07 Маусым, 2019 Барлық аймақтар
Зулап жатқан өмір, зымырап жатқан уақыт... Қарап отырсақ осы уақытта "отбасын қалай асыраймыз? Қалай жұмысқа орналасамыз? Ақша қалай тапсақ болады?" деген сұрақ кез-келген жеке тұлғаның күнделікті санасын сіңген қалыпты ойлар екендігі белгілі. Бүгінгі күнде күнкөріс көзі үшін бүтіндей бір отбасы жұмыс жасайтындығын айтпасақ та білеміз. Ата-анасы тамаққа, үйдегі коммуналдық қызметке, пәтердің ақшасын төлеуге, үйдегі кішкентайлардың қажеттіліктерін қамтуға жұмсаса, әдетте үйдің үлкен балалары өз қажеттіліктерін өздері өтейтіндігін, тіпті оқудың ақшасын да өздері төлеп жататындығын білеміз. Тіпті кәмелеттік жасқа толмаған балалар даяршы, күзетші, сатушы болып қызмет ететіндігін біліп, көріп жүрміз. Міне жаз келді, мектепте де жоғарғы оқу орындарында да кезекті демалыс. Әрбір барған ойын-сауық орталықтарына, дүкендерге, сауда орындарына, асханаларға қарасақ қызмет ететін өрімдей жастар. Осы кезеңді дер кезінде пайдаланып, кез-келген дін өкілдері өз саяси мақсаттарын жүзеге асыратындығын жастар да, ата-аналар да біле бермейді. Ақша, жылы сөздер, күлімсіреген жүздер қаншама жастарымыздың санасын улады?! Төменде баяндалған қарапайым оқиғалар әрбір оқырманға өз пайдасын тигізер деп ойлаймын.
Әрбір теріс бағыт өкілдерінің соның ішінде исламдық Әбу Ханифа мазһабын терістейтін бағыттардың басым көпшілігі мемлекетті және мемлекетке қызмет етушілерді кәпірге шығарады. Неге? Өйткені еліміз шариғат заңымен басқарылмайды дейді. Сондықтан олар жеке кәсіппен айналысады. Байқасаңыздар ұялы телефон сататындар, ұялы телефон жөндейтіндер, киім сататындар, көлік құралдарын сатушылар, халал асхана желілерінің басым көпшілігін теріс бағыт өкілдері тізгіндейді. Ол жерге қызмет етуге келген адамдарға тіпті өз талаптарын қойып, өз ұстанымдарын қабылдаған жағдайда ғана қызметке алатындығын естіп жатамыз. Ал діннен хабары жоқ адам сол жерде қызмет жасап, аздаған уақытта ғана сізбен таласқа түсетін діндар болып, әйелдер қара киініп, ер кісілер сақалдарын қойып, балақтарын қысқартып шыға келеді. Өкінішке қарай бұл шындық!
Мен сұхбаттасқан Сабина (есімі өзгертілген) есімді келіншек тұрмысқа шықпастан бұрын «Тастақ» сауда орталығына сатушы болып қызметке кірген. Алғашында Әбу Ханифа мазһабымен намаз оқуды бастаған ол уақыт өте маңайындағы діндарлардың берген ақпаратына уланған. Өзін тақуа сезініп, тек сол өз ұстанымындағы адамдармен ғана араласқан. Маңайындағыларғы кәпірге шығарып, салқындау мінезге бой алдырып, қоршаған айналасына деген көзқарасы күрт суыған.Өшпенділік пайда болған. Сол жерде қызмет еткенде өз ұстанымындағы жігітпен танысып тұрмысқа шыққан. Алайда таңдаған жігіті өздерінің уағыздарына сай келетін тақуа болмаған. Бір жылға жуық уақыт өткен соң жігіт басқа қыздарға көз салған. Бұл жағдайға шыдамдылық танытуға тырысқан Сабинаның шыдамы жеткен. Кейін талақ беріп ажырасуға турал келген. Басты себеп алғашында келіншектің хиджабсыз түрі ұнамаған. Шынайы имандылық пен жүректегі сұлулықтың маңыздылығы болмай нәпсіге бой алдырып осындай жағдай орын алған. Арада бір баласы қалды. Ал келіншек уақыт өте тағы бір жігітке екінші әйелі болып тұрмысқа шығып, бүгінгі күнге шүкіршілік етіп өмір сүруде.
Осындай күнкөрістің салдарының бірі Азаматта (есімі өзгертілген) қаладағы танымалы халал асханалардың біріне жазғы демалыста даяршы болып жұмысқа орналасқан. Ол да дәстүрлі ұстанымдағы өз ісін жетік білетін жігіт болатын. Жұмыс жасағанына үш ай уақыт өтпей балағын қысқартып, сақал қойып, теріс уағызшыларды күні -түні тыңдап, діни фанат өкіліне айналады. Ортаға қарым қатынасы өзгереді, мемлекетті қолдамай, әрбір нәрсені бидғат пен ширкке санап, салт-дәстүрімізді жоққа шығарып шыға келеді. Жанашыр жақындары оның ұстанымының дұрыс еместігін айтқанда тіпті де құлақ аспай, өз ұстанымының дұрыс әрі таза жол екендігін айтып, өзгермей сол қалпында қалды. Әрине жасаған жұмысының бастығы да, аспазшылары да теріс бағытта болған соң оны оңалтудың қаншалықты қиын болатындығын өзіңіз де түсінген боларсыз.
Ия, бұл мен баяндаған тек екі оқиға ғана болатын. Халал жұмыс іздеген жастар бұлай теріс жолға түсетінін кім білген? Әрине сеніңкіремейтін боларсыз, бірақ, өзіңіз жай ғана халал жұмыс ұсынатын топтарға тіркеліп көрсеңіз, талаптардың ішіне міндетті түрде намазхан немесе хиджабта болу керектігі, тіпті сәләфи болу керек деп жазып жарнама жасайтындығына көзіңіз жетеді.
Назерке Жетпісбайқызы
Алматы қаласы Қоғамдық даму
басқармасының жанындағы
«Кеңес беру және оңалту орталығының» теологы
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір