18 Маусым, 2019 Бизнес
Кайдзен және менеджмент
Жасампаз жапон жүйесінің жайын, тарихын, әлемдегі һәм елдегі қолданыс аясын біршама уақыттан бері жазып келеді, айтып келеді. Бірнеше сұхбат пен аударма, сараптамалық мақалалардың нәтижесінде біздің оқырмандар да осы бір тәртіпке, ілгерілеуге негізделген жүйемен белгілі бір дәрежеде таныс болды деп ойлаймыз.
hashllp.com
Бүгінгі мақаламызда кайдзеннің басқару ісінде, яғни, менеджментте компанияның, мекеменің жұмысына қаншалықты әсер ете алатыны туралы жазбақпыз.
Жапон тілінде "кайдзен сөзі" шексіз даму, ілгері ұмтылыс деген мағыналарды береді. Ең қызығы, кайдзен жүйесі ішкерілендірілген мекемеде басшылықтың рөлі ескі жүйедегідей болмайды. Өйткені, әр адам өз ісіне жауапты. Өз жұмысын, өз жұмыс орынын, білімін, біліктілігін, кәсібилігін әрдайым, сәт сайын дамытып, ұштап отыруы тиіс.
Кайдзен ішкерілендірілген мекемеде басшы рөлі әлсіз дегенімізбен, кіші бөлімдерді басқару, жалпы басқару сияқты менеджмент тетіктерінің болуы заңдылық. Басқара білу – өнер. Басқара алмау – масқара.
Жүк ауырлаған сайын басшылықтағы шаруа, басшылықтың жұмыс арта бермек. Кайдзенді қолданатын басшылардың көпшілігі басқарудың жаңа формасын көрсетуге, өзге бағытын ашуға ұмтылыс жасайды. Және осы әрекеттерімен өндіріс ауқымын, кәсіп аумағын ұлғайтуды көздейді.
Бір ғана мысал келтіріп өтейік. Әлемді кезген жапон жүйесінің өмірге келуіне тікелей ықпал еткен компаниялардың бірі Toyota менеджмент қағидаларын белшеден баспай, оның үстіне кайдзен талаптарын енгізе білген.
Toyota компаниясының алғашқы жылдарында-ақ басшылық көп өнім алып, аз уақыт жұмсауды көздеген еді. Дәл сол уақытта, 1970 жылдары компанияда Тайити Оно есімді талантты топ-менеджер жұмыс жасаған.
Ол арнайы жоспар түзіп, өндірістегі қызметкерлерден сағатына 100 өнім жасауды талап етеді. Ең қызығы, 100 өнім жасауды талап етіп, 90 өнімнің ғана шикізатын, тауарын береді.
Мақсат – қызметкерлердің тапсырманы орындауға ұмтылып, үнемдей білуді үйренуін қалыптастыру. Ал сапаның төмендемеуі – бұл компаниядағы ең бірінші шарт. Ол шарттың бұзылмайтындығына нық сенімді басшы осы қадамға барған. Рас, алғашында 100 өнім жасау қиынға соғады. Бірақ біршама уақыт бойы жүрген үздіксіз жұмыс жасаған ұмтылыс нәтиже берді.
Мұнымен Оно тоқтап қалмады. Жұмысшылар 90 өнімнің шикізатынан 100 өнім жасап шықты. Оно осы сәтті пайдалана отырып, бір өндіріс ошағындағы 10 пайыз жұмыс күшін басқа өндіріс орынына ауыстырып, қалған жұмысшылардан тағы да 100 өнім сағатына жасауды талап етті. Міне, бүгінде өндіріс ошағы, өнім жасау жылдамдығы жағынан алдына қара салмайтын, өнімдері қазақ жерінде өріп жүрген компанияның жетістікке жету құпиясы, басқару формасы осындай болған.
Енді әңгіме ауанын басқа арнаға бұрып көрелік. Кайдзенді ішкерілендіруден кейінгі нәтижелер қандай болмақ?
Қазіргі заманның ең көпе сөз болатын, ең көп талқыланатын трендті тақырыбы (кәсіпкерлер арасында) – бәсекелестердің артуы, тұтынушы талабының қатая түсуі. Бұл үрдіс күн сайын, үнемі, тоқтаусыз өсіп келеді. Не істемек керек?
Кайдзенді ішкерілендірген компанияны ұзақ жылдар бойғы үзіліссіз даму күтіп тұр. Бәсекелестерден озу үшін, ұмтылыстан нәтиже көрсету үшін кеше, бүгін, ертең, күн сайын, ай сайын, жыл бойы даму үдерісін тоқтатпау шарт.
Егер 100 пайыздық көрсеткішке ұмтылыс жасайтын мекеме болса, ұмтылысты барлық ұжым жасайтын болса, бірнеше он жылдан кейін бұл компания лидерлер қатарында көш бастап тұрмақ.
Кайдзеннен қандай жағдайда нәтиже көрінеді?
- Қызметкерлердің ахуалы. Егер мекемеде қызмет жасайтын жұмысшылардың тұрмыстық ахуалы төмен әрі алатын жалақысы шығындарын жабуға жетпесе, ол екінші жақтан қосымша жұмыс жасауды көздейді. Өйткені, ол бір үйдлің асыраушысы болуы мүмкін. Екіншіден, көңілінде уайым бар адам жұмысқа толық беріле алмайды.
- Сыйақы. Кайдзенді ішкерілендірсеңіз, талап қоя біліңіз және мол ақша төлеуге дағды алыңыз.
- Қызметкерлерді қамтамасыз ету. Жұмысшылардың жұмыс процесі барысында қажетті құралы немесе көлігі болмай қалу – кері әсер тигізетін жайт.
Құрметті оқырман, осы мақаланы толық оқып шыққан болсаңыз, осындай тамаша, мамыражай, берекелі жүйе біздің елде бар ма деген сұрақ туындауы мүмкін көкейіңізде.
Қазақстанға кайдзен жүйесі келгелі де онжылдықтар айналып кетті. Міне, соңғы жылдары Алматы қаласындағы Кайдзен орталықтың мамандар даярлаумен, кайдзенді кәсіби деңгейде үйретумен айналысып жатқанының арқасында қарқын артып келеді.
Жапон жүйесінің жақсылығын көрген адам өзге жүйені көргісі де келмес, сірә! Еңбектен, табыс тап!
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір