• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 14:32:00
Алматы
+35°

13 Маусым, 2015 Сұхбат

С. Кенжебек, балалар үйінің түлегі: 22 жылдан соң анамды тауып, сотқа бердім(Фото. Видео)

Өткен күндерді келмеске кетті дейміз ғой. Көбіне зуылдап өтіп жатқан уақытқа өкінетін болармыз. Ал қиналған сәттердің керісінше өткен шақтың үлесінде қалғанына...

Өткен күндерді келмеске кетті дейміз ғой. Көбіне зуылдап өтіп жатқан уақытқа өкінетін болармыз. Ал қиналған сәттердің керісінше өткен шақтың үлесінде қалғанына қуанамыз. Бірақ өткен шақтың күнәсі сізді бір күні ұйқыңыздан түртіп оятса қайтер едіңіз? Кімнің күнәсі қаншалықты екенін безбенге салуға хақылы емеспіз. Тіпті біреудің күнәсін көріп тұрып, сен бір кезде күнәһар едің ғой деп айтудың өзі айып болар. Себебі Хақ тағаланың кешіріп, кешпегенін де парықтайтын біз емес. Балалар үйінде тәрбиеленген Серік Кенжебеков біздің редакциямызға ат басын бұрып, бұйымтайын айтты. Құс та жұмыртқалау үшін алдымен ұя салады Он жеті жасымда балалар үйінің қабырғасынан үлкен әлемге қадам бастым. Үйсіз жүрген кездерім де болды. Ретін тауып Алматыдағы «Жанұя» жатақханасына орналасқан болатынмын. Онда жиырма тоғыз жасқа дейін тұруға болады деп ойлаушы едім. Бірақ комендант ашық түрде айтпаса да, «мұнда жанұялы жетімдер паналай алады, ал сен жалғыз өзің бір бөлмені алып отырсың» дегенді емеурінмен жеткізіп келеді. Бір күні ымға түсінбеген, дымға да түсінбейді деп, ашық түрде айтатынына сенімдімін. Оқиға дәл солай өрбіп, менің жанұя құрмай жатақханада тұрып жатқандығымды алға тартса, мен далада қалғалы тұрмын. Маған көмек қолын соза алатын азаматтар бар ма екен? Мен жанұя құруға әлі дайын емеспін ғой. Құдай-ау, «торғай екеш торғайдың өзі» жұмыртқалау үшін алдымен ұя салып алады ғой. Ал мен баспанасыз қалай үйленемін? Өзім жетімдіктің азабын әбден тарттым. Балаларымның пәтерден пәтерге көшіп жүргенін қаламаймын. Сондықтан жатақханада қалу үшін үйлену керек деген сөзді мен мүлдем түсінбеймін. «Жанұя» жатақханасынан бөлек, «Жастар» үйі деген де бар. Бірақ мен басынан ол жерден орын алмағанмын. Себебі «жетімдер үйінің балалары қылмысқа жақын келеді, олар аяу дегенді ұқпайды»,- деген пікірді өзгерткім келеді. Ал күллі қоғамның пікірін өзгерту үшін өзің де өзгеру керек қой. Осы оймен ол жерден орын алмап едім, енді паналайтын үй мұңға айналып барады. Анамды тауып, сотқа жүгіндім Балалар үйінде жүргенде анамның жамалын көру арманым болатын. Мұқағали ақын «Бақыт деген сенің бала кездерің» деп жырға қосқан ғой. Ал ондағылар бақыт жайында басқаша түсінікте. Мен де бақыт балалар үйінің қабырғасының тысында дей ойлайтынмын. Осылайша АХАЖ бөлімі мен перзентханаларды шарлап табанымнан тоздым. Туу туралы куәлігімде анамның аты жазылып тұр. Сол арқылы іздедім. Анамның менен бас тарту қағазын перзентхана мұрағатынан таптым. Осылайша шексіз қуанышпен анама қоңырау шалдым. «Келе ғой, балам»,- десе, сол сәтте қос өкпемді қолыма ұстап жетіп барар едім. Алайда анам мені көргісі келмейді екен. Мен ол үшін жиырма үш жылдан соң, адам образында тіріліп келген күнә секілді әсер қалдырдым. Ашуландым. Журналистердің көмегіне жүгіндім. Журналистер араласқан соң мені көруге келетін шығар деп ойлағанмын. Алайда анам маған жүрегін жылыта қоймады. Сосын сотқа жүгіндім. Сот нәтижесі менің жеңісіммен аяқталды. Анам менен бас тартқаны үшін айыппұл төлейтін болды.Бұлай жасау маған оңай тимеді. Себебі ол менің қиялымда жақсы мінездермен қашалған кейіпкер болатын. Кейбір адамдар мен дүниеге келген жыл-ауыр жыл болды деп мені жұбатқысы келеді. Бірақ ауыр екен деп бүкіл аналар 1991 жылы баласын тастап кеткен жоқ қой. Анам ол кезде он алты ғана жаста болған екен. Әлі өзінің буыны бекімеген, мені жеткізу қиын болар деп те өзімді жұбататынмын. Ал қазір менімен қауышуға не кедергі. Рас ол одан соң жанұя құрды. Екі қызы бар екен. Рас-өтірігін білмеймін, бірақ қыздары әкесімен бірге тұрады екен. Ал анам өз туыстарымен ғұмыр кешіп жатса керек. Осылайша мен өмірге келгеннен кейін бес күннен соң анам менен жеріпті. Дамушы елміз ғой. Менің аяулы қоғамым, сіздер менен жерімеңіздер. Менің баспанамның мәселесін шешуге қолұшын созсаңыздар екен. Мен сіздерге сенемін. Жақсы адамдар бар ғой. Жұмыла көтеріп, талқылап, маған көмектесерсіздер.

Айнұр Төлеу

https://youtu.be/XD0Jiay4HqQ

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір