• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Қараша, 08:07:22
Алматы
+12°

22 Маусым, 2019 Ғылым-білім

Танымал журналист жаңа тағайындалған министрдің шешіміне қарсы шықты

Отандық белгілі журналист Мәди Манатбек жаңадан мәдениет және спорт министрі болып тағайындалған Ақтоты Райымқұловаға қарсы шықты.

Ол министрлік басшысының бірқатар қазақ сөздерін ауыстыру жөніндегі шешімін құптамайтынын ашық айтты деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Мәди Манатбек министрдің қазақшаға аударылған терминдерді қайта бекітуіне қатысты пікірін Instagram парақшасында білдіріп, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады.

"Құрметті, Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Ел биліктің әр сөзін аңдып, әр ісін бағып отыр. Дәл қазір піспеген шешімді асығыс қабылдай салатын кез емес. Елмен санаспаса, ортаға салмаса болмайды.

Қоғамды дүрліктірген мәселенің бірі, мәдениет және спорт министрі болып кеше ғана тағайындалған Ақтоты Райымқұлованың қазаққа сіңіп кеткен аударма сөздерді қайтадан орысша нұсқасына ауыстырамыз деген шешімі.

Қоғамның талқылауына салмай, пікірін білмей бұлай істеуге оның моральдық хақысы жоқ. Онсыз да елеңдеп отырған елді, осы бір ойсыз қадам жайсыз күйге түсірді. Осының өзінен кешелі-бері «билік қазақты құртуға біржола көшті, тілден айыру – елден айыру, бұған шыдауға болмайды» деген сияқты пікірлер қызу талқыланып жатыр.

Былайша айтқанда жоқ жерден мәселе шығарып, елдің наразылығын қолдан тудырып отырсыздар. Сізге шынымды айтайын. Өз басым «сынып», «мұражай», «пайыз», «әнұран», «мұрағат», «мейрамxана», «қолтырауын», «ұшақ», «ақау», «әлеует», «ота» деген сөздерге үйреніп қалдым. Самоварды самаурын дейтініміз сияқты бұл сәтті аударылған, отыз жылдан бері санаға сіңген сөздер. Аударылғаны бар, бұрыннан қолданылып келе жатқаны бар, бұл сөздерге қазақ әбден үйренді. Кеңестік дәуірде қалыптасқан аз ғана топқа қазақыланған атаулар ұнамайды екен деп ауыстыра салуға мен қарсымын.

Басшы айтса болды ел қоштайды дегенді де қою керек.

Ал "сымтетік", "қылтима" деген сөздерге келсек, бұны ел қабылдамады, сондықтан олай айтпайды да. Бұл шешімнен қайтпаймыз дейтін болсаңыздар, «класс», «музей», «гимн» деп өздеріңіз айта беріңіздер. Бірақ қазақша баламасына тиіспеңіздер. Гимн деп те, әнұран деп те айта берейік.

Бұл тілімізді байытпаса кемітпейді. Тіл комитеті, терминком, тіл институтының мамандары сіздерге бағынышты болғандықтан үнсіз келісіп отырған болар. Бірақ іштей олар да наразы.

Сондықтан тілді тұқыртып, елді түртпектей беруді қою керек. Тым болмаса елдің талқылауына салыңыздар. Жаны ашыған әр адам пікірін білдірсін, талқылауға қатыссын. 

Тіл - ұлттың жаны. Тіл, жер, тәуелсіздік мәселесінде отпен ойнауға болмайды" делінген жазбада.

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір