31 Мамыр, 2019 Оқиғалар
Қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған жиын қалай өтті?
Сағат 9.00-де басталған "қаралы жиын" 20 минутқа жетер-жетпес уақытта тәмамдалды.
Қазақстанда 1997 жылдан бастап 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Осыған орай Қазақстанның түкпір-түкпірінде қаралы жиын өтіп, құрбандарға арнап салынған ескерткіштерге гүл шоқтары қойлып жатыр деп естідік, әлеуметтік желілерден көрдік. Ал Қазақстанның оңтүстік астанасы саналатын Алматы шаһарындағы шараны Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі көзбен көріп қайтты.
Бұл күні қала халқы Наурызбай мен Қарасай батыр көшелерінің қиылысындағы ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш алаңына жиналды. Оған қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары, зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері және қала әкімі Бауыржан Байбек бастаған барлығы 200-ге жетер жетпес адам қатысты.
Бірінші жиналған қауым 1 минут үнсіздікпен құрбандарды еске алды. Одан кейін ескерткішке гүл шоқтары қойлып, қала әкімі сөз сөйледі.
«Бұл - адамзат тарихында бұрын соңды болмаған қанды қырғын. Ешқандай ақтап алуға келмейтін қасіретті нәубет. Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин және басқа да көптеген саңлақтарымыз қуғын-сүргіннің құрбаны болды. Нәубет заманның ауыртпалықтарын қазақ халқымен бірге елімізге жер аударылған неміс, поляк, кәріс, шешен, түрік, грек және басқа да этнос өкілдері бастан кешті. Солақай саясат зобалаңы туғызған аштық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарының рухына әрдайым тағзым ету – еліміздің әрбір азаматы үшін қасиетті парыз. Енді елімізде мұндай заман болмасын. Әрдайым бірлігіміз жарасып, ынтымақ пен татулықта өмір сүрейік. – деді қала басшысы.
Әкімнен кейін сөз алған тарихшы Жұмабек Ашуұлы: "Қазақтың бағы да, соры да ұлан-байтақ, қазынаға толы жері болды ғой. Осы жерге қызыққан талай көршілеріміз қазақты ұлт ретінде жойып жіберуге бағытталған бірнеше солақай саясат жүргізді. Солардың ішіндегі ең қиыны Кеңестер Одағының тұсында болды. Оның үстіне 1916 жылғы, 1921 жылғы, 1931 жылдағы ашаршылық халықты қынадай қырып кетті. Мысалы үшін 1932 жылы халық қырылып жатқанда сол кездегі Халық Комиссарлар кеңесінің төрағасы Ораз Исаев Сталинге: “Халық қырылып жатыр, аң аулауға рұқсат беріңіздер” деп телеграм соғады. Оған жауап ретінде Ресейдегі Халық Комиссарлар кеңесінің төрағасы Куйбышевтың қолы қойылған телеграм келеді. Онда: “Аң аулайтын болсаңдар жауапқа тартыласыңдар” дейді. Сонда, Халық қырылып жатқанда аң аулауға да рұқсат бермеудің астарында - ұлтқа деген өшпенділік жатыр. Ұлтты жоюға деген мақсат жатыр. Біз осындай озбырлықтан аман-есен Тәуеліздікке жеткен ұлтпыз. Енді сол қиянат пен қиындық халықтың басына келмесін. Ал, біз жас ұрпаққа сол қасіретті тарихымызды таныта берейік",- деп зұлмат заманның қазақ даласына әкелген қасіретін айтып өтті.
Тағзым ету алаңына келгендердің арасында "Ауыл" партиясының өкілдері де бар. Олар ескерткішке гүл шоқтарын қойып, құрбандарға тағзым еті. Олардан бөлек, "ЖСДП", және "Ақ жол" партиялары келіп, құрбандарға тағзым етіп жатты.
Айта кетейік, Қазақстанда 1918-1933 жылдар аралығында түрлі тарихи мәліметтер бойынша төрт миллионнан астам адам қаза тапқан, оның ішінде 1931-1933 жылдары 1,7 миллион адам көз жұмған. 100 мыңнан астам қазақстандық 1937-1938 жылдарғы сталиндік репрессия құрбаны болды. Олардың арасында "Алаш Орда" үкіметін құруға атсалысқан "Алаш Арыстары" мен түрлі салада сүбелі еңбек еткен зиялы қауым өкілдері бар.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір