• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 06:08:57
Алматы
+12°

14 Маусым, 2019 Саясат

Біләл Қуаныш. Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат! Босаға мықты болсын десек...

Адаспас жол, анық бағдар көрсетіп, ашық қоғам құру – Сіздің қолыңызда!

Қадірменді Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Ел тізгінін қолыңызға алған ерекше кезеңмен өзіңізді құттықтаймын! Билік пен халық арасында «алтын көпір» боламыз деп қолымызға алған «Қамшы» дәл қазіргі уақытта «былай тартса өгіз өлетін, былай тартса арба сынатын» жағдайда тұр. Біз ғана емес мемлекетшіл, ұлтшыл азаматтар мен барлық қазақ баспасөзі осы күйді кешіп отыр десем, артық айтқандық болмас. Жер-жерде халық толқулары болып жатқанын көзіңіз көріп, құлағыңыз естіп отыр деп сенемін. Сондықтан осы хатты жазу арқылы төмендегі бірнеше мәселеге назарыңызды аударғым келеді.  

Назарбаевқа 30 жыл тізгін ұстатқан - қазақ

Нұрсұлтан Назарбаев

Қазақ әлмисақтан мемлекеттік идеологияны қанына сіңірген, ханға бағынған халық. 30 жыл бойы осы биліктің мызғымай тұруы – мемлекетқұрушы ұлттың геніндегі сол қасиеттің арқасы. Ғасырлар бойы ен даланы еркін жайлаған қазақ бодандықтың қамытын шешкен соң Тәуелсіздіктің буыны бекуін күтті. Жейтінге нан, киерге киім таппаған қиын кезеңдерді Мемлекетпен бірге басынан өткізді. Сатымпаз шенеунігіне сабырлық танытты. Жақсы күннің келеріне сенді. Нарықтық экономиканың мейірімсіз заңдылықтарына көнді. Арба сүйресе де, ала дорба арқаласа да үмітін үзген жоқ. Өзге жұртта кездесе бермейтін туыстық қарым-қатынас та өз пайдасын тигізді. Есін жиған ағасы бауырын, қалтасы қалыңдаған нағашысы жиенін сүйреді... Мешіттер көбейді, дін күшейді, иман бекемделді. Ұлттық әні, биі, күйі, мерекесі көбейіп, берекесі артты. Көз жазып қалған көп құндылықтарының оралғанына шүкіршілік етті. Шаруаға жүйрік, қолынан іс келетін біраз қазақтың аузынан ақ май аққанын да көрді... Сол баяғы қоңыр тіршілігімен алдындағы екі сиырын сауып, қарттарының зейнетақысын талғажау еткен қарапайым жұртта адал, аңғал, сенгіш күйінен танған жоқ. Ендігісі не бүлік? Не реніш? Назарбаев басқарған билік ештеңе жасаған жоқ па?

Елбасы еліне не істеді?

Қазақстан Республикасы 30 жылдан бері өз тәуелсіздігін сақтап келді. Елбасының ең басты жетістігі осы. Егемен ел ретінде көрші мемлекеттердің бәрімен шекарасын тайға таңба басқандай сызып, территориясын бекітті. Кез келген уақытта қауіп әкелетін ядролық қаруды Алаш топырағынан аластатты. Территорияның сыртында қалған бар қазақты Атажұртқа шақырып, осы уақытқа дейін миллион қазақтың Отанына оралуына жағдай жасады. Тәуелсіз мемлекеттің жаңа астанасын салып, қазақтың табанына жетімсіреп отырған Солтүстік өңірдің мәртебесін көтерді. «Болашақ» стипендиясын тағайындап, мыңдаған қаракөздің шетелден білім алуына мүмкіндік берді. Бұл айтып отырғандарымыз, Нұрсұлтан Әбішұлының жеке басына тән лидерлік қарым-қабілетінің көрінісі. Ал нарықтық экономиканы жолға қойып, халықтың әл-ауқатының артуына жол ашуы, көңілге орныққан «көпұлтты» жұрттың бірлігін сақтауы, мектеп салып, аурухана көбейтуі – ол кез келген ел басшысының атқаруға тиісті міндеті. Оны да қал-қадірінше қалыптастырып үлгерді.  Соның арқасында асып-тасыған күпіршілігі басым аздаған олигарх пен қарынының тойғанына мәз шүкіршілігі басым көпшілік пайда болды. Мұндайды жолын тауып, еңбегін сата алғандар бай болатын, ауызы ашылып, ебін таппағандар еңіреп қалатын есепті қоғам деп атауға да болады. Былай қарасаң, бәрі керемет! Ал сол қорғансыз жұрт пен көзі ашық көп не үшін ренжулі? Не бүлінді? Не жетпей жатыр?

Назарбаев билігіндегі Сыздауықтың сыры неде?

Сыздауық деген ауру бар. Оны шиқан деп те атайды. Дер кезінде емдемесе көп жерге таралып, уақыты жеткенде жарылады, қанды ірің ағады... Қазақтың қазіргі күйі сол. Сыздауықтай сыздап тұр. Ең үлкен трагедия – ұлт бірлігі, ұлттық идеология ұғымдарының мақсат-мұратсыз сапырылысуы. Шын мәнінде осы ұғымдар ғана мемлекетті, ұлтты кез келген қиын-қыспақтан алып шығатын темірқазық еді. Ал қайта оралған дін қазақтың жүрегін сиырдың бүйрегіндей етіп бөлшектеді. Салафиттер, дәстүрлі діндегілер, сопылар, тәңіршілдер... т.б көзге айқын көріне бермейтін, бірақ ешқандай ымыраға келмейтін ырылдасқан топтар қалыптасты. Қайта оралған тіл мәртебесін тапқанымен, мәнін таба алмады. Мемлекет мемлекетқұрушы ұлттың тілінде сөйлемегендіктен, жаппай наразылық көңіл-күй барлық қазақтілді қауымның ашу-ызасын тудырып отыр. Қазақ тілін білмесең де кез келген креслоға лайықсың! Ал орыс тілін білмесең, онда биліктің табалдырығынан аттатпайды! Қалтаға түскен қаражат та сол, бай мен кедейдің арасын аспан мен жердей алыстатты. Басқасын айтпағанда осы фактілердің өзі «қолына закон қуаты тисе», дүрдараз доп бір-бірін аяусыз жаныштайтындай аяр жағдайға әкелді. 30 жыл бойы билік үшін ел тыныштығын сақтау – қазақты іштей ірітіп, бас көтергеннің басын қағып, ауыз ашқанның қолына кісен салып, түрмеге тоғытумен, бір-біріне «жау пиғыл» қалыптастыру жолымен жүрді. Нәтижесінде діни топтардан басқа жұрт кімге сеніп, кімнің сөзін тыңдарын білмейтін «бассыз» күйде. «Елі сүйген, елін сүйген» көп жақсының біразы – түрмеде. «Еркіндікті» таңдап, ел ортасында жүргендері биліктің лас саясатымен бірі «сатқын», бірі «шпион» атанып, беделі бес тиынға тұрмайтын «арзан адамдарға» айналды. Есесіне елдің қарыны тоқ, көйлегі көк, мемлекетіміз бай дейтіндер бар. Енді соған тоқталайық.

Миллиондардың қайғысы – «миллиардтар»

Қазақстанның бірқатар миллиардерлері

2018 жылғы мәліметтер бойынша Қазақстанның сыртқы қарызы 164 миллиард доллар. Ал халықтың өзі Қазақстандағы қаржы ұйымдарына 15 миллиард доллардан (6 триллион теңге) астам қарыз. Ибргаимов, Машкевич, Шодиев, Тимур, Динара Құлыбаевтар, Байсейітов, Сұбханбердин, Ким, Өтемұратов бастаған Қазақстанның есебіндегі миллиардерлердің байлығы 2019 жылғы мәліметке сәйкес 10 миллиард доллардан асады. «Байдың асын байғұс қызғаныпты» деп қазақтың өзі жақтырмай айтады. Дегенмен Абайдың қисынымен бұл мақалдың да күні өткен сияқты. Өйткені халық осы байлардың есебінен байғұс болып, ал байлар осы байғұстардың есебінен бай болып отырғаны көзіқарақты жұртқа айдан анық. Егер қандай да бір «Apple», «Samsung», «Toyota» сияқты өндірістің есебінен байып, тым құрыса «Facebook» сияқты әлеуметтік желінің әсерімен қалтасы қампайып отырса сөз бөлек. Ал байлықтың қайнары – атам заманнан қазақтың ата-бабасы қорғап келген жердің, кеннің, мұнайдың, қазіргі ұрпағы асырап отырған «банктың» есебінен болса ше? Өкінішке қарай, дәл солай болып тұр! Халық өз мұнайын өзгеден сатып алып, бар ақшасын соған шашып отырғанын қайтерсің?!

«Байдың» көп болғаны, «байғұстың» аз болғаны бәріне жақсы

Қазақ қайғысы

Қазақ барға қанағат, жоққа салауат айтатын халық. Миллион жұрттың сонша миллиардерді «құшағына» сыйдырып отырғаны да сондықтан. Аққу көкке, шортан көлге тартқан алмағайып жылдарда бағы жанып, басып қалған болар... Билікті ұстауға, тәуелсіздікті қорғауға керек болған шығар... Әйтеуір кеңпейіл Құдай қандай да бір себеппен соларға бергенді құп көрді ғой.. Қанша жерден қаны қарайып, көзі бұлдыраса да қарапайым халық 30 жыл бойы осындай уәждермен өзін өзі «алдап» келді. Бірақ бұл алдау енді жақсылыққа әкелмейді. «Кедей бай болсам дейтін, бай Құдай болсам дейтін» пиғыл енді ешқандай жасыруға келмейтін күнге жетті. Жоғы түгенделмей «жаны жараланған» қазақ енді анау-мынауға ырық бермейтінін нақты көрсетті. Ел бұрын «Қара қытай қаптаса, сары орыс әкеңдей көрінер» деп болашақты болжап айтса, қазір соны көзімен көріп отыр. Компанияларымен бірге қытайдың өзі де қаптады. Ханзулармен қанша келісімшарттың болып жатқанынан былайғы жұрт бейхабар. Шыңжаңдағы қандастарымызға істеп жатқан Қытай билігінің қитұрқы саясатын аттандаған айқаймен емес, ортадағы әріптестік келісімдермен-ақ реттеуге әбден болар еді. «Аузында талқаны бар отыр дей алмайды» деп, көршімен керемет сыйластық, стратегиялық әріптестіктің де бетпердесі ашылды.  Ал орыспен арадағы Еуразиялық экономикалық одақтың ел экономикасын отқа сүйреп бара жатқаны басқа емес, ең алдымен бизнеспен айналысып отырған кәсіпкер ағайынның тынысын тарылтты. Айналасына нан тауып беріп отырған іскер азаматтардың тынысы тарылса, қос қолымен нәпақасын тауып жүрген жұрт тұншығып өлуге таяды. Әйтеуір Қазақстанда қазақтан басқа ұлттың ұпайы түгел.  Мұның бәрін халық бұрын «қорқып» қана айтатын болса, қазір кектеніп әрекет жасауға дайын. Сол әрекеттің бір көрінісі – әр жерде болып жатқан халық толқулары, митингілер...

Митингінің себепшісі – Әблязов емес,  Парламент

наразы халық

Митинг – әлемдегі барлық өркениетті елдерде халықтың мемлекет билігіне наразылығын жеткізетін бір әдісіне айналған. Ал оның Қазақстандағы атауы – бүлік. Нақтылап айтқанда, биліктің көзімен «Әблязовтің айтағымен алаңға шыққан ақымақ халықтың әрекеті». Елдің күштік құрылымдары қазір тек митингіні басып, жаныштауды ғана әдетке айналдырды. Қит етсе, интернетті тоқтатып, әлеуметтік желіні бұғаттау – мәселені шешпек түгілі барған сайын ушықтыра түседі. Елді қорғауға тиіс  полицияның қызметі «елден қорғануға» ауысты. Тұтқындалған басқа емес өз қазағы, тұтқындаған басқа емес – өз қазағы. Қазақ қазаққа жауша шауып отыр.. Сондай аласапыранда «ит жоқта шошқа үреді қораға, би жоқта құл жүреді жораға» деп, кім көрінген «көсем». Ең өкініштісі, бір ауыз жылы сөзге зәру болған қараша жұрт оларға да «бәрекелді» демеске шарасы жоқ. «Халық Әблязовтің айтқанына көне кететін сонша ақымақ па? Алаңға шығып, не айтқысы келеді? Осынша наразылықтың түп тамыры неде?» Бұл сұрақтардың жауабын тауып, шешімін жасау қазірге қазақ билігінің маңдайына жазбай тұр. Ахмет Байтұрсыновтың сөзін пайдаланып, «Парламент – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп айтсақ, артық болмас. Шын мәнінде басты міндеті Заң шығару мен биліктің қызметін бақылау болып саналатын Парламенттің ең бірінші миссиясы – мемлекеттің әрбір іс әрекетіне халықтың көзімен қарап, халықтың құлағымен тыңдап, халықтың тілімен дат айту болуы керек! Ал қазақтың парламенті осы миссиясын атқарып отыр ма? Атқарса, халық шырылдап неге көшеде жүр? Алаштың мұң-зары парламент мінберінде емес, неге алаңда айтылуы керек? «Ақорда айтса болды, Үкімет айтса көнді» болып отырған Парламентті кім жөнге салады?

Ақордаға бетімен берілген шенеунік халыққа артымен қарайды

Қалыптасқан «қарабет» әдеттің бірі – қазақ шенеуніктері өзін Ақорданың қызметкері, халықтың қожасы сезінеді. «Сендерге сол да жетеді» дейтін ұғым бүгінгі билік өкілдерінің қатып қалған қағидасы. Қазақ айтқан, қазақ істеген, қазақ жасаған көп дүниеге «ауызыңды ашпай, азға қанағат қыл» дейтін итке сүйек лақтырғандай қожайындық мінез бар. Рас. Жұрт болған соң сақалын сатқан кәрі бар, еңбегін сатқан жасы бар... Біраз жұрттың әл-ауқаты айтарлықтай жақсы. Бірақ біздің қазақ 7 атасын ғана түгендемейді, 7 ұрпағының қамын ойлайтын ұлт. Бүгінгі тоқтық, ертеңге ұрпаққа «жоқтық» әкелсе, тарихтың беті, Алланың соты таразыға салатынын ешқашан ұмытпайды. Иә, шенеуніктерде – қазақтың өз баласы. Ішінде аласы бар, құласы бар. Дегенмен ұлттың сөзін сөйлеген болып жүріп, билік баспалдағына ілінген, сырт көзге қазақтың қайғы-мұңын қолында закон қуаты барларға жеткізуші болып көрініп жүргендер де бар.  Ал солардың саудаға салып жүргені қазақты қалай ыдыратудың, аузына қақпақ қоюдың жолын үйрету болса ше? Ондай «іштен шыққан шұбар жыландар» ешкімге жақсылық әкелмейді. Есесіне билікке халық қалауын тыңдата алса, айтқанын орындата алса, онда «Елшібектердің» еңбегінің жанғаны, асының адал болғаны... Осы жолғы сайлаудың «сайқалдығын» көрген көзі ашық ел сондай «Елшібектердің» сценарийін танып, біліп отыр.

«Құнанбай сөзі» және «Босаға Президент»

Назарбаев пен Тоқаев

Елдің ауызында «Құнанбай айтыпты» дейтін бірнеше ұлағатты әңгіме бар. Соның бірі – Құнанбайдың Абайға айтқан сөзі. Жұрттың ерекше ықыласын байқап, өзінше «болдым-толдым» деген Абай бірде әкесіне: - «Әке, мен Сізден асқан шығармын», - депті. Сонда Құнанбай: - «балам менен асам десең, өзіңнен асатын ұл тудыр», - деген екен. Құнекеңнің сол сөзін қара орман қазақ 30 жыл төбесіне көтерген Назарбаевқа айтқысы келеді. Егер Нұрсұлтан Әбішұлы жұрт мақтағандай, өзіне көңілі толғандай, бүгін ғана емес, ертеңгі ұрпақ та «Ұлт көшбасшысы» деп шын мойындайтындай керемет Елбасы болса немесе Сіз «қазақтың қайғысын сейілтем» деген керемет Президент болсаңыз, онда ел-жұртқа Әбішұлынан артық қызмет етуге, адал еңбекпен асып түсуге тиістісіз. Өйткені Қазақстан дейтін қара шаңырақ үшін Сіз қазір босағасыз, босағада тұрсыз. Шаңырақ шайқалмау үшін ең алдымен босаға мықты болуы керек. Есіктен жақсылық кіріп, жамандық шықса, 30 жыл қордаланған мәселелер ақырындап қоқысқа лақтырылса, есіктің сыртында қалған ел үміті төрге озса, онда «босағаның» мықты болғаны! Сонша жыл кереге мен уық болып келген халық шаңырақтың шайқалмауы үшін әлі де бекем болуға дайын. Керісінше іштегі ірің мен сырттағы сыздауық қинағанын қоймаса, онда «босағаны» өз қолдарымен ауыстыруға да дайын.

Бұл хат - Сіз айтқан «диалогтың» бастауы

30 жыл қордаланған «мың қайғыны» – бір хаттың жүгі көтермейді. Сол үшін қадау-қадау ойларды ғана қаузап отырмын. Бұл жазғандарым бүкіл халықтың атынан сөйлегенім емес, халықтың бір өкілі, елмен қатар азды-кем жұмыс жасаған Ақпарат агенттігінің жетекшісі ретінде өз білген-түйгендерімді назарыңызға ұсыну. «Наразы топпен ашық диалог орнатуға дайынмын» деген сөзіңіз осы хатты жазуға түрткі болды. Егер алтын уақытыңызды қиып оқып жатсаңыз, парасат-пайымыңызбен жауап беріп жатсаңыз тек мен үшін емес, ел үшін қуанатын қадам. Ал «Диалогқа дайын емеспін», «Жастың датына жауап берер уақытым жоқ» деп жатсаңыз оған да мақұл. Өз сөзім – өзімдікі. Бастысы - бабасының өсиетін, қанының қасиетін жоғалтпаған қазақ ең ұлы құндылығы «Тәуелсіздіктен» айырылып қалғысы келмейді. Сол «Тәуелсіздіктің» бас жібін Алланың қалауы, Алаштың таңдауы Сізге беріп отыр. Ендеше, адаспас жол, анық бағдар көрсетіп, ашық қоғам құру – Сіздің қолыңызда!  Қызметіңізге сәттілік!

Құрметпен, «Қамшы» ақпарат агенттігінің жетекшісі Біләл Қуаныш

 

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір