• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 05:32:00
Алматы
+35°

Елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға барынша күш салынуда. Жеке кәсіпкерлердің де саны айтарлықтай артып келеді. Осыған орай, кәсіп бастап, ұжым басқарамын деген оқырмандарға бір пайдасы тиер деген мақсатпен Qamshy.kz ақпарат агенттігі Рикки Гриффиннің "Менеджмент" кітабына шолу жасады. 

Басқару ісі, ел басқару, ұжым басқару оңай шаруа емес. Жалпы басқарудың өзіндік қағидалары, бұзылмайтын тұжырымдары болады. Оның ішіне ұжыммен, халықпен, өзге ұжымдармен байланыс, қаржылық әлеуетті қадағалау секілді өте маңызды дүниелер де кіреді.

Осы дүниелерді игеру болашақта басқару ісін атқарғысы келетін жастарға жоғары оқу орынының қабырғасынан басталады. Әрине, бұл жерде келешек мамандарға тек теориялық тұрғыда бағыт-бағдар, білім беріледі. Дегенмен, осы теориялық білімді толық игерген арқылы және туа бітті қабілетке ие жастардан ғана жақсы басшы шығады деп айтсақ, ешкім қарсы бола қоймас.

"Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық" атты бағыты бойынша аударылған "Менеджмент" оқулығы басшылық білімді игеріп жүрген жастардың білімі мен теориялық тәжірибесін толықтыруға көмегі болары анық.

Рикки У.Гриффин есімді автордың бұл еңбегінде басқару формаларының толық ашылғандығы, басқару ісі барысындағы алдыңнан кесе-көлденең тұруы мүмкін мәселелерді негізге алып құрылған жағдаяттар ауқымды түрде қамтылған.

Біз бүгінгі жазбамызда дәстүрімізден жаңылмай "100 жаңа оқулық" бағыты бойынша қазақ тіліне тәржімаланған "Менеджмент" еңбегіне шама-шарқымызша шолу жасап көрмекпіз. Ендеше, әрі қарай парақтаңыз.                                                                                                                                    

Біздің қоғамға "менеджер" деген ұғымның келгеніне көп болған жоқ. Оның алдында басшылық қызмет атқаратындарды директор немесе бастық деп турасынан айта беретін едік. Бірақ мемлекеттік басшылық орта және шағын бизнеске басымдық бергені сол еді, ел экономикасына тың серпіліс келіп, түрлі басқару формалары көбейді.

Жалпы "менеджер" сөзін түсінбейтін адамдар әлі де жоқ емес екенін айта кеткен жөн.

"Менеджмент" деген не? "Менеджер" деген кім?

"Менеджмент" - басқару функцияларын іске асыратын сала. Жалпы түсінік бойынша қарастырар болсақ, белгілі бір ортаны кез-келген бағыттан басқару және сол ұжымның жауапкершілігін мойыныңа жүктеу. Менеджменттің түрлі формалары және нақты қағидалары мен жоспарлау, басқару тетіктері бар. Оған кейінірек тоқталамыз.

"Менеджер – жоспарлайтын және шешім қабылдайтын адам, қаржы, материалдық және ақпараттық ресурстарды ұйымдастыратын, басқаратын және бақылайтын тұлға".

Бұл – автордың кітапқа кіріспе тарауларында "менеджер" сөзіне берген анықтамасы.

Басшы адамның қызметі әмбеге аян. Ол ұжымның қызметін жоспарлайды және қызметкерлерге өнімді еңбек етудің тиімді жолдарын көрсетіп, нақты тапсырмалар беріп отырады. Сонымен қатар, берілген тапсырмалардың жүзеге асу барысын жіті қадағалайды.

Сондай-ақ, басшының қызметіне ұжымның ішкі және сыртқы ахуалын қадағалау, сыртқы орталармен ымыраға келу, түрлі қарым-қатынастар жүргізіп, ұжымға пайдасы тиетін өзге ұжымдармен мәмілеге келу, ақпараттық жағдайды назарда ұстау, ұжымның жұмысын алға жылжыту секілді қыруар шаруалар кіреді.

Ал нақты ғылымға сүйенер болсақ, менеджмент, яғни, басқару үдерісі бұлжымайтын төрт негізгні қызметтен тұрады. Олар:

- жоспарлау мен шешім қабылдау;

- ұйымдастыру;

- жетекшілік ету;

- бақылау.

Міне, басқарудың негізгі формалары – осы. Ал әлгінде айтылған негізгі үдерістің төрт бағыты ішінара бірнеше бөліктерге бөлініп кете барады.

иллюстрация

Жоспарлау мен шешім қабылдаудың аты айтып тұрғандай, қызметі белгілі. Бұл жерде басқарушы тұлға ұжымның алдағы қызметін жоспарлап, сол жоспар бойынша нақты қадамдар жасауға шешім қабылдайды.

Ұйымдастыру қызметі басшының ұжымның ішкі және сыртқы ахуалын түзетеді. Бұдан бөлек, басшы адам өз компаниясының бағыты мен стратегиясын анықтағаннан кейін жұмысшы топ құрайды. Бұл басқарудың осы формасына кіретін қарекет.

Жетекшілік ету формасы – менеджменттің ең маңызды әрі қызметі ауыр, жүйкенің мықтылығын талап ететін түрі. Бұл бағытқа басшының ұжым қызметкерлерімен қалай кері байланыс орнататыны, оларды ынталандыру үдерісі, өнімді еңбек етуге саналы түрде мәжбүрлеу сынды әрекеттер кіреді.

Ал бақылау үдерісі - барлық шаруа бірізділікке қойылғанға дейін және қойылғаннан кейін де тоқтаусыз жұмыс жасайтын үдеріс. Бұл форманың басты мақсаты – ұжым қызметкерлерінің еңбегін қадағалау, сонымен қатар, ұжымның еңбек өнімділігінің, алға жылжу үждерісінің өзгерісін қадағалап, үнемі басты назарда ұстап отыру және өзгерістер бойынша дер уақытында шаралар қолдану.

Менеджерлерде толыққанды шешім қабылдауға құқық бар ма?

Менеджерлердің шешім қабылдау құқығы әрбір ұжымда әртүрлі болады. Кейбір ұжымда бас менеджерлер барлық басқару формаларына сай қызмет етсе, кейбір орталарда менеджерлерге рұқсат етілмеген шешім қабылдау тетіктері бар.

Ал жалпы менеджмент бойынша менеджерлер үш буынға бөлінеді. Олар:

А) Топ-менеджерлер. Топ-менеджерлерде шешім қабылдау үшін толық құқық болады. Олар сол компанияның негізін өзі қалап, бәсекелестікті жеңіп, тауарын нарықтағы айналымға өткізу үшін жұмыс жасап келе жатыр. Соған сәйкес, топ-менеджерлерде толыққанды мүмкіндік болады.

Сөзсіз, дәмсіз болмас үшін әлемге әйгілі топ-менеджерлер қатарынан мысалдар келтіре өтелік. Мысалы, Starbucks компаниясының бас атқарушы директоры Говард Шульц дәл осы компанияның жаһандық маркетинг жөніндегі директоры Шерон Ротштейн сияқты топ-менеджер. Бұл қатарға Apple компаниясының менеджерлері Сергей Брин, Ларри Пейдж, Тим Куксекілді азаматтарды қосуға әбден болады.

Атқаратын қызметіне сәйкес топ-менеджерлердің табысы да орасан зор болып келеді. Мысалы, Starbucks компаниясының бас менеджері Говард Шульц 2014 жылы 33,7 миллион доллар, теңгеге шаққанда 12 миллиард 306 миллион көлемінде табыс тапқан.

Ә) Орта буын менеджерлері. Орта буын менеджерлерінің де көптеген шешімдерді өз алдына қабылдауға құқығы бар. Толық құқығы бар деп айтсақ та, артық бола қоймас. Бұл қатардағы менеджерлердің алдыңғы қатарлардан ерекшеленетіні – орта буын менеджерлерінде компанияның белгілі бір бөліктеріне қатысты ғана шешім қабылдауға мүмкіндік бар.

Мысалы, Starbucks компаниясының өңірлік басшысы Джейсон Эрнандездің қызметін осы орта буынға жатқызуға болады. Ол Шығыс штаттағы үш фирманың ғана жұмысына жауапты.

Дегенмен, соңғы уақыттарда әлемге әйгілі компаниялардың әл-аухаты шарасынан төгіліп, тасып тұрса да, бюрократиялық басқаруды жою мақсатында, дәл осы орта буын менеджерлерінің тогптық құрамын қысқартып, кейбірі, тіпті, жойып жіберіп жатыр.

Б) Төменгі буын менеджерлері. Аталған буынға компанияның әр аймақтағы жұмысын бақылайтын басшылар, жұмысқа қабылдайтын лауазымды тұлғалар жатады.

Жалпы күллі жер жүзінде бөлімдері бар компаниялар үшін осы төменгі буын менеджерлерінің қызметі ауадай қажет. Өйткені, бұл қатардағы басшылардың атқаратын жұмысы компания үшін тікелей маңызды.

иллюстрация

Жоғарыда көрсеткен топтар – жалпы менеджменттің жалпылама бөлінген буындары. Негізінен, осы айтылған буындар арасын жалғайтын, буынаралық байланысты қамтамасыз ететін, бұдан бөлек, ұйымдағы әрбір бағытқа жауап беретін менеджерлер бар.

Мысалы, алпауыт компанияларда маркетинг (сату) менеджерлері, қаржы менеджерлері, өндіріс (тауар) менеджерлері, адами ресурстары (мамандар, қызметкерлер) менеджерлері, әкімшілік директорлар, PR-менеджерлер қызмет атқарады.

Менеджер болу үшін қандай қажеттіліктерді игерген жөн?

Өз бойыңыздан басшыға тән қасиеттер байқайсыз ба? Өзіңіздің болашағыңызды басшылық қызметте елестетесіз бе? Басшыға тән мінез-құлық, стратегиялық ойлау жүйесі, этика сынды қасиеттерден хабардарсыз ба?

Егер "иә" болса, онда сізге бірнеше қажеттіліктерді игеру ғана қалып тұр. Аталған қажеттіліктерді игерсеңіз, сіз кез-келген орында басшы атана аласыз. Өйткені, біздің қоғамда, әсіресе бизнесте кәсіпті дөңгелетіп алып кететін білікті, білімді менеджерлер жетіспейді.

Менеджер болу үшін адамда осы бағыт бойынша негізгі білім базасы болуы міндетті. Егер сіз кез-келген жоғары оқу орынында немесе арнайы курстарда менеджментті игеру үшін оқыған болсаңыз, назар салып оқыған болсаңыз, онда сіз бұл критерийға жарамдысыз.

Негізгі білім базасы деген ұғымның ішіне азаматтың менеджменттің түрлі басқару формаларын, табыстың кірісі мен шығысын есептеу, пайда көздерін нақтылау сынды дүниелер жатады.

Екінші қажетттілік – бастапқы жұмыс тәжірибесі. Сізге өзіңіздің қарым-қабілетіңізді екшеу үшін кез-келген орында кіші лауазымды болса да, басшы болып қызмет атқарған тәжірибе болу керек. Тәжірибе барысында коммерциялық емес немесе жалақысы аз орында қызмет атқарсаңыз да, сіз өзіңіздің базалық біліміңізді істе сынап көресіз.

Үшінші критерий - уақыт өте келе толықтырылатын тәжірибе.

иллюстрация

Менеджмент этикасын білесіз бе?

Әр салада, тіпті, әр ұжымда, әр ортада өзінедік этика, өзінедік қағида, өзіндік талап болатыны анық. Дәл сондай талаптар, нақты заңдылықтар басқару ісінде де жоқ емес.

Өте жауапты іс, басқару ісінде өзіндік тәртіп, этика болмаса, басқарудан не үміт болсын?! Егер болашақта басшы болуды ойлап жүрсеңіз немесе қазір де бір ұжымның жауапкершілік жүгін арқалап жүрсеңіз де, келесі этикалық талаптар туралы білгеніңіз артық етпейді.

Басшы азаматтардың қызметкерлерді жұмысқа қабылдап, қызмет барысындағы жұмыс өнімділігі немесе тәртібі, ұжыммен арақатынасы нашар деңгейдегі жұмысшыларды қызметтен босатуға толыққанды құқығы бар. Бірақ...

Бірақ, жұмыстан қызметкерді босатар алдында оның қызмет еткен күніндегі жалақысын толығымен өтеп, оған өзінің қателіктерін түсіндіре отырып, әрі қарай бірге қызмет етуге құлқы жоқ екенін жеткізу қажет.

Енді менеджмент этикасына томпақ келетін және кез-келген қоғамда жиі кездесетін екі типтегі дүние бар. Біріншісі – менеджерлердің көпшілігі жұмысқа қызметкерлерді қабылдарда немесе қызмет барысында әйел адамдарға менсінбеушілікпен қарайды. Бұл нәрсе заңға да, менеджмент этикаларына да қайшы келетінін ескерген жөн. Екіншісі – басшылардың көпшілігі бос орындарға жаңа қызметкерлер қабылдау барысында біліктілігі жоғары мамандарды емес, өз таныстарын, туысқандарын, достарын қабылдап жатады. Егер аталған жақындардың дәл сол орынға сәйкес дипломы немесе тәжірибесі болса, оны заңға қайшы деп атау қиын. Дегенмен, басқару ісіндегі мұндай қателіктерге жол беруді «асыра сілтеу» деп атайды.

иллюстрация

Сондай-ақ, менеджердің этикасында, жалпы менеджменттік этикада қызметкерлердің еңбекақысын уақытылы төлеу, бюджет ашықтығы, жеке бас құпиясы, сыйластық, адалдық сынды қасиеттерді игеру бірінші орында айтылатын дүниелер.

Менеджер – ұжымдағы барлық қызметкерлер бой түзейтін басшы тұлға. Сондықтан, ол, ең алдымен, жеке бас этикасын мықты ұстануы керек. Мысалы, қызметкерлерге шекеден қарамай, қызмет барысын бірге жүріп көру, олардың жігерін жани түсетін сөздер айтып, әрдайым ынталандырып отыру.

Адамның барлығы артық дүниені, сыйлықты өте жақсы көреді. Мейлі, ол сыйлық кішкене дүние болса да. Сондықтан, өзіңіздің басқару формаңызды жұмысшыларыңыз сыйлап, тәртіптеріңізге бұлжымай бағынсын десеңіз, мейрам күндері немесе белгілі бір уақыттарда қызметкерлерге жаппай сыйақы беріп отырғаныңыз жөн.

Құпиялылықты сақтаңыз. Бұл – басқару ісіндегі ең маңызды жолдардың бірі. Әрбір жұмысшының сізге айтқан жеке құпиясын құпия түрде сақтау – жалғыз менеджмент этикасына емес, адам этикасына ортақ қасиет.

Сонымен қатар, басшы немесе менеджер тайм-менеджментті толық игерген адам болуы қажет. Басшы жұмыс уақытына барлығынан бұрын келіп, соңғы болып шығуы тиіс.

Міне, біз Рикки У.Гриффиннің қаламынан туған "Менеджмент" оқулығының "Рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласының "Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық" бағыты бойынша аударылған нұсқасының бірқатар тарауларына шама-шарқымызша шолу жасадық. Егер қысқаша шолу ұнап жатса, "Менеджмент" кітабының қазақ тіліндегі нұсқасын оқығаныңыз абзал. Аталған оқулықта басқару ісінің әрбір тетігіне дейін талқыланған.

Әділет Мәдениет

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір