• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 17:08:12
Алматы
+35°

18 Маусым, 2015 NEWS

Мұхтар ШАХАНОВ: Жарылқап Қалыбай менен кешірім сұрауы тиіс

Қамшы  - еркін ақпарат алаңы. Ерлан Төлеубай мырзаның Мұхтар Шахановпен әңгімесі біраз даулы мәселенің шетін шығарыпты. Егер Мұхаң айтақан мәселелерге қатысты...

Қамшы  - еркін ақпарат алаңы. Ерлан Төлеубай мырзаның Мұхтар Шахановпен әңгімесі біраз даулы мәселенің шетін шығарыпты. Егер Мұхаң айтақан мәселелерге қатысты айтар ой, қосар пікір болса кез келген оқырманға мінберіміз дайын. 

Ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановпен сұхбаттасудың сәті түсті. Қойған сұрауларымызға күйіне жауап қатқан ақын  денсаулығы туралы айта келіп: «Кейде шалқамнан жатқан кезде ауа жетпей қалады. Бір қырыммен ғана жатамын. Дәрігерлер ылғи да «қоғамдық жұмыстарды қойыңыз, жүрегіңізге салмақ түсірмеңіз»,- деп жатады. Алайда менің табиғатым олай беріле салуға көнбейді. Екі рет алған жүрек талмасынан (инфарктен) кейін жүректің жартысы жұмыс істемей, беріш боп қатып қалған.  Құдайға шүкір, сол жарты жүрегіммен-ақ жалғандықпен күресіп келемін», – деп, әзіл-шыны аралас жауап берді. «Біздің қоғамымызда жарты адамдар қаптап кетті», -  дейді Мұхаң.

– Алда парламент сайлауы келе жатыр. Депутаттыққа түсесіз бе?

Осыдан тоғыз жыл бұрын «Халық рухы» деген партия құрдық. Сол партияға жүз мыңнан астам адам мүше болды. Соның алпыс мыңнан астамының құжаттарын толтырып, құзырлы мекемеге өткіздік. «Пысықай билік» соны әлі тексеріп жатыр. Қайбір жылы басқа партиямен бірлесіп парламентке түспекші болдық қой. Біздің қағаздарымызды тексеріп, қабылдады. Үгіт-насихатқа рұхсат беріліп, алты облыста кездесу өтті. Солардың бәрінде, мен залға кіріп келгенімде қалың жұрт орындарынан түрегеп тұрып қол соғып, «біз Нұротан партиясының мүшесіміз, бірақ елдік, ұлттық мүдделердің басында сіз жүргендіктен дауысымызды сізге береміз» деген тілек білдіріп жатты. Халықтың бізді солай қолдағанын жақтырмаған билік, менің «үлкен қылмысымды» тапты. Сол «қылмысыма» байланысты, сайлауға бірнеше күн қалғанда билік партияның жұмысын тоқтатты. Әлгі қылмысымды айтуға да ыңғайсызданып тұрмын. Дегенмен шындықтан үлкен не бар? Айтайын. 37 теңге салық төлемеген екенмін. «Өте үлкен қылмыс қой». «Егер мен 37 миллиард доллар ұрлаған болсам, зор құрмет көрсеткен болар едіңіздер. Алайда, қырағы екенсіздер, жемқорлықпен жақсы күресетіндеріңізді дәлелдедіңіздер. Осы бағыттарыңызды жалғастара беріңіздер» дедім.

Сайлау комиссиясының бастығы беті бүлік етпестен осы «қылмысымды» қалың жұртқа жариялады. Жемқорлықпен күрестің осындай да түрі болатынын әйгіледі. Биыл БҰҰ-ның елге келген бір өкіліне, осы мәселе төңірегінде арнайы хат жаздым. Хатты партияның белді бір азаматы өз қолымен тапсырды. БҰҰ өкілі бұл істегі әділетсіздікті әшкерелеуге және партияны тіркетуге күш салатынын мәлімдепті.  Енді соның нәтижесін күтіп отырмыз.

Жуырда Жарылқап Қалыбай деген жігіт Президенттік сайлауға түспекші болды. Оған мен «дауыс ала алмайсың, бос әуре болма, бес мың дауыс жинасаң мұрнымды кесіп берейін» деп әзілдедім. Ол телеарнаға, баспасөзге «мен жүз жиырма мың дауыс жинаймын» деп сұхбат беріпті. Содан іске белсене кірісіп, алты жүз дауыс жинады. Керекті дауыс тоқсан үш мың ғой. Ал, енді сол Жарылқап жаңа партия құрмақшы. Оған «Халық рухы» партиясы кедергі болуы мүмкін ғой. Сол үшін ол мені жамандаудың өзгеше тәсіліне көшіпті. «Шаханов бастаған ісінің бірін де аяғына дейін апарған емес» деп үлкен кінә артып, өзі басқаратын «Жұлдыздар отбасы», «Аңыз адам» журналдарында және ғаламтор сайттарында жариялапты. Сонда менің, басқасын айтпағанда, Кеңестер Одағы кезінде 62 жыл бойы мемлекеттік деңгейде тойлауға тыйым салынған Наурыз мерекесін тірілтуім, орыс тілі мемлекеттік мәртебе алып кеткен шақта, қазақ тілін жеке-дара мемлекеттік тіл дәрежесіне көтерудегі қызметім, айтуға, жазуға тыйым салынған 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің шындығын ашып, КСРО билігіне күрделі талаптар қойып, кінәлі 41 адамның аты-жөнін әйгілеуім, негізін «американдық ұлттан» алатын «қазақстандық ұлт» салтанат құра бастаған кезде аштық жариялауым, мені қолдап төрт мыңнан астам адамның бірге болуға тілек білдіргені, «мен қазақпын» деген әрбір азаматтың намысы оянған шақта, билікті кешірім сұрауға мәжбүрлеуіміз оңай шаруа болып па еді? Егер, «мен қазақпын» деп айтуға тыйым салатын «қазақстандық ұлт» күш алып кеткенде, Жарылқаптың өзі де қазақ тілді басылымдарға бас редактор болып отырмас еді ғой. Сонда мен осы істердің қайсысында бастаған шаруамды аяғына дейін апармаппын? Беделімді бес тиындық деңгейге құлдыратуға тырысқан әділетсіз пікірі үшін жарияланған басылымдарда, ғаламтор беттерінде Жарылқап менен кешірім сұрауға тиіс деп есептеймін.

– Сіз басқарған Ұлттық кеңес қашаннан бастап ресми саяси қадамдар жасайды.

– Жақында «Қазақ Ұлттық кеңесін» қайта жаңғырттық. Рас, жылдан астам уақыт бұрын құрылғанымен, жөнді жұмыс жасалмады. Басына келген азаматтар біреуі былай тартты, екіншісі өзге мінез көрсетті. Менің де денсаулығым сыр беріп, өнімді жұмыс жасай алмадық. Қазір құдайға шүкір, тәуірмін. Сондықтан мен, басқаруда жүрген жігіттердің біразын өзгерттік. Бірінші орынбасар етіп Жанұзақ Әкімді бекіттік. Расул Жұмалы, Айдос Сарым, Еркін Рақышев, Дәурен Бабамұратовтар орынбасар болып сайланды. Қазақ ұлттық кеңесінің аппарат жетекшілігі Расул Жұмалыға берілді. Оның орынбасары Ғабиден Жәкей болды. Алдымызда үлкен проблемалар күтіп тұр. Жоғары биліктегі тұлғалардың мемлекеттік тілде сөйлеуі заңмен міндеттелмейінше, мемлекеттік телеарналар қазақша сөйлемейінше ел тағдыры оңалмайды. Қазақ тіліне қырын қарау мен менсінбеу күш алып келе жатыр. Осылардың бәрін реттемесек болмайды. Астанада қазақ балаларының 47 пайызы, Алматыда 40 пайызы орыс мектептерінде білім алады екен. Мемлекеттік телеарналардың мемлекеттік тілде хабар беруі 50 пайыздан кем болмауы керек. Өкінішке қарай, қазір кейбір телеарналардың мемлекеттік тілдегі бағдарламалары 20, 30 тіпті, 8 пайызға дейін құлдыраған.

Тағы бір үлкен мәселеге назар аудармауға болмайды. Бүгінгі таңда Қазақстан Жазушылар Одағының 800-ден астам мүшесі бар. Солардың елдік, ұлттық, тілдік мүдде күресінде 10-15-і ғана бізбен бірге екен. Қалғандары том-том кітаптарында, өлеңдерінде, мақалаларында «ұлтты, тілді, рухани құндылықтарымызды сақтауымыз керек, сол үшін күресуіміз қажет» деп жазады. Ал іске келгенде әлгілердің бәрі үстелінің астына кіріп, жасырынып қалады. Міне, сорымызға қарай, сөзі басқа, ісі басқа жазғыштар көбейіп кетті. Осыған орай, бірнеше мемлекеттің алдыңғы қатарлы тұлғалары қолдаған жаңа ұстаным жарияладым: «КІМ ШЫНДЫҒЫН ЖОҒАЛТЫП АЛСА, КІМ «АҚТЫ – АҚ, ҚАРАНЫ – ҚАРА» ДЕП АЙТУДАН ҚАЛСА,  ЯҒНИ СӨЗІ БАСҚА ІСІ БАСҚА БОЛСА ЖӘНЕ ЕЛДІК, ҰЛТТЫҚ МҮДДЕЛЕРДЕН БОЙЫН АУЛАҚ САЛСА, ТІПТІ, ОЛ – ӨЗ ІСІНІҢ МАЙТАЛМАН ШЕБЕРІ АТАНСА ДА, МАЗМҰНСЫЗ, МАҒЫНАСЫЗ, РУХСЫЗ АДАМ».

Қазіргі кезеңде халқымыздың үлкен бөлігі шындығын жоғалтып алды. Олардың көпшілігі ТЖ-лықта алдына жан салмайтын болды. «Ұлттық кеңес» осы мәселеге де ерекше назар аударуы керек деп есептеймін.

Тағы бір басты мәселе – мемлекет болашағына аса қауіпті Атом электр стансасының салынуы сияқты істер. Себебі ядролық отынның қалдығын толық залалсыздандыратын технология әлі табылған жоқ. Кейбір дамыған мемлекеттер АЭС-тан бас тартып жатыр. Еуразиялық Экономикалық Одақ секілді мемлекетке әкелер пайдасы жоқ одақпен де ашық түрде күресер шақ туды.

– Өзіңіз білетіндей биылғы көктем киік қырғынымен келді. Киік қырғыны түсінген адамға Арал апатынан кем емес, осы қасіретке қалай жол беріп алдық? Киік тағдырына, мал қырылып жатқан экологиялық зобалаңға алаңдаушылығыңыз қалай?

– Кеңес Одағы тұсында, мен КСРО халық депутаты болған кезімде Арал маңында жарты миллионға жуық киік қырылған болатын. Осы мәселені мен «КСРО Жазушылар Одағының» пленумында да, КСРО Халық депутаттарының съезінде де көтергенмін. Киіктердің жаппай қырылуына протонның тікелей әсері бар екенін анықтау мақсатында Ресейден басқа да елдердің ғалымдарын шақырып, бұған қарсы тұруымыз керек. «Ұлттық кеңес» жұмысының алдағы міндеттерінің бір тармағы осы мәселе болмақ. Байқоңырдан зымыран ұшыруды тоқтатуымыз керек. Мал мен дала тағысы түгілі қаншама адам зардап шегіп жатыр. Бұны бүгін шешіп алмасақ, оның зардабы өте үлкен болуы мүмкін.

– ЭКСПО төңірегінде кеше ғана үлкен дау шықты. Қазақстандағы ұрлық пен мемлекетті тонау қашан тоқтайды? Оларға тосқауыл болатын күш бола ма?

– Теледидарды ашып қалсаңыз жемқорлармен күресіп жатырмыз дейді, ал, сол күресіп жатқан кімдер, жемқорлардың өзі емес пе? Нағыз жемқорлардың аяғы көктен келетін кезі келеді, бірақ оған мына билік тұрғанда жол берілмейтіні анық. Оған тосқауыл болар күш –бәріміздің шындық биігінде бас қосып, бірлесе қимылдауымыз емес пе?

– Кейде қазақ қоғамындағы қилы-қилы парадокстардан түңіліп, елден бір жола кетіп қалғыңыз келетін сәт бола ма?

– Осы кезеңде Қазақстан халқының жарты миллионға жуығы шетелден үй алғанын жуырда ғаламтордан оқып, таң қалдым. Олар әртүрлі жағдаймен, кезінде жекешелендіріп алған мемлекет мүліктерін өз пайдасына жарату арқылы осындай істерге қол жеткізіп отыр.

Ал шетелге кету түгелдей табиғатыма жат. Менің 20-дан астам мемлекеттердің мектеп оқулықтарына енген «Төрт ана» атты өлеңім бар. Сонда: Әр адамның өз анасынан басқа төрт анасы болуы керек. – Туған жері, туған тілі, жан байлығы, салт-дәстүрі және туған тарихы. Осы төрт анамен біте қайнаса отырып, қалай мен шетелге кетемін. Қазақ жерінен мені ешкім трактормен сүйреп те шығара алмайды. Қашан көзім жұмылғанша елдік, ұлттық мүдде үшін, шындық үшін күресім тоқтамайды.

– Сұхбатыңызға рахмет, мықты денсаулық тілейміз!

 

Әңгімелескен Ерлан ТӨЛЕУБАЙ

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір