• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
22 Қыркүйек, 14:19:20
Кекілбаевқа арналған кеш

07 Маусым, 2019 Сұхбат

Мархаба Сәби: "Елімізді өзгертетін бір "Жасылскийді" күтемін..."

"Жүйе" — қызу талқыланған, саяси ән. Кешеден бері талқылауға түскен әннің орындаушысы — Мархаба Сәби.

Өзгеру керек, өзгерту керек!
Ашылып аспан, сүйілсін түнек.
Қорықпау керек, қаймықпау керек!...

"Жүйе" — соңғы жылдардағы саяси ән. Кешеден бері талқылауға түскен әннің орындаушысы — Мархаба Сәби. Мархаба қазақстандық шоу-бизнесте "Ұнайды маған" әнімен танымал болды десек, қателеспейтін шығармыз. Сондай-ақ өз тыңдарманын тапқан "Аялдама", "Ғана" әндері де бар. Ерекше әнші басқа әншілерден музыкалық жанры арқылы дараланады. Енді сайлаудан бірнеше күн бұрын "Жүйе" деп аталатын саяси әнін жарыққа шығарды.  Qamshy.kz ақпарат агенттігі Мархаба Сәбимен сұхбаттасты. 

— Мархаба, күні кеше жарыққа шығарған әніңіз қызу талқылануда. Жалпы бұл кімнің идеясы? Саяси астары бар әнді шығаруға қандай жайт түрткі болды? Мұндай әнді шығарудағы мақсатыңыз не?

— Бұл әнді шығаруға өз көзқарасымыз себеп болды. Таңертең үйден шыққаннан бастап қате жүйенің  себеп-салдарын өз көзіңмен көресің. Сондықтан өздігінен туындаған идея болды. Қазіргі кезеңмен үндес бір ән болуы керек деп шештім.

— Бұл әнді шығару барысында ата-анаңыз қарсы болды ма? Оларға қалай түсіндірдіңіз?

— Ата-анам мені қолдайды.

— Әніңіз арқылы «Қате жүйе, қыңыр жүйе» деп елдегі келеңсіздіктерді ашық айыптайсыз. Өзіңіз қандай әділетсіздіктерге тап болдыңыз? 

— Жүйенің салқыны бәрімізге тиеді.  Қаласақ та, қаламасақ та осы жүйенің аясында өмір сүріп жатырмыз. Бірақ үндемей, көніп, келісіп отыра беруге болмайды. Біздің ел жақсы қоғамға, жақсы өмірге лайық.

— Қолыңызда билік болса, қандай өзгерістерді жасайтын едіңіз? 

— Мен өнер адамымын. Дұрыс қоғамда қатардағы адам ретінде өмір сүргім келеді.

— Сіздің әніңізді «кезекті хайп» деп сынға алатындарға айтар жауабыңыз?

— Өз деңгейімде дұрыс көзқарасым үшін күресіп таза жүрген адаммын. Хайп деп қабылдайтын адамдар көп болады деп ойламаймын.
Өнер айналадағы болып жатқан дүниелердің айнасы болуы керек. Сол кезде шынайы болады.

— Сайлауға барасыз ба? Кімге дауыс бересіз, әлде байкот жариялайсыз ба?

— Дауыс беруге бара қалсам, Әміржан Қосановқа дауыс беремін. Бармауым да мүмкін. Өйткені халықты бірнеше топқа бөліп жіберетін түсініксіз жағдай болып жатыр. Қалай болғанда да бүгінгі жүйенің өзгергенін қалаймын.

— Қазіргі кандидаттардан бөлек кімді президент болуға лайық деп есептейсіз?

— Елімізді шынымен өзгертетін бір "Жасылскийді" күтемін.

— Сайлаудан кейінгі Қазақстанды қалай елестетесіз? 

— Бәрі халықтың белсенділігіне байланысты деп есептеймін. Халықтан, көпшіліктен үміт күтемін.

— Сіз екі ЖОО-на түсіп, екеуін де аяқтамай шығып кетіпсіз? Не себеп болды?

— Иә, консерватория, Жүргенов атындағы академияны аяқтамай шығып кеткенмін. Бұған түрлі келіспеушіліктер, іштей қанағаттанбау, жаңа идеялардың қолдауға ие болмауы, қайталана беретін мемлекеттік мағынасыз, сапасыз концерттер себеп болды.

— "Қазақстанда дипломсыз күн көру мүмкін емес" деген стереотип бар. Қалай күн көріп жүрсіз?

— Ең сорлы стереотип.  Қазіргі заманда өз-өзіңе сенімділік пен біліктілік болса, жерде қалмайсың. Дүние интернетпен алға кеткен заманда, дипломға емес, өз күшіңе, өз парасатыңа сену орынды. Жоғары оқу орынсыз, дипломсыз-ақ, аз уақытта кез келген мамандықты игеріп алуға болады. Әрине, ықылас, ниет болса.  Тапсырыс бойынша ән, әнге мәтін жазу арқылы нәпақамызды тауып жүрміз. Бірнеше концерттер де бар. Өзімізге жетеді.

— «Жүйе» — еліміздегі алғашқы саяси әндердің бірі. Мұндай әндер карьераңызға кері әсерін тигізеді деп қорықпайсыз ба?

— Мен кері әсерін тигізетін мемлекеттік қызметте жүрген адам емеспін.  Қорқуға да болады. Қорықпауға да болады. Әркімнің өз таңдауы бар. 

— Сіздің әріптестеріңіз саяси мәселеге келген кезде үнсіз қалуға, бейтарап пікір айтуға тырысады. Көбісінің белгілі бір дәрежеде атақ-абыройы бар. Сіз атақ-даңққа қызықпайсыз ба?

— "Аш бала тоқ баламен ойнамайды" демекші, жақсы күнінен айрылуға қорқатын шығар. Мен маңдай терім сіңбеген, еңбегім сіңбеген атақ-абыройды қаламаймын.

— Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін рақмет! Шығармашылық табыс тілеймін!

Әңгімелескен: Әсел Болатқызы

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір