліп отырған соңғы мүмкіндік, - дейді Облыстық балалар ауруханасы басшысының орынбасары Ирина Орсагош. 

Ата-анасының үмітін оятқан күрделі отаны жасауға ресейлік мамандар ниетті болып отыр. Бірақ, Кәрімнің денсаулығы нашар болуына байланысты, оны ұзақ уақыт қаладан шығаруға мүмкіндік болмапты. Тек, бүгін дәрігерлер санитарлық авиациямен балақайды елордалық нейрохирургия орталығына жеткізді. Болжам бойынша сол жерде ота жасалады екен. Ал, сәбиді мұндай жағдайға түсірген терапевт әлі бостандықта жүр.

–Қазіргі таңда полиция қызметкерлерімен қылмыстық кодекстің 317-бабымен сотқа дейінгі тергеу жүрізілуде. Тергеу барысында қосымша сараптамалар тағайындалды. Олардың нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданады, - деп мәлімдеді Облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Алма Мұсабекова. 

Қолда бар ақпаратқа сүйенсек, Екібастұз қаласындағы қонақ үйлердің бірінде қабылдау жүргізген маман өз жұмысын Қазақстанның басқа да өңірлерінде жалғастырып жүр.

Ұсынған: Маржан Сәбет

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

0 пікір