• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 17:57:00
Алматы
+35°

07 Маусым, 2019 Денсаулық

"Шипагерлік баяны": Өтейбойдақтың тамыр және қан жөніндегі тұжырымы

Қанның жүруі — тіршілік, тоқтауы — өлім. Қан — пенде жаны.

Ұлттық медицинамызда, қазақы жалпақ тілмен айтқанда  күре тамыр және жіңішке тамыр (жіңішке тамырға ет арасына жайылған қыл тамырда кіреді) деп аталатын адам денесіндегі тамырдың екі атауын естуші едік. Ал, «Шипагерлік баянды» қарап отырып бұл танымымыз шамасы шалалау болып қалған ба деген ойға келеміз.

Шипагерлік баянның (Жалын баспасы. 1996 ж.) 184-бетінде, «Мүше қаһарқақ  жүрек, жүрек қабы, үлпершек, алал қанды апарғы лыпыма аңғақ, арам қанды әкелгі жымпыма аңғақ, алал қанды арам қанға ауыстырғы сүзделгі ішіндегі ұсақ аңғақ торлауыл, арам қанды алал қанға айналдырғы ырысқы аңғақты қамтылғы болмақ», ­­­­­­- дейді.

Бұл сөйлемнің қазіргі тіліміздегі мағанасы: «Мүше жүрек — жүрек қабы, үлпершек, таза қанды тасымалдаушы соқпа тамыр қуысы (күре тамыр), арам қанды жеткізуші соқбасыз (жіңішке) тамыр қуысы, таза қанды арам қанға айналдыратын сүзгі (ретикола эндотология жүйесі) ішіндегі ұсақ қуысшалар, сондай-ақ арам қанды таза қанға айналдырып беретін ырысты тамыр қуысын өз ішіне қамтиды».

Ғұлама бабамыз, бұл қорытындыға, қақпанға түскен түлкіні досымен бірлікте тірідей терісін сыпырып, қан атқылақтап тұрған соқпа тамыр мен қан жылысып аққан соқбасыз тамырды түлкінің дене сыртынан тамырдың жүрер  жолын қуалай сойып барлық тамырдың тоғысар тұсы жүрек екендігін анықтап алған (бұл тәжірибе Баянның 186-бетінде. Жалын баспасы) соң, ендігі кезекте, жүрек ішіндегі қанның өзгерісін яғни таза қанның арам қанға, арам қанның таза қанға айналу барысын (процессін) қайта-қайта нақтылы тәжірибе жасау, көз жеткізу, мұқият зерттеудің арқасында келгендігі байқалады. Бұнда, тағы бір кереметі, денедегі өз алдарына үш түрлі рөл атқаратын үш тамырға сайма-сай үйлесімді де жарасымды  ат қоюы. Қазіргі медицинада бар ма, бар болса қалай аталады? Ол жағын анық білмедім. Әйтеуір, арам қанды таза қанға айналдырып беретін, тоғалықты тұлғаға (толық бітіске) жақсылық, жағамдылық, жаңару, тазару сыйлайтын жүрек ішіндегі өте жіңішке қасиетті тамырға  ырысты тамыр қуысы деп керемет атағаны.

Осы тамырларда үздіксіз, периодты түрде айналып тұратын қанды әбден зерделеп түсінген Өтей баба былай қорытындылайды.

«Қан жүргілігі — тіршілік, тоқтамы — өлім. Қан — пенде жаны. Олай айтқылық, қан аз болса да арқау жеткіліксіздік етпек. Қансырап өлгімдепті, қансырарлық болғыштық деулік көз көргілік дәлелімдік. Қан көпіршуімен тыныстыққа айналып, кәделік жаратымдап, тұлғаны аралаулық пен бітіске жарақты, пайдалы барлық азықтықты тұтас бітіске жеткізгілікпен тұлғалық арқау қуаттылығын қамдап, мүшелерді тұтастырғыштаған бибаға асыл зат саналымдалғылы таудайлық шарт. Онда топырақ құрандасы бар алла пендені  топырақтан жаратқандығынан».  (Жалын. 187-бет). Мағанасы;

«Қанның жүруі — тіршілік, тоқтауы — өлім. Қан — пенде жаны. Олай  дейтініміз, қан аз болса да қуат жетіспеушілік етпек. Қансырап өліпті, қансырап барады дегенді көріп жүрмыз ғой. Қан көпіршіп ауаға айналып, кәделік (қажеттік) жаратып, тұлабойды аралап бітіске қажетті, пайдалы азықтықты тұлабойға жеткізіп тұлғалық қуатты қамдап, мүшелерді біртұтастандырып тұратын бибаға асыл зат екендігі таудай факт. Алла пендені  топырақтан жаратқандықтан, онда топырақ құрамындағы заттар бар». Демек, біздің әрбір жеген азығымыз әуелі асқазанда қорытылып, сосын қажеттісі қанға айналып, ол қан тіршілік тірегі болған тұлғалық қуатқа күш беретін, кемтігін толықтайтын боп тұр.

Авторы: Шаяхмет Қалиұлы

Ақын, математик, "Шипагерлік баяны" кітабын зерттеуші                                                                                                                                                                                            

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір