• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 10:31:49
Алматы
+35°

31 Мамыр, 2019 Аймақтар

Жамбылда үздік ветеринар анықталды

Байқау облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары міндетін атқарушы Саясат Есеевтің алғы сөзімен ашылды

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы  аясында Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданындағы   Құлан агротехникалық колледжінде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында оқып жатқан  студенттер арасында республикалық «Үздік ветеринар-2019» кәсіби шеберлік байқауы өтті.

Сайыстың мақсаты – ветеринария мамандарын дайындайтын техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының арасында ынтымақтастық орнату, озық тәжірибелерді анықтау және студенттердің кәсіби құзіреттілігін дамыту.

Байқау  облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары міндетін атқарушы Саясат Есеевтің алғы сөзімен ашылды. Бұдан кейін ауыл шаруашылығы министрлігінің облыстық ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Оспан Бердияров сөз алып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Байқауда Алматы облысы білім басқармасының Талдықорған агротехникалық колледжінің, Қызылорда облысы білім басқармасының И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжінің, Түркістан облысы білім басқармасының Түркістан жоғары аграрлық колледжінің, Қарағанды облысы білім басқармасының Мыңжасар Әдекенов атындағы Қарқаралы ауылшаруашылық колледжінің, Түркістан облысы білім басқармасының Қапланбек жоғары аграрлық техникалық колледжінің, Алматы облысы білім басқармасының Еуразия аграрлық колледжінің, облыс әкімдігі білім басқармасының Қордай ауыл шаруашылығы колледжінің, Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының Сарыкөл агробизнес және құқық колледжінің және Шығыс Қазақстан ауылшаруашылық колледждерінің студенттері қатысып, бақ сынады.

Үш модуль бойынша өткен сайыста алдымен «Визит карточкасы» модулінде байқауға қатысушылар өзі және мамандығы, оқитын оқу орны, өңірде жиі кездесетін мал шаруашылығындағы індет туралы презентациясымен таныстырса,  екінші  «Тестілеу» модулінде студенттердің «Індеттану микробиологиясымен», «Паразитология және инвазиялық аурулар», «Ішкі жұқпайтын аурулар», «Акушерлік гинекология және көбею биотехникасы» пәндерінен білімі тест тапсырмалары арқылы тексерілді. Үшінші  «Тәжірибелік дағдылар» модулінде үміткерлер микроскопия жүргізу, жануарларға дәрі егу, ауыл шаруашылығы жануарларын клиникалық тексеру тәжірибелік тапсырмаларын орындау дағдылары мен кәсіби құзіреттіліктері бойынша колледждің ветеринариялық клиникасында сайысқа түсті.

Қазылар алқасының байқауға қатысушылардың кәсіби шеберлігін бағалауы электронды түрде жүргізілді. Сайыс қорытындысы бойынша шығысқазақстандық Тоғжан Асқарбек І орынан көрінсе, ІІ орынға Талдықорған облысынан келген Санжар Тлеужан және шығысқазақстандық Жансая Базар лайық деп танылды. Қызылордадан келген қатысушы Руслан Балабек, қостанайлық Виктория Гаврилова және Түркістан өңірінің үкілеп қосқан үміті  Арсен Орынбек ІІІ орынды місе тұтты. Сондай-ақ «Жеңіске құштарлығы үшін» номинациясы бойынша Түркістан жоғары аграрлық колледжінің студенті Едіге Малдыбай, Қапланбек жоғары аграрлық техникалық колледжінің студенті Нұрдәулет Абсамат және қарағандылық  Мерей Дәріғұл марапатталды.

Жайдар Азамат

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір