• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
25 Тамыз, 10:35:58
Қорықшылардың материалдық-техникалық базасы күшейтіледі

04 Маусым, 2019 Сұхбат

Дания Еспаева: Біз Алаш арыстарының аманатына адалдық танытамыз

Әлемде  көш басын түзеген әйел саясаткерлер аз емес. Мысалы, Германияда –Ангела Меркель,  Ұлыбританияда – Тереза Мэй, Грузияда – Саломе Зурабишвили,  Хорватияда – Колинда Грабар-Китарович, Эстонияда – Крести Кальюлайд, Сингапурде – Халима Жақып.

ÏБиылғы президенттік сайлаудың жөні бөлек. Жеті кандидат. Қазақстанның сайлау тарихында тұңғыш рет әйел баласы қатысып отыр. Ол – «Ақ жол» партиясының атынан ұсынылған Дания Еспаева. Ақиқатына келсек, әйел бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді. Өзінің адал еңбек, маңдай терімен Мәжілістің төріне көтерілген Дания Еспаеваның ендеше  президенттікке ұсынылуға құқы бар. Партияластары да оны жақтап дауыс берді. Ендеше бүгінде  ел аралап, үгіт-насихат жұмыстарын қызу жүргізіп жатқан Еспаеваның не ерекшелігі бар? Ес біліп, етек жимай тұрған кезінде әке-шешесінен ерте айрылса да,  еңбегімен ел көзіне  түскен депутаттың еңбекқорлығы ғана оны осы биікке шығарды. Оны жоққа шығара алмаймыз. Демек, бұдан шығатын қорытынды, Еспаеваның да елге айтары бар.

–Алғашқы сұрақ,  әлемде мемлекет басқарған әйелдер көп. Ендеше сіздің де саяси додаға араласуыңыз бекер емес шығар.

Ол рас. Әлемде  көш басын түзеген әйел саясаткерлер аз емес. Мысалы, Германияда Ангела Меркель,  Ұлыбританияда Тереза Мэй, Грузияда Саломе Зурабишвили,  Хорватияда Колинда Грабар-Китарович, Эстонияда Крести Кальюлайд, Сингапурде  Халима Жақып. Ал қырғыз елінің басына  осыдан бірнеше жыл бұрын Роза Отынбаева келіп, елдегі жағдайды реттегенін  саяси қауым әлі ұмыта қойған жоқ. Сондықтан менің де белді бекем буғаным бекер емес. Әлемді тербететін әйел мемлекетті  басқарып жатса, оның әлеуметтік мәні де, саяси маңызы да жоғары болмақ.

– Партияластарыңыздың атынан президенттікке ұсынған сәтте Сізді жақтастарыңыз ғана емес, Еуропарламенттің бірқатар өкілдері де қолдаған деседі. Бұл қаншалықты шындық?

Жалпы бұл әлем елдерінде бар,  қалыпты құбылыс. Қазірдің өзінде Еуропа құрлығындағы бірқатар алпауыт мемлекеттерде әйелдер басқарып отыр. Бұл Орта Азия аймағындағы сирек кездесетін жағдай. Дегенмен,  ғаламдық немесе әлеуметтік мәселелерді шешуге әйелдің көзімен қарағанның жөні мүлде бөлек. Сол үшін саясатқа араласып, белді бекем будым.

Ал Еуропарламенттің бірқатар депутаттарының жылы шырай білдіргені рас. Еуропарламенттің өкілі, Еуроодақтың либералдар мен демократтар альянсының мүшесі Ивета Григуле президенттік сайлауда маған ақ жол тіледі. Ол  «Сіз Қазақстанның миллиондаған әйелдеріне жол ашып, республика тарихының жаңа парағын аштыңыз. Біз, Еуропарламент депутаттары, «Ақ жол» партиясының съезінен соң сіздің ұсынылуыңызды аса үлкен қызығушылықпен бақыладық. Өткен дебат пен құпия дауыс беруден кейінгі жеңісіңіз – мемлекетіңіздегі саяси тәжірибеге еуропалық дәстүрдің енуінің тамаша үлгісі болды. Сіз өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыру жолында Қазақстанның миллиондаған әйелдеріне үлкен мүмкіндіктерге жол аштыңыз»,-деді. Қазір халықпен кездесуде сайлауалды бағдарламамды жіті таныстырып, партиялас жақтастарыммен үгіт-насихат жұмыстарын қызу жүргізудемін.

–Өткенсіз тарих жоқ. Бұл жолда біз тәуелсіз мемлекет құруға ұмтылған Алаш ардақтыларын ұмытпауымыз керек. Осыдан бірнеше күн бұрын Алаш ардақтыларының портретін көтеріп, «Ақ жол» партиясының мүшелері АЛЖИР-ге барды, сонымен қатар бірнеше қалада шара өткізді. Сіздің пікіріңіз...

Тарих бүгіннен басталған жоқ. Сондықтан біз қашан да өз тарихымызды, ұлттық салт-дәстүрімізді, ұлттық мәдениетіміз бен әдебиетімізді ұлықтауымыз керек, яғни ұмытпауымыз керек. Ұлттық мүдде – біздің баға жетпес құндылықтарымыз.  Алаш арыстары ХХ  ғасырдың басында-ақ тәуелсіз мемлекет  құруға ұмтылды. Қаншама қиындыққа тап болды. Ақыры армандары орындалмай, жазықсыз атылды. Ал біз Алаш арыстары аманаттап кеткен арманды орындауымыз керек, әрдайым олардың асыл мұратын  қастерлеп, тағзым етуіміз қажет. «Ақ жол» партиясы бұл орайда Алаш арыстарының аманатына әрдайым адал болып келеді. Осы уақытқа дейін біз қуғын-сүргін  құрбандарына айналған, қысым көрген, жазықсыз жапа шегіп, атылған арыстарымызды ұдайы қастерлеп келеміз. Бүгінде билік рұқсат бермегенімен, «Алашқа тағзым» шеруінің түбінде орындалатынына еш күмән жоқ. Бұл ұлттық идеологиямыздың жарқын бастауы болады дер едім. Ал «Ақ жол» партиясы еліміздегі көшелер мен елдімекен атауларындағы тарихи әділдікті қалпына келтіру, отарсыздандыру және декомму­низация бойынша жұмысын әлі де тұрақты түрде жал­ғастырады. Бұл менің сайлауалды бағдарламамда анық көрсетілген.

Жалпы мемлекеттік тапсырыстарды жетілдіру мәселесін ұдайы көтеріп келесіз. Бағдарламаңызда да бұған арнайы тарау бөлінген. Ендеше мемлекеттік тапсырыстың ашықтығын қалай қамтамасыз етеміз?

–Бұл бүгінгі күннің көкейкесті мәселесі екендігі рас. Мұны ұдайы назарда ұстау керек. Бағдарламамда мемлекеттік тапсырыстарды жетілдіру, оны кәсіпкерлер үшін барынша ашық ету  туралы ұсыныстар бар. Бұл шетелдік компаниялармен байланыстағы кәсіпорындарға да тікелей байланысты. Сондықтан бұл жайттардың барлығын заңнамалық тұрғыда жіті  қарастырған дұрыс. Негізі кәсіпорындар үшін мемлекеттік тапсырыстардың уақыты бір жыл емес, кем дегенде үш жыл болуы керек. Бұл жайт, анығына келгенде, отандық өнеркәсіптердің жұмыс қуаттылығын арттырып, бәсекелестікке қабілетін жоғарылатады. Осы саладағы сыбайлас жемқорлықтың орын алмауына да жол ашады. Отандық өнім көбейеді. Ал отандық өнім елдің дамуын арттырады, халықтың тұрмысын түзейді. Сондықтан мемлекеттік тапсырыстардың қашан да ашық болғаны жөн.

Биыл еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Жастар жылы» деп жариялағаны мәлім. Ал елімізде жастардың жағдайы толыққанды шешілді деп айтуға әлі ерте. Президенттікке кандидат ретіндегі Сіздің пікіріңіз, аталған мәселені қалай реттеуге болады?

–Жоғары жалақы іздеген жастардың бірқатары шетелге кетіп жатқаны рас. Мұны жоққа шығара алмаймыз. Бұл әлемдегі бар үрдіс. Сондықтан  оларға елде барлық жағдай жасалғаны дұрыс. Жастарды қалай тұрақтандыру қажет? Ол үшін ең алдымен олардың баспана мәселесін шешу қажет.  Жас мамандарды бағалай алуымыз керек, оларға жүре қарауға болмайды. Ең бастысы, тұрақты жұмыспен қамтыған дұрыс.  

Бұл орайда «Ақ жол» партиясы жастарға арнал­ған жатақханалар мен жас отба­сыларға арналған шағын пәтерлер құрылысын бастау керек» деп бастама көтерген белгілі. Бұл мәселе қазір де өзекті деп білемін. Тіпті бірнеше қалада  жастарға арналған жатақханалар мен жас отбасыларға шағын пәтерлер де салына бастады. Демек, «Ақ жол» көтерген бастама орындала бастады. Ал үйі бардың күйі бар. Басты мәселе –баспана. Бұл мәселе таяу арада шешіледі деп ойлаймын. Жалпы, билік жастар саясатына жаңа көз­қарас қалыптастыруы керек. Сонда ғана біз еліміздің болашағы жастарға барынша қолдау көрсетіп, олардың елде тұрақтанып қалуына жол ашамыз.

Әңгімеңізге рахмет!

–Сұхбаттасқан Еркін Қалдан

Материалдың жариялану ақысы ҚР Президенттігіне үміткер 
Д. М.Еспаеваның сайлау қорының қаражатынан төленді.

 

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір