• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 20:16:55
Алматы
+35°

31 Мамыр, 2019 Алаш-Орда

Келер басшы болсайшы-ай, Әлихандай...

Өткен ғасыр басында ұлт болашағы үшін жанын пида еткен ерлердің ізі – бүгінгі жас ұрпақ.

Ұлт тарихында небір қиын-қыстау күндер бастан өтті. Қазақ халқының басына қара бұлт үйірілген кезеңдерде елдің серкесіне айналып, тұтас ұлтың күштілер қолында талан-таражға түсіп кетпеуіне сеп болған атқамінер азаматтар болды уағында. Олар ұлт болашағы үшін шыбын жандарын пида етіп, өмірлерін бәйгеге тікті.  Ұлттық болмысты күшейту үшін тарихымыздағы батырлардың, батылдардың, серкелердің ұрпақ алдында насихатын арттыруымыз керек.

Бүгін біз ұлт тарихында елеулі орыны бар тарихи тұлға, елі үшін жанын пида еткен Әлихан Бөкейханов туралы мағлұмат бермекпіз. Бұл әрекетімізді ұлыларды ұлықтауға қосқан үлесіміз деп білеміз.

Кеңес үкіметінің қыл бұрауы алқымнан қысып тұрған кезде елдің ертеңін ойлап, егемендікке қол созған ерлердің бірегейі – Әлихан Бөкейханов. Жеке басқа табынушылық саясатын ұстанып, ұлтты мәңгүрттендірудің жымысқы жоспары ретінде жасырып отырған үкіметтен қайыр жоғын, келешек ұрпақтың ештеңеге парқы жетпейтін парықсыз, пайымсыз, ойсыз болып шығарын сезген алашордашылар осындай қадамға барды.

Тәуелсіздік үшін бастарын талайға тігіп, алып үкіметке қарсы шықты. Осындай бас көтерер білімді азаматтардың барын байқаған басшылық та қарап қалған жоқ. Іле-шала іске кірісіп, елдің іліп алар азаматтарын түрлі жалған жаламен, өтірік айыппен тұтқындап, қанша зарласа да үні шықпайтын тар қуыстарға тығып тастады.

Ұлтының болашағын, атар таңын, бостандығын ойлап жанын қоярға жер таппаған заматтың аз уақыт аралығында жасаған қызметі, атқарған тірлігі сан қилы, әр алуан әрі қыруар. Түрлі съездерге депутат, фракция мүшесі болып қатысып, елдің мұңын мұңдасты. Нақтырақ айтсақ, Ресей жергілікті және қалалық қоғам қайраткерлері съезінің делегаты, Ресейдің I Мемлекеттік думасының және мұсылман халықтары съезінің депутаты, IV Мемлекеттік Думаның мұсылмандар фракциясының Бюро мүшесі болды.

Сонымен қатар, Әлихан Бөкейхан қазақтың санасын ояту –бас көтеру үшін өте маңызды қадам екенін білді. Ресейде, қазақ жерінде шығып тұрған неше түрлі газет-журналдарда редакторлық қызмет атқарған ол бүркеншік аттармен қазақтың рухын оятып, санасын дамыту мақсатында көптеген материалдар жариялады.

Бірақ ұлттық болмысын жоғалтуға дейін жеткен, жетім баладай жалтақ, қорқақ болуға айналған қалың әрі қараңғы бұқараның намысына ши жүгірту көп жерде нәтиже бермеді. Қазақтың басы осы жерде бірікпеді. Мұны Әлихан бастаған сауатты азаматтар тобы өте жақсы түсінді. Содан кейін басқаша қимыл жасамаққа бет бұрды. Жер-жерде ауызша үгіт-насихаттың жүргенін де білеміз.

Үкімет алғашында Алашорда үкіметін құруға мүмкіндік бергенімен, артынан оны күйретуге бұйрық шығарды. Ал арда азаматтарды "ел арасына бүлік салды", "ауызбіршілікті жойды", "ұлтшыл", "бүлікшіл" деген айыптармен түрмеге тоғытып, соңынан алтын бастарын қорқауларға алдырып тынды.

Бұл азаматтардың, әсіресе бас болған Әлиханның еңбегі – қазақ ұлтының нағыз болмысын танытатын тарих парасы. Буын ауысу дәуірі өтіп жатқан мезгілде ұлт қайраткерлерінің насихатталуы – жас буын мен келер ұрпақтың ұлттық болмысына, өр рухына, қазақы намысына ши жүгірту, көкірегіне, көзіне от бітіру.

Қазақтың басына бұлт үйірілгенде етігімен су кешкен ерлер ел есінде мәңгілік сақталады. Олар – ұлт алдындағы парызын толығымен өтеп, келешек ұрпақ жарқын дәуірде өмір кешуін қамтамасыз етіп кеткен азаматтар. Ел санасының жаңғырып, ұрпақ түзу бағыт алуы үшін Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұстафа Шоқай сынды Алаш арыстарының насихатталуы – шартты дүние.

 Елбасы бір сөзінде: "Ғасыр басындағы мемлекет мүддесін ойлаған ұлты қазақтардың жеке басының тағдыры да қасіретті болды. Алайда, ұлттық жігер мен толысқан зерде сабағы ұмыт болған жоқ. Жүзжылдықтың алғашқы жартысындағы қазақ зиялыларының жеке басының қасіретімен қатар, өрілген қызметі өзінің бірегей құбылыс ретінде тұжырымды деңгейімен ғана емес, азаматтық һәм адамгершілік деңгейімен де осы заманмен үндес", - деген сөзі арқылы Алаш арыстарының өз дәрежесінде насихатталуы қажет екенін жеткізген еді.

Өткен ғасыр басында ұлт болашағы үшін жанын пида еткен ерлердің ізі – бүгінгі жас ұрпақ. Ал осынау цифрлы дәуірде адамның ұлттық болмысынан, түпқазығынан ажырап қалмауы өте маңызды. 

Елдік һәм мемлекеттік жария мүдделер оң бағытта жүзеге асырылып, тарих бетіндегі ақтаңдақтар ұрпақ санасына көлеңке түсірмесін лайым. Ел басқарар атқамінер азаматтардың жүрегінде Әлихан бабамыздың рухы болсын!

Әділет Мәдениет

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір