17 Маусым, 2019 Психология
Марзия Бекайдар: Қыздар тұрмысқа шығарда неден қателеседі?
Қыз баланың басты арманы - теңін тауып, жар атанып, бала сүю.
Біреулер бұл бақытқа ерте жетіп жатса, біреулер теңін кеш табады. Дегенмен "бақытқа жетудің ерте-кеші жоқ", - дейді белгілі психолог Марзия Бекайдар. Qamshy.kz ақпарат агенттігі осыған дейін психолог Марзия Бекайдардың отбасы тақырыбында қыз-келіншектерге берген кеңесін жариялаған еді. Бүгінгі тақырып қыздардың тұрмысқа шығу мәселесіне арналады.
Жүрегіңізде реніш болса, ер азаматқа тартымды емессіз
Әр адамның бойында ішкі түйсігі, ішкі түсінігі бар. Кейде қыздар отырып алып, "Мен не үшін осы уақытқа дейін тұрмысқа шыққан жоқпын?" деп өздеріне сұрақ қоя бастайды. Мен бұл жағдайды ұзақ уақыт бақыладым, және оның себебін де анықтадым. Көп жағдайда, әсіресе, қыз балалар іштей ата-анаға көп өкпелегіш келеді. Өзі мән бермесе де әкесіне не болмаса анасына деген ренішін жылдар бойы жүрегінде сақтап келеді. Естеріңізде болсын, ішкі жан дүниеңізде қандай да бір келіспеушілік, реніш болса ер адам үшін тартымды болмайсыз. Біз көп жағдайда өз-өзімізге осылайша қастандық жасаймыз. Реніш тек өзімізге ғана зиян тигізерін аңғармаймыз. Жүрегіңізде ауыр жүкті арқалап жүре бермеңіз.
Мен жай ғана қарапайым мысал келтіргім келеді. Өмірге деген көзқарасы екі түрлі екі қызды алып қарайық. Екеуі үйлеріне жету үшін бірдей жолмен жүреді. Бірақ екеуінің бейімделуі екі бөлек. Біреуі өте ренжігіш, ол жолдың тек ауырлығын көреді, шалынып-сүріне береді, ашуланып жүреді, жүрегінде ауырлық болған соң шаршағыш келеді. Ол өз жолын өзі таңдап алған. Екінші қыз да дәл сол жолмен жүреді, бірақ ол жолдағы гүлдерге тамсанады, мейірлене иіскейді, әрбір арайлы күнге шаттана қарайды. Осы қарапайым мысалды тұрмысқа шығу жолы деп алсақ, екеуі де діттеген жеріне жетеді. Бірақ ата-анасына, өмірге деген реніші көп қыз келін болып түскен шаңырағына да соны ала барады. Ал керісінше өмірге құлшынысы бар, әр күнге ризашылықпен қарайтын қыз барған шаңырағын да шаттыққа бөлейді.
Қазір не себепті ажырасып кететіндер көп?
Өйткені, қыз бала тұрмысқа шыққан кезде жүрегіндегі ренішпен тұрмысқа шықты. Алайда, тұрмысқа шыққан кезде сол адамды бақытты етемін деп шығуыңыз керек. Қазір көптеген қыздар біреуге бірнәрсе дәлелдегісі келеді. Құрбысына міне мен қандай жігітке шықтым деп мақтанғысы келеді, туыстарына дәлелдегісі келеді. Мен керемет жігітке тұрмысқа шығып, бәріңе дәлелдеп шығамын деп серт етеді. Есіңізде болсын, бұл қате түсінік. Сізде сондай ой болды ма, тұрмысқа шыққан кезде Алла береке бермейді. Өйткені сен басқа оймен тұрмысқа шықтың. Алла саған неге береке беруі керек? Біз неге талпынсақ, Алла соны нәсіп етеді. Егер біз тұрмысқа шығып, осы адамды бақытты етемін десек, Жаратқанның сөзсіз сыйы бар.
Егер тұрмысқа шығу сіз үшін қандай да бір күрмеуі қиын мәселені шешудің амалы ғана болса, онда ер мен әйелдің арасында шынайы қарым-қатынас құрылмайды. Қазіргі қыздардың басты қателігі, олар тек өздерінің ішкі мәселесін шешу үшін тұрмысқа шығады.
Қыздардың қателесетін тұсы - мен тұрмысқа шықсам ең бақытты қалыңдық боламын дейді. Тұрмысқа шығады, бірақ өзін бақытты сезінбейді. Мейлі, бала туған соң барлығы оңалады ғой дейді, бәрібір күткеніндей болмайды. Сосын ол ойлана бастайды, мен тек бақытты болуды қаладым, бірақ ол қолымнан келер емес. Мен қай жерден қателестім деп өзін жегідей жейді. Менің айтарым, армандадыңыз ба, арманыңызды орындалуға жіберіңіз. Ол туралы күндіз-түні ойлап, өзіңізді қинай бермеңіз. Тек барлығы жақсы боларына сеніңіз.
Тұрмысымыз тураланып, бақытымыз еселенсін десек..
Қыз бала тұрмысқа шыққан кезде ер-азаматымды бақытты етемін деген тілек болу керек. Алла талпынысымыз бен ниетімізге қарай беретінін ұмытпайық. Егер біз сүйіктімізді бақытты етуге талпынсақ, онда тұрмысымыз тураланып, бақытымыз еселенеді. Мен тұрмысқа шықсам болды, мені сыйлайтын болады деген жалған түсінік. Егер біз ішкі сезімімізді басу үшін тұрмыс құрсақ оның артында қиындық тұрады.
Тұрмысқа шығуда ең бастысы ниетіңіз түзу болу керек. Алла Хауа ананы жаратқан кезде Адам ата сұраған екен: «Ол маған не үшін керек?» деп. Сол кезде Алла: «Сенің жан тыныштығың үшін», - деген екен. Әйел адамның отбасындағы басты рөлі – өзін дәлелдеп, мықтылығын көрсету емес, күйеуіне жан тыныштығын сыйлау.
Қыз-келіншектердің тағы бір кемшілігі бірсарынды өмір сүруі. Ештеңеге қызықпайтын, тек үй мен жұмыстың ортасында жүретін болса, оған ер-азамат қызықпайды. Қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, әрдайым ел назарында жарқырап, өзінің сүйікті ісімен айналысатын қыздарға сөз салатын жігіттер де көп болады. Ал солардың ішінен өз теніңді табу өзіңе байланысты. Мен болашақ жарың мынадай болу керек деп айта алмаймын. Өйткені әр қыздың талғамы әртүрлі. Бірақ осы адам менің болашақ күйеуім болады деп таңдадың ба, оның кемшілктерін де қабылдай біл.
Қарым-қатынас құру кезде кедергі болатын дүниенің бірі – тәкаппарлық екенін естен шығармаңыз. Өзгелерден жиі мін іздеуді доғару керек. Сен біреуді шын сүйсең, оның кемшіліктерін де қабылдай біл деп айттым. Бірақ кемшіліктерге көне берме, тек сол кемшіліктерден жақсылық ізде. Тұрмысқа өз еркіңмен шыққан сәттен бастап, сен оның барлық кемшіліктеріне келісім берген болып есептелесің. Көптеген қыз-келіншектер тұрмысқа шыға салып, күйеуін өзгертуге талпынады. Жоқ, ең алдымен сен өзіңді өзгерт, содан кейін ер-азамат өзі өзгереді. Өмірде жүз пайыз мінсіз қарым-қатынас болмайды. Тек ерлі-зайыптылар өзара түсінісіп, бірін-бірі сыйлау арқылы ғана отбасы бақытын сақтай алады. Ол ең алдымен әйелдің ақылына байланысты. Тұрмысқа шығып, бақытты болудың кілті де осында жатыр.
Оқи отырыңыз:
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір