• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 02:19:58
Алматы
+35°

03 Маусым, 2019 NEWS

Парасыз, әділ, білімді мемлекет... қалай құрылады?

Әлемге екінші ұстаз ретінде танылған Әл-Фарабидің "Қайырымды қала тұрғындары" кітабына шолу.

Әл-Фарабидің еңбектері күні бүгінге дейін өз мән-маңызын жойған жоқ. "Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат" – әл-Фарабидің негізгі еңбектерінің бірі. Ол 948 жылы Мысырда жазылды. 942 жылғы мәтіннің бірінші үлгісі "Китаб ас-сийаса ал-маданиййа" жеке шығарма ретінде танымал болды.

Әл-Фарабидің қайырымды және қайырымсыз қалалар туралы ілімі түп-тамырымен Платон және Аристотельдің мінсіз мемлекет және мемлекет түрлері туралы ілімінен бастау алады. Платон өзінің "Мемлекет" деген шығармасында мінсіз қаланың құрылымы туралы ойын білдірген.

Әл-Фарабидің "Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайындағы трактаты" – ойшыл дүниетанымының мазмұнды арналарының бірі. Трактатта ізгілікті қоғам болмысының негізгі тетіктері мен қажетті шарттары туралы жан-жақты талданып, зерделенеді. Мәселен, адамның табиғатынан көмекті қажетсініп, қоғам құруға бейілді екенін және қоғамның түрлері көптігін айтады. Себебі, әрбір адамның тіршілік етуі мен кемелділікке жетуі үшін қандайда болмасын қауым керек. Әл-Фарабидің пікірінше, "қайырымды қала" идеал болып табылады. Бұл – қайырымды билеуші басқарған феодалдық қала. Оған өзінің мақсатына сәйкес әрекет ететін басқарушы шенеуніктер мен сол шенеуніктердің мақсатын жүзеге асыратын келесі рангілі шенеуніктер көмектеседі, осылайша қоғамның төмен қабаттарына дейін.

Жалпы, адам қоғамдастығын философ екі түрге бөліп көрсетеді: толық және толық емес. Толық қоғамдастықтың өзін үш түрге бөлген: үлкен, орташа, кіші. Үлкен қоғамдастық деген – ол бүкіл жерді мекендеуші барлық адамдардың жалпы қоғамдастығы деп көрсетеді. Ал орташа қоғамдастық дегеніміз – белгілі бір халық ретіндегі қоғам дейді, кіші қоғамдастық – белгілі бір қала ретінде көрсетілген.

Толық емес қоғамдастыққа келер болсақ, әл-Фараби оларды төртке бөліп қарастырған. Олар: квартал, көше, үй және ауыл. Соңғысы қала құрамына кірмегенімен, ол қалаға қызмет көрсетуші толық емес қоғам болып табылады. Жоғары деңгейдегі игілікке адам ең бірінші ретте қалада ғана қол жеткізе алады деп көрсеткен. Кез келген нәрсеге шынайы таңдау жасап, талаптанып жетуге болады дейді. Әрбір тұрғыны бақытқа жету жолында бір-біріне көмектесетін қайырымды қала деп түсіндіріледі. Сол сияқты қайырымды қала, қайырымды тұрғындар болады дейді .

Әл-Фараби трактатында былай деді: Адам толығымен жетілуі үшін ол көптеген мәселелерден тәуелді болады. Себебі, ол барлық қажетті нәрселерді жалғыз өзі жасай алмайды әрі қол жеткізе алмайды дейді. Сондықтан адам өзінен басқа да адамдардың қоғамдастығында өмір сүруі керек және сонда ғана ол толық жетіліп, бақытқа қол жеткізе алады дейді. Бірақ ол басқа адамдарға қатысты да қоғамдастықтың құраушысы болып табылады. Осылайша, қоғамдастықтың әрбір мүшесінің іс-әрекеті оның әрбір мүшесіне қажетті нәрселердің барлығын тауып береді дейді. Қауым адамдары бір-біріне көмек көрсетулері арқылы ғана кемелділікке жетіп, тыныштығын сақтайды және үйлесімді өмір сүреді. Бірақ олардың барлығы толық мәнге ие бола алмайды және қоғамның да түрлері көп.

Ойшыл толық мәнді қоғамды үшке бөледі: ұлы, орташа, шағын және оларды барша адамзат баласы қоғамдарының тұтас жиынтығы дейді. Игілік пен кемелділік дәрежесіне ең бірінші қала жетпек.

Әл-Фараби: "Адамдар бірлестігі шынайы бақытқа жеткізетін істерде өзара көмектесу мақсатын қойған қала – қайырымды қала, ал адамдары бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын қоғам – қайырымды қоғам. Барлық қалалары бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын халық – қайырымды халық. Егер халықтар бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отырса, бүкіл ғалам қайырымды болмақ", – деген гуманистік ойын ұсынып, оның жүзеге асуын аңсайды.

Қала болмысы – адамның кемелденген денесі мен оның мүшелері секілді. Дене мүшелері тіршілік ету мақсатында бір-біріне көмектесіп отырады және өздерінің қабілеттері мен жаратылыстарына қарай бөлінеді. Дәл сол секілді қала бірлестіктері де қабілеттеріне байланысты бөлінеді. Данышпан ізгілікті қоғамды қалай билеу керек, оның бөлшектері туралы, әділ билеудің әдістері мен билеушінің қабілеті, белгісі, негізгі шарттары жайлы пайымдайды. Қала басшылары қала бірлестігінің мүшелері болуы үшін тек табиғи қасиеттерімен ғана емес, өнер секілді қасиеттерімен де мүшелікке енеді. Ал қала бірлестігінің басшысы бойындағы қасиеттерімен өзгелерден кемелді болғандықтан жоғары тұрады және мәртебелі.

Әл-Фараби қайырымды қала деген сау әрі ешбір мінсіз адам мінезіне ұқсас дейді. Себебі, оның әрбір мүшесі денсаулықты сақтау үшін бір-біріне көмектесіп өмір сүреді. Бірақ адам денесіндегі мүшелер бір-біріне табиғаты, атқаратын қызметіне байланысты айырмашылық жасайтындығы сияқты, қала тұрғындары да өздерінің қызметі мен қоғамдағы орны бойынша айырмашылық жасайды деген. Қалада бір басшысы болады, ол өзіне бір саты төмендегілерден белгілі бір істің атқарылуын талап етеді, ал талап етілгендер өз кезегінде өздерінен кейін тұрғандардан талап етеді, осылайша ең төменгі талап ете алмайтын сатылардағыларға да жететінін көруімізге болады дейді.

Қайырымды қала басшылары және билеушілерінің келесідей төрт түрлері болады: – шынайы билеуші (барлық қасиеттерге ие бірінші басшы); – шынайы билеуші жоқ болса, қайырымды қаланы «ең лайықтылар» басқарады; – егер жоғарыда аталғандардың екеуі де болмаса, бірінші билеушілермен енгізілген ерте заңдарды және ережелерді білетін және орындайтын «заң бойынша билеуші» қаланы басқарады; – заң бойынша билеуші жоқ болған жағдайда, бұрынғы заңдар туралы білімдері бар адамдар тобы, яғни, заң бойынша басшылар.

Әл-Фараби үшін қайырымды қаланы кім және қанша уақыт басқарғаны маңызды емес. Оған қалай басқаратыны маңызды. Әл-Фараби бір билеуші жалғыз өзі қаланың барлық бөліктерін басқара алмайды, сол себепті "сол қоғамның арасында одан жоғары басшы жоқ, әр қаланың бөлігінде басшы бар". Мұндай қоғамды ұлы ойшыл "әрбiр адам екiншi адамның өмiр сүруiне қажеттi үлесiн беретiн, бiр-бiрiне көмектесетiн адамдарды бiрiктiру арқылы ғана адам өз табиғатына сай жету дәрежесiне ие болатын" қоғам түрiнде елестетедi.

Халықтың аз қамтамасыз етiлген топтарын мемлекеттiк қолдау туралы бұдан мың жылдан астам бұрын айтылған ғұлама идеясы бүгiнгi күнi де мемлекеттiң iшкi саясатындағы басты мiндеттердiң бiрiнен саналады. Осындай "жетiлдiрiлген қоғамда, әл-Фарабидiң айтуынша, бiр-бiрiмен қарым-қатынас жасау, көмектесу, қолдау, ұжымдасу адамдардың өмiрлiк қажетiне айналады".

Әл-Фараби қайырымды қала басшысында алты түрлi қасиет болу керек деп есептейдi. Олар: даналық, асқан пайымдылық, сенiмдiлiк, ойлау қабiлетiнiң жоғары болуы, соғыс өнерiн жетiк бiлуi, денсаулығының мықты болуы.

"Осының бәрiн өз бойында ұштастыратын адам барлық уақытта кiмге елiктеу керек екенiн, кiмнiң айтқан сөзi мен ақылына құлақ қою керек екенiн көрсететiн үлгi болады. Мұндай адам мемлекеттi өзiнiң қалауынша басқара алады".

"Бақыт – әрбiр адам ұмтылатын ұлы мақсат" екендiгiн атап көрсеткен әл-Фараби бақытқа бiлiм мен игiлiк нәтижесiнде ғана жетуге болады, ал ондай мүмкiндiк қайырымды қала тұрғындарында көбiрек болатындығын дәлелдейдi.

Әл-Фараби басқаруды қайырымды және қайырымсыз деп екіге бөлді. Қайырымды, білімді, мәдениетті басқару – халықты бақытқа бастайды, олардың іс-әрекетін, ерік-қасиетін осы жолға бағыттайды. Ол үшін басқару заң күшіне, игі тәжірибеге негізделуі тиіс. Ал қайырымсыз, надан басқаруда теріс әрекеттер мен жаман қасиеттер бой алады. Сондықтан ол надан адам басқарған, озбырлыққа сүйенген, қайырымсыз, қатал мемлекеттік тәртіпті өткір сынайды.

Ол мінсіз мемлекетті уағыздайды. Осы еңбегiнде ол «бақыт дегенiмiз – игiлiктердiң iшiндегi ең қадiрлiсi, ең үлкенi және ең жетiлгенi» деп атап көрсетедi және әр адамның оған толық құқығы бар дейдi. Ал ондай құқыққа ие болуға қайырымды қала тұрғындарының ғана мүмкiндiгi бар, сондықтан да қайырымды билеушiлер билеген қала тұрғындары ғана бақытқа жете алатындығын айтады. Мұндай қалалардың басқа қалалардан басты айырмашылығы және негiзгi белгiсi – жоғары тәртiп пен оның тұрғындарының мәдениеттiлiгi, сыпайыгершiлiгi және билеушiлерiнiң қайырымдылығы, ақыл-парасаты. Сондықтан әл-Фараби бұндай қалалардың өмiр сүруi өзiнiң бiлгiрлiгi мен ұстамдылығына толық жауап бере алатын билеушiге тiкелей байланысты деп тұжырымдайды.

Бүгінгі таңдағы Мәңгілік ел ұлттық идеялар түріндегі саяси бастамалар сөзсіз ұлы ойшылдың идеяларымен ұштасатыны анық. Мәңгілік ел ұлттық идеясы барлық қазақстандықтарға, барлық халыққа жолдау болып табылады, өз кезегінде әл-Фараби де өз ғылыми шығармаларында қамтыған болатын. Мәңгілік ел идеясы Платонның ізгілікті, әділетті, мемлекет және әл-Фарабидің "қайырымды қала" жөніндегі идеясы жайындағы ойлардың қисынды жалғасы болып табылады.

Әділет Мәдениет

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір