• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 03:42:54
Алматы
+35°

Мен Қазақстан Республикасының қарапайым азаматымын. Саясатпен араласпаймын, ешқандай партияда жоқпын. Бірақ қал-қадірім келгенше көгілдір экраннан жаңалықтарды жібермеуге тырысамын.

Сондай-ақ «Айтуға оңай», «Ашығын айтқанда», «Әйел бақыты» бағдарламаларын қызығып көремін, көріп қана қоймай кей сәттерде жеке пікіріңді де айтқың келеді. Оның үстіне мен халық аузында «оппозициялық газет» деп аталып кеткен «Жас алаш» пен кезіндегі «Дат» газетінің ұрпағы «Дат-Общественная позиция» газеттеріне де көз жүгіртіп қоямын. Мен халықтың  «оппозиционерлерді» «халық жауындай»  көріп, оларға үрке қарауларына түбегейлі қарсымын. Себебі «оппозиционер» деген менің түсінігімде жағымпаздануды білмейтін, арамдықты жандары сүймейтін, ойын бүкпесіз айтатын, тік сөйлейтін адамдар. Оларды  негізінде біздің қоғамымыздың «самал желі» деп есептеуіміз керек. Самал жел болмаса ауа қалай ластанатыны сияқты, олар болмаса біздің қоғам мүлдем тазармастай болып ластанып кетуі әбден ықтимал ғой. «Опозиционерлерді» «халық жауларына» теңеп халқымызға қарсы қойып жүрген биліктегілер мен кейбір жағымпаз саясаткерлеріміз деп ойлаймын.

Ал енді әңгімемді  «тоқал туралы» деп бастағаннан кейін негізгі әңгімеме көшейін. Біздің елімізде «тоқал алу мәселесі» бұқаралық ақпарат құралдарында, көгілдір экранда жақсы көтеріліп, оның ішінде атап айтатын болсақ, өз бағдарламарында Бейсен,   Алмас бауырларымыз және Ләйлә қарындасымыз әр саланың адамдарының жеке пікірлерін айтқызып, өте жақсы талқыға салды. Осы мәселені қателеспесем депуттатарда талқылап, өтірік айтпасам депутат Гулжан апайымыз болуы керек «онда бізде екі байға тиейік» деп айтып салғаны бар болатын. Дұрыс қой әркім өз ойын ашық айтқаны, өйткені біздің елімізде демократия ғой.

Негізінде мен тоқал мәселесін сол айтқандардан артық айтып, болмаса солардан артық талқылаймын деп ойламаймын. Бірақ мен әңгімемді арыдан қозғап, кейін беріге оралып ойымды қортындылай жатармын. Біздің ата-бабамыз бір шеті Алтайдан  бір шеті Атырауға  дейінгі  аралықтағы  «ұшқан құстың қанаты талатын, шапқан тұлпардың тұяғы тозатын» осыншама ұлан-ғайыр  жерді бар байлығымен бүп-бүтін күйінде қалай бізге, артында қалған  ұрпақтарына аманаттап тастап кетті екен деген заңды сұрақ туады. «Аманатқа қиянат жасамайық» деп, жауап іздеп ертегілер мен батырлар  жырын оқитын болсақ, аңыздарды оқып, тарихты зерттесек, ақын-жазушыларымыздың атақты тарихи триллогиялары мен романдарын оқысақ іздеген жауабымызды тапқандай боламыз. Ол кезде «ердің екі сөйлегені өлгені» деп екі сөйлемеу, «антты арамза ғана бұзады» деп  антты бұзбау,  «қылыш үстінде серт жүрмейді» деп сертке берік болу, «нар тәуекел ер ісі» деп, қандай жағдайда болмасын тәуекелге бару,  «жетімін жылатпау, жесірін қаңғыртпау»  әр адам үшін қазіргі тілмен айтсақ «жазылмаған заң» болған. Оның үстіне  сол жаугершілік заманда ұлтарақтай жерімізді жауға  бермес үшін «ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен, ақ алмастың жүзімен» қорғап қалған ата-бабамызға құрметтің қандай түрін болсада көрсетіп, басымыз жерге жеткенше иіліп тағзым етсекте артық емес қой. «Өлі разы болмай тірі байымайды» дегендей. Шын мәнінде сол кездегі марқұмдардың көбі өз ажалдарынан өлген жоқ қой. Ол кезде ел үшін, жер үшін сарбаздар мен батырлар  ғана  ажал құшпаған, солармен қатар  сардарлар, байлар, билер, сұлтандар  мен хандарда бастарын  бәйгеге тікті ғой елім, жерім деп. Ал қазір қалай...

Қазір біз атадан қалған мақалдың  өзін дұрыс қолданбай жүрміз. Сөзіміз дәлелді болу үшін фактіге жүгінейік. Мысалы «аға өлсе іні мұра» дейміз, жоқ бұл дұрыс емес,  дұрысында ол «аға өлсе жеңге мұра, іні өлсе келін мұра» болады, біз солай дұрыстап  қолдануымыз  керек. Себебі бұл жерде аталарымыз сол кездің өзінде асқан даналықпен, аса көрегендікпен  «жетімін жылатпау, жесірін қаңғыртпау» саясатын ұстанған. Осы саясаттың астарында тоқал мәселесі де өзінен-өзі шешіліп жатқан. Сол кезде ру ақсақалдары, ауыл ақсақалдары бола отырып, жесір қалған әйелге жағдайды барынша түсіндіріп, қайын ағалалары мен қайныларының қайсысын таңдайтынын сұрап, таңдау еркін  жесір әйелдің өзіне берген. Өзінің және баласының болашағын ойлаған әйел қайын ағасы бола ма, қайнысы бола ма өзі қалаған біреуінің етегінен ұстап жесіріліктен құтылған. Сонымен қатар бұл жерде бала ешқандай жетімдік көрмеген, керісінше кілең ағайын-туыстарының арасында қайтыс болған адамның  «бәленшекенің көзі, тұяғы»  деп назарда болып, еркін және ерке өскен. Ағайындарының бірі ат құлағында ойнауға, бірі найзагерлікке, бірі садақшылыққа, бірі қылышкерлікке баулып баланы  нағыз мықты жауынгер етіп тәрбиелеп шығарған. Ал қазір қалай ...

Алысқа бармай-ақ үш жүздің басын қосқан хан Абылай атамыздан бастап айтсақ та жеткілікті болар. Әрине  Абылай атамызда атақты бабаларының салып кеткен  сара жолымен жүрді ғой. Сол Абылай атамыздың дәуірінде, жаугершілік заманда қазақтың негізгі төрт олжасы болған екен.  Олар «қатын олжа, бала олжа, мал олжа, қару-жарақ пен сауыт-сайман олжа». Жеңіске жетіп жауын тізе бүктірген соң, тұтқынға түскен жаудың қыз-келіншектерін байлап-матап, жас балаларын ертіп, малдарын айдап, қару-жарағы мен сауыт-саймандарын  артып алып  мол олжамен елге оралатын болған. Соғыста көрсеткен ерлігі мен еңбегіне сай олжа жауынгерлердің арасында өз ара бөліске түсіп, қалғаны халыққа қылдай бөлініп берілген. Бұл жерде де тоқал мәселесі мен әртүрлі жағдайларға  байланысты үйленбей  жүріп қалған  «сүр бойдақтар»  мен қатыны өлген «салт басты сабау қамшылылар»  мәселесі де өз шешімдерін тауып жатқан. Жаудан тұтқын болып олжаға түскен қыз-келіншектердің таңдаудан кейінгілері сол сүр бойдақтар мен қатыны өлгендерге бұйырып, ал бойдақтарға әйелмен қоса енші бөлініп, басына үй тігіліп, алдына олжадан мал салынатын болған, атап айтқанда ұсақ мал, сауын сиыр, малға  мінетін  көлік, жауға мінетін ат, көш көлігі түйе  қоса берілген. Осылайша бойдақтар мәселесі де оңай  шешілген. Олжа балалардың аттары өзгертіліп, қазақша аттар қойылып, қазақтың баласы болып шыға келген. Абылай атамыз армандайды екен «шіркін-ай ең аз дегенде бес жыл бейбітшілік бола тұрса ғой» деп, ондағысы сол кездегі олжа балалар ержетіп, атқа қонып өз еліне енді жауы ретінде шабатын болған. Ал қазір қалай...

Қазір біз «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деп салт-дәстүрімізге үрке қарайтын  болдық. Біз алдымен дәстүрдің қайсысы озық, қайсысы тозық екенін дәлелдеп,  нақтылап, анықтап алуымыз керек. Негізінде тоқал алу мәселесі ертеден келе жатқан салт-дәстүр, әдет-ғұрып,  ешқандайда  таңсық және криминалдық  жағдай емес. Бұл жердегі ең басты шешімін тапай тұрған күрделі мәселе, ол тоқал алған адам бірінші әйелімен заңды түрде  сот арқылы ажыраспайынша сондай-ақ  неке бұзу туралы куәлігін алмайынша тоқалымен АХАЖ бөлімі арқылы  заңды некеге отыра алмайды. Сонымен қатар бұл жерде ашығын айтуымыз керек, мұрагерлік мәселесі тағы бар, тоқал алатын адамның байлығы атап айтқанда жылжыйтын және жылжымайтын мүліктері, ақша қаражаты. Сол байлыққа тоқал алатын адамның әйелі және бала-шағасы тоқал мен оның келешекте дүниеге келетін балалары ортақтасып таласады деген күдікпен бірінші әйелі күйеуінің, балалары әкесінің тоқал алуына оңайлықпен келіспейді.

Бұл әрине менің жеке пікірім. Бұл жағдайды реттеудің және тығырықтан шығудың бір ғана жолы бар. Ол үшін тоқал алатын адам әйелімен ұрсысып-қырқыспай, бала-шағасына сүйкімсіз болмай, әйелімен сот арқылы  ажыраспай,  сот арқылы заңды некесін бұзбай, бірінші әйелімен арадағы заңды некені сақтауы керек. Егер бірінші әйелмен арадағы  заңды неке бұзылмаса, тоқал алатын адам мен тоқалдың арасындағы неке қалай заңдастырылуы керек деген сұрақ әркімді-ақ  мазалап тұрған шығар. Оныңда жолы бар, жауабы былай, мысалы облыстар мен аудандар жабылып, екі облыс және екі аудан біріктірілген кездерде мекемелерге «№2 қалалық соты, №2 аудандық соты, №2 аудандық ауруханасы» деген сияқты нөмір берілген болатын, тура сол сияқты егер жанұясы бар адам тоқал алатын болса онда тұрғылықты жері бойынша қалалық немесе аудандық АХАЖ бөлімдерінде олардың заңды некелерін тіркеп, оларға басқа  «№2  неке қию туралы куәлік» беру қажет. Сонда мәселе өзінен-өзі шешіледі деп санаймын. Себебі тоқал алатын адам әйелін «ажырасқан» деген атқа қалдырған жоқ, балаларын «тірі жетім» жасаған жоқ, барлық байлыққа байланысты ең күрделі мәселе «мұрагерлік құқықтан»  айырған жоқ.

Әрине бұндай жағдай дүние жүзі елдерінде жоқ шығар. Бірақ біз бастайық, ештеңеден қорықпайық, атамыз қазақ айтқан ғой «көрген-көргенін істейді, көсеу түрткенін істейді» деп, неге біз көргенімізді ғана істеуіміз керек. Арақ ішуді, шылым шегуді, есірткінің барлық түрін қолдануды үйрендік қой ешкімнен рұқсат сұрамай-ақ. Қажеттілік болып жатса сол дүние жүзі елдері бізденде үлгі алсын, қашанғы біз олардан ғана үлгі алуымыз керек.

Сөз соңында айтарым:  келешекте еліміздің егемендігін  еркін ұстағымыз келсе, көк туымыздың тұғыры мықты болып, талмай толассыз желбіресін десек, көзді жұмып-ап өзгенікін көшіре бермей, «қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген аталы сөзден қорытынды шығарып, өз барымызды өшіре бермей, алға ұмтылып, батыл қадамдар жасап, өз атымыздан, өз жанымыздан біз де түпкілікті  шешімдер қабылдап үйренейік ағайын.

Авторы: Сержан  Қайырбекұлы

ШҚО

Тарбағатай ауданы

Ақжар ауылы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір