• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 16:32:58
Алматы
+35°

31 Мамыр, 2019 Аймақтар

Жаңатастық жас кәсіпкердің жомарттығы

Осылайша жаңатастықтар Ораза айында көпке үлгі болар тірлік жасауда

Жаңатас қаласында тағы бір көпбалалы отбасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы «Бір отбасы, бір пәтер» аудандық жобасы аясында баспаналы болды. Ұзақ жылдар бойы пәтерден пәтерге көшіп жүрген жалғызбасты анаға жас кәсіпкер Фархат Исақұлұлы Шаимкұлов үй сыйлады.

Меценат  бұған дейін де бірқатар аз қамтылған отбасыларын азық-түлікпен, басқа да жан-жақты көмекпен қамтып, мүмкіндігінше қол ұшын созып келген.

«Осы отбасыны көзім шалған сайын тұрмыс жағдайы тым төмен екендігін байқайтынмын. Көп ойлана келе осындай қадамға барып, Ораза қарсаңында сыйлық жасауды жөн деп шештім. Елімізде пәтер алуға жағдайы келмейтін, көпбалалы отбасылар жетерлік. Мен мұсылман, өз елімнің патриоты ретінде, осындай жандарға өз атымнан көмек көрсетуді жөн деп санаймын», — дейді кәсіпкер.

Енді бұл пәтер балалардың сыңғырлаған күлкісіне толады. Бұл отбасы бұрынғыдай үйден үйге көшіп жүрмейді. Басыбайлы баспаналы болды. Нұргүл есімді жалғызбасты 5 балалы ананың қуанышында шек жоқ. Толқыған ол көз жасына да ерік берді.

«Үйім жоқ еді. Тіршіліктің тауқыметін жас та болсам аз көрмедім. «Жыртық үйдің Құдайы бар» деген рас-ау, жоқ жерден 2 бөлмелі үй берді.      Мұндай болады деп ойламап едім. Іші күшті, бәрін жасап қойыпты. Бұл кісіге рақмет көп. Алланың нұры жауа берсін. Аспанымыз ашық болсын.          Аналардың жағдайын жасауға барынша көңіл бөліп жатқан облыс басшысы Асқар Мырзахметовке  алғысым шексіз», — дейді Нұргүл Қонысбаева.

Жаңа қонысқа келген Нұргүлдің үйіне көршісі,  76 жастағы ана Мәріш Байзақова шашу шаша келіп, жақсылық жасап жатқан азаматтарға ақ батасын берді.

Ал, мұның алдында ғана жергілікті кәсіпкерлер Дәулеталды Жанбаев пен Тоқтасын Бләлиев бір-бір отбасыны баспанамен қамтып, көптің алғысына кенелген болатын.

Осылайша жаңатастықтар Ораза айында көпке үлгі болар тірлік жасауда.

Жаз-ата ауылынан жағымды жаңалық

Жаз-ата ауылынан да жағымды жаңалық. Мойынқұм аудандық мәслихатының депутаты, «Үркер» шаруа қожалығының жетекшісі Бәкір Исабеков  Мойынқұм ауылының тұрғыны, көпбалалы отбасы Ержан Қариевтің жанұясына 80 шаршы метр болатын жеке үйді сатып алып берді. Үш баланың ата-анасы Ержан мен Назгүл көп жылдардан бері Бәкір басқаратын шаруа қожалығында механизатор болып еңбек етеді. Аудан әкімінің орынбасарлары Бақытжан Есеев, Бақытжан Қалымбетов, аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанар Несіпбаева, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Манарбек Көшкімбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жамбыл Қалыбаев, аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Айбат Байғонысов Ержан мен Назгүлдің қуаныштарына арнайы келіп, ортақтасып құттықтады. Жаңа үй иесінің көрші – қолаңдары мен ағайын-туыстары шашу шашып, қоныс тойымен құттықтады.

Жайдар Азамат

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір