06 Маусым, 2019 Саясат
Абайла, билік! Абайла, халық! "Бір толқудың болары анық"
Бауыржан Серікбаев алда келе жатқан сайлау туралы "Қамшы" порталына сұхбат берді
Тура үш күннен кейін Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы. Қазіргі таңда ОСК тіркеген жеті кандидат халыққа үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр. Білетіндер «бұл сайлау бұрынғы сайлаудан ерекше» дегенді айтады. Десе, дегендей-ақ, бұрындары сайлауға аса мән бермейтін халықтың бұл жолғы белсенділігі расында басқаша. Әсіресе, әлеуметтік желіде саяси дода турасында түрлі пікірлер жазылып, "болашақ президентіміз, міне, мына кандидат болады" деген нақты болжамдар да айтылып жатыр. Бірақ көптеген желі қолданушылары айтар сөзінің астарына үңіліп, жасаған болжамдарының байыбына барып жүр дей алмаймыз. Дей тұрғанмен сайлау туралы саяси сараптап, сауатты пікір жазып жүргендер де жоқ емес. Солардың бірі саясаттанушы Бауыржан Серікбаевтың айтқан ойларын, жазған пікірлерін Facebook желісінде тұшынып оқитындар көп. Осыған байланысты Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Бауыржан Серікбаевпен жасаған сұхбатын назарларыңызға ұсынады.
Назарбаевтың президенттіктен кетуіне төрт нақты себеп бар
- Бауыржан, әңгімені әріден тарқатсақ. 19 наурызда Қазақстанды 30 жыл басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биліктен кетті. Сіз саясаттанушы ретінде Назарбаевтың бұл шешіміне қандай баға бересіз? Неге ойламаған жерден бір-ақ күнде президенттіктен кетті?
- Елбасының биліктен кетуі бір күнде іске асты деп ойламаймын. 30 жыл мемлекетті басқарған тұңғыш президенттің биліктен кету процесі дайындықпен, жан-жақты ойластырылған қадамдармен іске асады. Билік бұл процестің 2016 жылдан басталғанын айтуда. Әбден мүмкін. Менің ойымша, Елбасының мұндай шешімге келуіне ең негізгі төрт нақты себепті атап өтуге болады.
- Ол қандай себептер?
- Біріншіден, естеріңізде болса, 2016 жылы тұтас ел аумағында «Жер мәселесі» өршіп тұрды. Тәуелсіздік алған жылдардан бері халықтың жаппай көтерілген сәті осы кезең шығар... Билік тұңғыш рет өз шешіміне халық тарапынан жаппай қарсылық көрген жер дауының психологиялық салдары билікте тым ұзақ отырған саясаткерге әсер етпей қоймайды.
Екіншіден, 2016 жылы көрші Өзбекстан президенті Ислам Каримов дүниеден өтті. Көп ұзамай Каримов отбасының жағдайы да қиындай түсті. Мұның бәрі біздің элита үшін де үлкен белгі мен дабыл сигналы іспеттес. Билік транзитінің басталуына Орта Азиядағы үлкен көршіміз Өзбекстанда болып жатқан саяси процестердің де ықпалы болғаны сөзсіз.
Үшіншіден, соңғы 10 жылдықта әлемдегі ұзақ жылдар билікте отырған мемлекет басшыларының саяси төңкеріс жолымен бірінен кейін бірі басшылықтан кетуі әлемдік қауымдастықтың бір бөлшегі болған Қазақстанға да әсер етті. 20-30 жылдап билікте отыратын авторитарлы жүйенің заман көшіне ілесе алмай құлдырау процесі басталды. Бұл өз кезегінде 30 жыл бір президенттің басқаруында отырған қазақ қоғамының санасына да өз әсерін берді. Билік қоғамда болып жатқан бұл өзгерістерді сезбеуі, есепке алмауы мүмкін емес.
Төртіншіден, ел халқының саяси санасы мен мәдениеті осыдан 15-20 жыл бұрынғы деңгейдегіден көп өзгерді. Қоғам өзгерісті ашық талап ете бастады. Бұл процестің катализаторы ретінде ақпараттық технологияның дамуы да үлкен роль атқарды. Қазақстан халқы мемлекеттің бақылауында болған БАҚ-қа сенуден қалды. Әлеуметтік желілердің дамуы, кең таралуы ақпарат алмасуды жеңілдетіп, әрбір азамат өз пікірін еркін айта алатын, Қазақстанның кез келген нүктесіне пікірін жеткізе білетін мүмкіндіктерге ие болды. Жыл өткен сайын елдегі барлық сәтсіздіктер мен кемшіліктерге Елбасының өзін тікелей айыптайтын халықтың саны артып келе жатқаны сезіліп тұрды.
Бұдан да өзге қоғамда қордаланған әлеуметтік, экономикалық проблемаларды атап өтуге болады. Бірақ жоғарыда аталған ішкі және сыртқы факторлар Елбасының өз өкілеттігін уақытынан бұрын тоқтатып, билік транзитін бастауына себепкер әрі ықпал етуші негізгі факторлар болды деп есептеймін.
Сайлау әділ өтуі үшін ел азаматтары белсенді болуы керек
- Тоқаевқа тоқталсақ. Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілеттілігін тоқтатқан соң заң бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік лауазымды иеленді. Сіз фейсбуктегі жазбаларыңызда «Тоқаев – қазіргі өтпелі кезеңде нағыз ел басқаратын адам» деп баға беріпсіз. Неліктен?
– Ол рас. 30 жыл мемлекетті басқарған Елбасы өз өкілеттігін тоқтатқанда бүкіл Қазақстан қоғамы іштей үлкен толқыныста болды. Депутаттардың бір бөлігі тұңғыш президенттің кеткеніне қимастықпен жылап жатқанда қоғамның енді бір бөлігі өзгерістің басталғанына қуанды. Алда билік транзитінің нақты практикалық тұрғыда іске асатынына ешкімнің күмәні қалмады. Дәл осындай өтпелі кезеңде ел тізгінін сайлау өткенше уақытша ұстауға бұрын ешқандай жемқорлықпен аты шықпаған, белгілі бір кландар арасында жоқ, елдің көзінше өзін тәуелсіз саясаткердей ұстайтын Тоқаевтың кандидатурасы бірден бір лайықты кандидат деп есептедім.
- Тоқаев ресми Ант берген алғашқы күннен бастап «Елбасының саясатын жалғастырамын» деді. Бірақ сайлау әділ өтеді деп уәде етті. Қалай ойлайсыз, сенуге бола ма, сайлаудың әділ өтетініне?
– Негізі мәселені тереңінен қарау керек. Сайлау әділ өтуі үшін сайлаудың шарттары әділ болуы керек. Бізде әділ сайлау шарттары бар ма? Әрине, жоқ! Мысалы, сайлауға түсетін кандидат міндетті түрде 5 жыл мемлекеттік қызметте жұмыс істеуі шарт. Осы әділдік пе? Әрине, жоқ. Қаншама жеке секторда жұмыс істейтін мамандар, қарымы мықты бизнесмендер мен өмір бойы компанияда, банк секторында еңбек етіп келе жатқан Қазақстан азаматтарының конституциялық құқығы аяққа тапталды. Екінші бір олқылық, ешбір Қазақстан азаматтары кандидат ретінде өзін-өзі ұсына алмайды. Саяси партия немесе қоғамдық ұйымның атынан ғана түсуі шарт. Бұл да ашық саяси бәсекеден қашқан бүгінгі жүйенің қитұрқы қадамы деп санаймын. Біздің елдегі оппозициялық саясаткерлер мен қоғам сайлау туралы заң қабылданғанда ұйықтап жатты десек те болады. Ендігі қалғаны – қолда бар заңмен сайлауды өткізу.
Сайлау процесі басталғалы бері елдің аузында екі кандидат жиі аталып келеді. Біріншісі – қазіргі билік ұсынған Қ.Тоқаев болса, екіншісі – қоғамдық ұйымның атынан түскен Әміржан Қосанов. Менің ойымша, қолдағы бар заңмен сайлау әділ өтуі үшін ел азаматтары белсенді болуы керек. Ол үшін сайлауға қатысып қана қоймай, бір күн уақыттарын қиып, ел аумағындағы сайлау учаскелерінде бақылаушы болып сайлау процесінің әділ өтуін қадағалауы шарт. «Тоқаев сайлау әділ өтеді» деді. Демек, «сайлау әділ өтеді» деп қарап отыру – жұмсартып айтқанда, «аңғалдық» болар еді.
Бұл сайлаудың басты ерекшелігі – қоғамның белсенділігі
- Бұл сайлау, бұрынғы сайлаудан Қосановтың, яғни, тәуелсіз кандидаттың қатысуымен ерекше деген пікірлер көптеп айтылуда. Ал сіз қандай ерекшелік көріп тұрсыз осы бір саяси додадан?
– Менің ойымша, бұл сайлаудың ерекшелігі – қоғам сайлауға қатысты ойларын ашық жазып, талқылап, пікірлерін белсенді түрде білдіре бастады. Демократия 30 немесе 50 жыл өткеннен кейін өзінен өзі орнай салмайды. Демократия – сайлау, сайлауға қатысу, биліктің ауысуы сынды саяси процестерге қатысу жолындағы нақты практикалық іс-әрекеттермен, тәжірибе арқылы келеді. Қазіргі сайлаудың бір ерекшелігі де – қоғамның сайлау маңызын түсініп, белсенді түрде талқылай бастаған қадамында. Меніңше, алдағы уақытта да Қазақстан азаматтары елдегі саяси процестерге белсенді араласа бастайды. Себебі, тым-тырыс жату мен пассив көзқарастың құны ауыр екенін 30 жыл ұйқыда жатқан қоғамымыз түсіне бастады. Бұл ел санасындағы жақсы өзгеріс. Қоғамдық санада ақырындап болсын заманға сай трансформация жүріп жатқанын аңғару қиын емес.
Қосанов келсе, жастардың тынысы ашылады
- Сіз өзін тәуелсіз кандидатпын деп есептейтін Қосановты ОСК тіркеген күннен бастап іс-əрекеттерін жіті бақылап, бұрыс кеткен жерлерін сынға да алып жүрсіз. Бір жазбаларыңызда Қосанов 100 пайыз биліктің адамы дедіңіз. Бірақ соңғы уақытта «бізде Қосановтан басқа таңдау жоқ» деп өз пікіріңізге өзіңіз қарсы шығып, оны "көзсіз" қолдап жатырсыз. Егер расымен Қосанов биліктің адамы болса, қазіргі жүйеден шаршап, өзгерісті қалап отырған халық неге оған дауыс беру керек?
– Біздің буын, яғни жастар үшін осы сайлаудың маңызы өте зор. Біріншіден, билікке демократиялық ұстанымдағы Қосанов келсе, жастардың тынысы ашылады. Бәсекелі саяси жүйе орнап, өзгеше ойлайтын, креавтив жастардың өз потенциалын көрсетуіне мүмкіндік болады. Екіншіден, егер ертең сайлауда Қосанов ұтылып жатса да үгіт-насихат басталғаннан бұл кандидаттың сайлауда өте белсенді болғаны жастар үшін қажет. Не үшін? Себебі, халықты оятып, елде демократиялық принциптердің орнауына, азаматтық қоғамның дамуына халықтың санасын дайындайтын катализатор бола алатындай мүмкіндік қолында тұр. Халық санасының өзгеріс пен ашық азаматтық қоғамға дайын болуы, елдегі саяси сананың өсуі – алдағы уақытта "осы елде қалып еңбек етемін, қоғамдық-саяси процестерге қатысамын, сайлауға түсу арқылы бәсекелі ортада биік мінберге шығамын" деген жастарға аса қажет.
Осы жоғарыда аталған екі мақсатта Қосанов кандидатурасын тек қолдап қана қоймай, керек жерінде қамшы да басатын тактиканы ұстандым. Сайлауалды үгіт-насихатын солтүстіктегі Булаева қаласынан, ауылдағы шағын кітапханадан бастағанда да көзсіз қолдай бермей үгіт-насихатты қалай жүргізсе, халыққа әсері көп болатынын жазып отырдым. Шабыт беретіндей, керек жерде намысын оятатындай тактикамен өз пікірімді Қосановтың сайлау штабын белгілей отырып, әлеуметтік желіде жарияладым. Әлеуметтік желіге тек қана үш күнде бір рет шығып отыруы, басты оппоненті Тоқаевқа тікелей шабуылдамай, жанамалап қана сөйлеуі – біраз сылбырлық танытқандай әсер берді. Дәл осындай қадамдарынан кейін намысын қажап, жігерін оятатындай сөздермен қамшылап алатын жазбаларымды шығардым. «Қосанов биліктің адамы» дегенді менен өзге де ел азаматтары жазып жатты. Бұл Қосанов кандидатурасы үшін ел сенімінен айрылатын қауіпті тенденция болатын. Дәл осы жерде менің жазбам Қосановқа қарата «Сіздің қазіргі әрекетіңіз биліктің жобасы дегенге 100 пайыз дәлел. Бұл күдік орынсыз әрі жалған болса, осы сайлауда барынша белсенді болу арқылы іспен дәлелдеңіз» деген мақсатта батырып жеткізу арқылы намысы мен жігерін қажау жолында жазылған еді.
Көбіне іссапарда болып Астанада бола бермеймін. Бір жолым түскенде өзім арнайы барып, Қосановтың штабында болып, мән-жайды ішінен білгеннен кейін қазіргі жүйе кандидаттардың сайлау процесі барысында тәуелсіз әрі белсенді әрекет етуіне толық мүмкіндік бермейтініне көз жеткізе бастадым. Бірақ біздің Қосановтан өзге таңдауымыз жоқ. Сайлау процесі басқаша форматта өткенін қаласақ 5-10 жыл бұрын заңдар қабылданып жатқанда белсенді болуымыз қажет еді. Бұл біздің қоғам үшін өткеннен сабақ алар тәжірибе болуы тиіс. Қазіргі біздің қолдан келер әрекет – заң аясында үгіт-насихатты белсенді жүргізіп, сайлаудың барынша бәсекелі өтуіне ықпал ету мен осы саяси процесте елдің санасын барынша ояту.
Бойкот Қазақстан жағдайында жұмыс істемейді
-Рысбек Сəрсенбай бастаған бір топ оппозиция өкілдері сайлауға бойкот жариялап жатыр. 1 маусым Астанада Халық құрылтайын өткізді. Билікке өз талаптарын айтты. Оған көзқарасыңыз қалай?
- Құрылтай өтті. Өзім іссапарда болуыма байланысты қатыса алмадым. Шындығында қатысқым-ақ келген. Астанаға келіп үлгергенше, құрылтай жиыны да аяқталып үлгеріпті. Ішінде болмағаннан кейін нақты кесіп ештеңе айта алмаймын.
Бірақ өз азаматтық позициям – бойкот Қазақстан жағдайында жұмыс істемейді. Ертең сайлауға қанша азамат келсе де сайлау өткен болып есептеледі. Бойкот бұрынғы сайлауларда да жарияланған. Билікке бұл жол әсер етеді деп ойламаймын. Өзгеріс болуы үшін белсенділік керек. Сол жолда нақты әрекет қажет. Маңдай терді төгіп қоғамның санасын демократиялық принциптерге ояту жолында еңбек етумен ғана азаматтық қоғам мен өзгерісті алып келе аламыз. Бойкот деп жатып алып, елді өзгертіп жіберемін деген саяси тактика Қазақстанда жұмыс істейді дегенге сенбеймін.
Құрылтай өтті, бірақ елге берген керемет әсерін көріп тұрғаным жоқ. Талап қою арқылы да мәселе шешіледі ме екен? 30 жылда талаптың көп түрі жасалды осы уақытқа дейін. Нәтиже бар ма?.. Бойкот жариялап, талап қоямыз деген жолда жүрген азаматтар реал өмірдегі Қазақстан жағдайына оралғаны дұрыс.
Қазіргі жүйе сол қалпында қалар болса, бір толқудың болары анық
- Сайлауда қайтадан билік партиясының ұсынған кандидаты жеңіске жететін болса, өзгеріс күтіп жүрген халықтың позициясы қандай болмақ? Сайлаудан кейін халық жаппай алаңға шығады дегенге келісесіз бе?
- Сайлауда биліктің кандидаты жеңіп жатса, көп создырмай елде саяси реформаларды қолға алуы керек. Партиялар арасындағы саяси бәсекеге ерік беріліп, азаматтардың өз ойын еркін айтуына жол ашылуы тиіс. Қоғам билікке кім келсе де басты қояр талабы – саяси реформа мен әлеуметтік, экономикалық жағдайға қатысты күрделі реформаларды бастауды күтеді. Менің ойымша, егер биліктің кандидаты жеңіп жатса, ертеңіне қоғам тұтас жаппай көтеріледі деуге келмейді. Оның басты себебі – биліктің өкілі сайланса да, тегі мен аты бөлек президент ел тізгініне ұстайды. Қоғамда жаңа президент бір өзгерісті жасар деген үміт оты болады. Бірді-екілі наразы топтар мен азаматтар жиналып шығатын белсенділік болуы мүмкін. Бұл қадамның өзі билікке үлкен ой салары сөзсіз. Билік үшін ешнәрсе бұрынғыдай болмайтынына көзін жеткізетін қадам болады. Қазірдің өзінде ел азаматтарының белсенділігін көрген билік сайлаудан кейінгі қадамдарын ойластырып жатса керек. Бірақ сайлау өткеннен кейін де алдағы бір-екі жылда қазіргі жүйе сол қалпында қалар болса, бір толқудың болары анық. Ол кезде халық бұл жүйеден мүлдем күдер үзіп, жаппай ашық шеруге шығатын әрекеттерге барары сөзсіз.
Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан: Мият Кәшібай
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір