• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 17:56:27
Алматы
+35°

12 Маусым, 2015 NEWS

Cүйінші сұрауға сәл ерте, дегенмен сұрай беруге де болады...

Бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын талқылауға арналған Жұмыс тобының сегізінші отырысы болды.

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдеден бері қандастарымыздың тұрақты тіркеуге тұруына ең басты кедергі болып келген Көші-қон заңының «Көшіп келушілерге Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға арналған рұқсатты беруден бас тарту не оның күшін жою үшін негiздер» деген 49-бабына өзгеріс енгізілді.

Атап айтар болсақ, «ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталғандығы болған» деген 9) тармақ «Қазақстан Республикасының аумағында ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшін алынбаған немесе өтелмеген сотталғандығы бар» деп өзгертілді. Г.Сейітмағамбетова, А.Смайыл, Г.Ишимбаева, Н.Сабильянов қатарлы төрт депутат ұсынған бұл өзгертуді Жұмыс тобының өзге де мүшелері тегіс қолдады. «Егер, осы өзгеріс қабылданса, келген елінен «соттылығы» туралы анықтама сұрауға негіз жоқ болады» деді Ішкі істер министрлігінің өкілі Сабыржан Сейітжанов.

Алдағы жерде Сенаттан өтіп, Елбасы қол қойып жатса, Атажұртқа оралып, Қазақстан азаматы атанғысы келетін қазақтар «Соттылығы» туралы анықтаманың азабынан құтылары сөзсіз.

Сонымен бірге, алдыңғы мақаламызда айтылған ұсыныстар да жан-жақтылы пысықталу үстінде.

Мысалы, білім алу мақсатымен көшіп келетін этникалық қазақ жастарына Қазақстанда алынатын сынақтарға үлгеру үшін шетелден виза аштырғанда басымдық берілсе деген ұсынысты Сыртқы істер министрлігінің өкілдері негізсіз деп қарауда. Виза алуда кезектің бар екенін де жоққа шығармайды тағы. Себеп, қолданыстағы қызмет стандарттары мен қаулыларында мұндай тәртіп жоқ екен.

Бірақ, СІМ өкілдерінің осы Заң жобасы қолданысқа енген күннен бастап, қатысты Қаулы атаулының да жаңартылатынын ескергендері жөн еді.

Әрине, незізсіз талапты біз де ұсынбаймыз, депутаттар да қоймайды. Ең басты негіз – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жастар – біздің болашағымыз. Біздің әлемдегі барша қазақ жас­тарының сапалы білім алуына тиісті жағдай жасауымыз қажет. Қазақстанда біз оны жүзеге асырамыз. Осыған байланысты Білім және ғы­лым министрлігіне қандастарымызға бөлінетін гранттық квотаны нақтылап, жастармен жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырамын» (Дүниежүзі қазақтарының 4-құрылтайы) деген сөзін қаперлеріне алмай отырғаны қынжылтады.

Ол аз десеңіз, «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 66-бабында «1. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдардың Қазақстан Республикасында білім алуға құқығы бар. 2. Мемлекет шет елдегі қазақ диаспорасының білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыруға жәрдем­деседі» деп ашық жазылған.

Енді сол жастардың оқу мерзіміне үлгеріп келу ішін оқуға баратынын айтып, өтініш білдіруіне, оған СІМ Консулдық департаментінің шетелдегі өкілдіктері көмектесуіне әбден болады ғой...

Сондықтан, келесі отырыста бұл мәселелер де шешімін табады деп сенеміз.

auyt

Ауыт Мұқибек

Астана

11.06.2015

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір