• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 19:12:24
Алматы
+35°

18 Маусым, 2019 Шығыс Қазақстан облысы

Айбек Нұғымаров әлемдік Гран-При иегері атанды

Маусым айының 14-16 күндері Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданында «Тұғыры биік Тарбағатай» атты фестиваль өтті. Фестиваль аясында қазақ күресінен Ырғызбай Досқанаұлы атындағы әлемдік Гран-При турнирі ұйымдастырылды

Барқытбелдің баурайында дүбірлі той өтіп, төл өнеріміз төрге озған күн болды. Жуықта ғана екі дүркін «Қазақстан барысы» атанған Шығыстың бас балуаны Айбек Нұғымаров енді міне Ырғызбай Досқанаұлы атындағы әлемдік Гран-Приді жеңіп алды деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Маусым айының 14-16 күндері Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданында «Тұғыры биік Тарбағатай» атты фестиваль өтті. Фестиваль аясында қазақ күресінен Ырғызбай Досқанаұлы атындағы әлемдік Гран-При турнирі ұйымдастырылды. Осымен жетінші мәрте жалауын желбіреткен білектілер бәсекесіне дүниежүзінің отызға тарта елінен 90 балуан қатысып, үш салмақ дәрежесі бойынша өзара мықтыны анықтады.

Ең алдымен бозкілемге 70 келі тартатын балуандар шықты. Жеңіл салмақтағы спортшылар арасында қола жүлдеге Молдавия елінің намысын қорғаған Геордже Року қол жеткізсе, күміс медаль отандасымыз Өскен Төлеубековтің еншісіне бұйырды. Ал осы салмақтағы алтын медаль грузиялық бозкілем шебері Звиад Одошешвилидің кеудесінде жарқырады.

Сол сияқты 80 келі салмақтағы бәсекеде үшінші орынды қазақстандық Бекзат Манасбаев иеленсе, күміс жүлде грузин Каха Момулашвилиге бұйырды. Бұл салмақтағы бірінші орынды Тәжікстан спортшысы Хамроз Раджабо жеңіп алды.

Бәрінен де 80 келіден жоғары салмақтағы алыптардың белдесуі қызықты болды. Финалға шыққан қос мықты Айбек Нұғымаров пен өзбек балуаны Мухсин Хисомудинов жанкүйерлер делебесін қоздырған аса тартысты белдесу өткізді. Дегенмен қиқуға қиқу қосқан қалың жанкүйердің қолдауы рухтандырмай қойсын ба?! Намысы қозып, жігері тасыған Айбек балуан қарсыласын ұпай айырмашылығымен ұтып, осы турнирдің түйе балуаны атанды. Күміс медальді өзбекстандық Мухсин Хисомудинов місе тұтса, грузиялық Георджи Катарадзеге бұйырғаны қола болды.

- Шығысқа, оның ішінде Ақсуаттай ауылға әлемнің отызға тарта елінен спортшылар келуі үлкен жетістік. Иә, қазақ күресі жылдан-жылға танымал болып келеді. Бұл қуанарлық жайт. Осы жолы бағым жанып әлемдік Гран-Приді иелендім. Қарсыластарым да осал болған жоқ әрине, – дейді турнир жеңімпазы Айбек Нұғымаров.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір